Жарнама
Жарнама

Атақты футболшылар өмiрден неге жерiдi?

19.01.2011, 21:03
Жарнама
Жарнама

немесе өмір мен өлім айқасқанда

Үлкен-кiшiнiң есiн алған футбол ойыны өзі жаратылғаннан бері әлеуметтiк құбылысқа айналып кеттi. Жасыл алаңның шаңын шығарған жаңа есiмдер пайда болды.

futbolӘйтсе де кешегi жанкүйер үшiн бұрынғы футболшылар қашан да ыстық. Кеңестiк кезеңдегі жасыл алаңдағы ойыншыларды күнi бүгiнге дейiн iздейтiнiмiз де сондықтан. Бүгiнгi жанкүйерлердiң кейбiрi олардың атын атап, түсiн түстеп бере алмасы да анық. Жасыл алаңда атой салғанда алаңның төрт бұрышын жүрiсiнен шалындыратын Давид Кипиани, Эдуард Стрельцов, Виктор Аничкин, Виталий Дараселия, Анатолий Кожемякин, Михаил Булгаков, Анатолий Банишевский, Неттоларды ең болмағанда алдағы футболдан өтетін әлем чемпионатының алдында бiр мәрте еске алып қойсақ, артық болмас едi.

Футбол – адам өмiрiнiң бiр белесi. Бүгiнгi адам қиялынан да жүйрiк техника алаңдағы ойыншының 90 минут бойы қанша шақырым жол жүрiп өткенiн, қанша торсық тер төккенiн де есептеп шығарып отыр. Демек, футбол – бiр ғана ойын емес, оның өмiр екенiн де дәлелдеудiң қажеттiгi шамалы. Жоғарыдағы футболшылардың бәрi өз жанкүйерлерiнiң сүйiктiсi едi. Алайда олар да ет пен сүйектен жаралған. Өмiрде өздерiне ғана тән қателiктерi болуы мүмкiн, бiрақ олардың бәрi алаңнан тыс, кейбiрi ерiксiз, ендi бiрi мәжбүрлi түрде өмiрден өткен. Өмiрде бәрi де Жаратқанның жазуымен болады, өз тағдырыңнан құтыла алмайсың. КСРО спорт шеберi, әлем футболшысы Давид Кипианидiң мезгiлсiз өлiмi сол кездерi ашық жазылмады. Кiсi қолынан болмаса да әлеуметтен жасырылды. «Темiрден болар көлiгiң, темiрден болар өлiмiң» деп Майқы би айтқандай, Давид Кипианидiң ажалы көлiк апатынан болды. 49- дың иiнiнен өте алмаған атақты футболшы 1951 жылы 18-қарашада Тбилиси қаласында дүниеге келген. Он жетi жасында «Динамо» клубына қабылданған Кипиани өмiрiнiң соңына дейiн Грузияның ұлттық құрама командасына басшылық жасады. «Динамо» командасының құрамында 15 жыл ойнап, 245 кездесуде 108 голдың авторы атанды. 1978 жылы КСРО чемпионы, бiр рет күмiс, бес мәрте қола медальды жеңiп алған. КСРО Кубогының 1976, 1979 жылғы Еуропа кубогының 1981 жылғы жеңiмпазы. 1976 жылғы Еуропаның жастар арасындағы жеңiмпазы, 1977 жылғы КСРО-ның таңдаулы футболшысы. КСРО Құрамасының сапында 19 ойынға қатысып, 7 голдың авторы атанған. Өмiрден аларымыз оған бергенiмiзге тiкелей тәуелдi болып жатады. Бiрақ өмiр жеңiлгендер үшiн, әрине, сый емес. Десек те тағдыр сыйлаған сыйды жасыра алмайсың.

kipiani_01Ағылшындар Давид Кипианиды алаңнан көргенiне қалай қуанса, оның аяғына iлiнген доптан зәресi қалмаған. Талғампаз ағылшындар оны жалтырбас генерал десе, динамолық әрiптестерi Давидтi – профессор атап кеткен. Адамның өмiрден алары өз тiлегенiнен қашанда аз десек те, оның атақ-даңқы көзi тiрiсiнде-ақ төрткiл дүниенi шарлап кеттi. Жанкүйерлер Кипианиды голландтық Йохан Кройфпен теңестiрсе, ендi бiрi оны немiс Франц Беккенбауэрге ұқсатып жатты. Бiрақ Давид Кипиани алаңдағы ойынымен де, өмiрдегi адамгершiлiк мiнезiмен де өзiне ғана тән орны болды. Ол футбол алаңында өз бойындағы барлық потенциалын толық пайдалана алмады. КСРО құрамасының сапында жаттықтырушылар Бесков пен Лобановскийдiң тактикалық схемасына кiрiге алмады. 1982 жылы ауыр жарақат алуына байланысты 31 жасында үлкен футболмен қош айтысып, жаттықтырушылық қызметпен айналысады. Кипианидың «Динамодан» кетуiнен соң, команданың ойыны әлсiрейдi. 1984-1990 жылдары Давидтiң бiрнеше рет «Динамо» командасынан түрлi себептерге байланысты қол үзуiне тура келедi. 1992-1993 жылдары ол Грецияға кетiп, жергiлiктi «Олимпиакос» командасын жаттықтырады. 1995-1997 жылдары Грузияға қайта оралып, «Динамо» клубын ел чемпионатында қатарынан үш жыл чемпиондыққа жеткiзедi. Өмiрде ащының дәмiнсiз ешқандай рахат жоқ. Кипиани де өмiрдiң алғашқы ащы дәмiн алыстағы Австралияда татты. Қонақжайдағы бассейнде суға батып бара жатқан Кипианиды байқап қалған Манучар Мачаидзе суға секiрiп, оны аман алып қалады. Алайда 2001 жылы 17-қыркүйекте екiншi рет атақты футболшыны өлiмнен аман алып қалу ешкiмнiң қолынан келмедi. Кутаиси қаласынан Тбилисиге қайтып келе жатқан сапарында атақты футболшы астанаға 30 шақырым жетпей Чардахи селосында «Мерседес – Бенц» автокөлiгiмен жол шетiндегi ағашқа соғылып, ауруханаға жеткiзiлген сәтте қаза табады. Кейде адам өмiрде рахат емес, бейнет үшiн өмiр сүретiн көрiнедi. Кейде ол адамды еркiнен тыс әбiгерге де түсiредi екен. Давид Кипиани де өмiрiнiң соңын жан қиналысымен өткiзгенi байқалады. Оның өзi құрметтейтiн досы Нодар Ахалкацидiң Мәскеуде көлiкте келе жатып, жүрек талмасынан қайтыс болуы атақты футболшының да жүрегiне салмақ түсiрген сияқты. Бертiн келе Кипанидың өмiрiн зерттеушiлер оның рөлде келе жатып, қалта телефонымен сөйлесiп отырғанында жүрек талмасына ұшырағанын айтады. Қалай десек те ол өз iсiне көп көңiл бөлiп, өзгенiң тiршiлiгiне аз араласқанда, бұдан да ұзақ өмiр сүрер ме едi… Өткен ғасырдың соңғы ширегiнде бiрнеше футболшының өлiмi дәл сол темiрден болды. 1982 жылы 13 желтоқсанда Тбилисидiң «Динамо» және КСРО құрама командасының белдi ойыншысы Виталий Дараселия да жаңадан алған темiр тұлпарының «ащы терiн» алу кезiнде тау шатқалындағы жолда биiк құздан құлап, сол мезетте мерт болған. Дараселияның жанында отырған тәжiрибелi нұсқаушы апат болған жерден табылған, ал футболшының өлi денесi араға 13 күн салып сол маңдағы көлден табылған. Виталий апатқа ұшырағанда небәрi 26 жаста болыпты. Араға 10 жыл салып бұл оқиға тағы қайталанады. 1991 жылы Мәскеу–Ленинград шоссесiнде ЦСКА командасының қақпашысы Ресей чемпионы Михаил Еремин де 23 жасында жол апатынан қайтыс болады. Өмiрде алаңдағыдан да таңқаларлық оқиғалар болып тұрады. Жаңа көлiк, бiр айналымға жетпей, жарты жолда доңғалағы жарылады. Бағытынан айрылған көлiк қарсы бетке шығып кетiп, апатқа ұшырайды. Футболшының жанында отырған досы сол сәтте қайтыс болып, Еремин ауыр жағдайда ауруханаға жеткiзiледi. Бiр аптадан соң Михаил Еремин тiлге келместен ауруханаға төсегiнде жан тапсырады. Өмiрi жарқын да елеулі өткен жандар ешқашан да ұмытылмақ емес. Еремин қайтыс болған соң, Ресейдiң алтын медалiмен марапатталды.

Жалғасы бар... Азат ҮСЕН

Жарнама
Жарнама

Новости партнеров