“Атлетик Бильбао” Испания Суперкубогіне таласта каталондық “Барселонаны” қосымша уақытта 2:3 есебімен жеңіп, суперкубоктың иегері атанды.
“Барселона” сапынан Антуан Гризманн дубль (40’, 77’) авторы атанып, бильбаолықтар қатарынан Оскар де Маркос (42’) пен Асьер Вильялибре (90’) негізгі уақытта көзге түссе, Иньяки Уильямс овертаймның 94 минутында жеңісті голды соқты. Ал 120 минутта Лионель Месси төрешінің қызыл қағазымен “марапатталды”.
“Ақ-қызылдар” жартылай финалда мадридтік “Реалды” тізе бүктіргені (1:2) бәріңізге мәлім. Осылайша Испания футболының қос алыбын жеңген Марселино шәкірттері бесінші мәрте суперкубокқа таласып, соның үшеуінде жеңімпаз атанды. Осыған дейін 1984, 2015 жылдары алдына жан салмаған. Сол 2015 жылы да “арыстандар” “блаугрананы” жеңген еді.
Ал “Барселона” 24 рет суперкубокта бақ сынап, 11 мәрте жеңілістің ащы дәмін татса, 13 рет қарсылас шақ келтірмеген.
Біздің серіктес: FONBET