Сербия чемпионатында жаттықтырушы мен басшылықтың түсініспеушілігі салдарынан қиын жағдайға тап болған Белоруссиялық легионер Қазақстанға келуі мүмкін, деп хабарлайды Aladop.kz.
“Мұнайшылар” трансферлік нарықта кезекті батыл қадамын жасамақ. Сербиялық “Раднички Ниш” клубында ойын уақытынсыз қалған 24 жастағы Беларусь вингері Олег Никифоренко мансабын Қазақстан Премьер лигасында жалғастыруға жақын.
Ухо телеграм арнасының мәліметінше, Никифоренконың Сербиядағы жағдайы өте қызық әрі өкінішті қалыптасқан. Клубтың спорттық және бас директорлары футболшыны бас бапкердің келісімінсіз өз беттерінше сатып алған көрінеді.
Команданың грек бапкері Такис Лемонис құрамға тағы бір сол қанаттағы шабуылшы қосылғанын көргенде таңғалысын жасыра алмаған. Бапкер басшылықтың бұл шешіміне наразылық ретінде Никифоренконы соңғы 6 матчтың бірінде де алаңға шығармай, ойыншыны үнемі қосалқы құрамда қалдырған. Футболшыға ашық түрде “мұнда саған орын жоқ, басқа клуб ізде” деп ескерткен көрінеді.
Қазіргі уақытта әлемнің көптеген елдерінде трансферлік терезе жабылып қалған. Тек Қазақстан мен Беларусьте ғана ойыншы тіркеу мүмкіндігі әлі де бар. Сондықтан Олег Никифоренко үшін “Атырау” — мансабын сақтап қалудың таптырмас мүмкіндігі.
Біздің серіктес: FONBET