Жарнама
Жарнама

Ауысым терезесі маусымда ашылмақ

28.05.2012, 08:14
Жарнама
Жарнама

Қазақстан премьер-лигасында кішігірім тұрақтылық орнай бастаған секілді. Көш басында келе жатқан қостанайдың «Тобылы» турнир кестесіндегі өз орнын сақтап қалды. М.Беранек шәкірттері екінші жеңісіне қол жеткізді. Басты сенсация Көкшетауда тіркелді. Көш соңында келе жатқан жергілікті команда «Таразды» айқын басымдықпен жеңіп кетті. Жалпы ХІІ турда оңтүстіктік командалардың жолы болмаған секілді. Ал ең бір қызығы өз алаңында ойнаған командалардың барлығы ұпай еншілеп, жеңіске жеткен. Тек «Сұңқар» ғана «Қайсармен» ұпай бөлісті.

Остапкенконың ерлігі

«Астана» — «Ақтөбе» 1:0 (0:0)

Гол: Остапенко 52 (1:0) «Астана»: Эрич, Дмитренко, Рожков, Мұхтаров, Лазаревски, Кристиан, Кетевоама, Қонысбаев (Нұрдәулетов 82), Нөсербаев (Әлиев 65), Шахметов, Остапенко (Прокопенко 88) «Ақтөбе»: Сидельников, Бадло, Костич (Тілешев 73), Смақов, Байер, Хайруллин, Илич (Дарабаев 56), Лисенков (Мирошниченко 71), Логвиненко, Климавичюс, Малетич Төрешілер: Антонов (Павлодар), 27 мамыр. Астана. «Астана-Арена». 6000 көрермен. Елордалық ұжым жаңа бапкер келісімен түзеле бастады. Соңғы ойындардың барлығында жақсы нәтиже көрсетуде. Осы ойында да жеңіске жетуді қалаған астаналықтар, адуынды «Ақтөбеге» төтеп бере алды. Қарымта шабуылдардың бірінде жолы болған елордалықтар Сергей Остапенконың керемет соққан голынан кейін алға шықты. Әдемілігі жағынан еш сын келтірмейтін осы гол ойындағы жалғыз, әрі жеңісті доп болып шықты. Бұл ойын барша республика көрермендеріне «Қазақстан» ұлттық арнасында тікелей және қайталау қалыбында көрсетілді. Отандық телевизия саласының ел футболын насихаттаудағы бұл жаңалығын оңды қадам деп бағалағанымыз жөн.  

«Тобыл» ағысын түзеді

«Тобыл» — «Ордабасы» 1:0 (1:0)

Гол: Мвесигва 28 автогол (1:0) «Тобыл»: Петухов, Концевой, Джоннес, Аверченко, Шливич, Жұмасқалиев, Куртиши (Қуантаев 89), Волков, Кислицын, Костюк (Малышев 81), Жолшиев «Ордабасы»: Бекбаев, Мвесигва, Трайкович, Пахолюк (Адырбеков 67), Карпович, Әшірбеков, Гуйе (Джилас 74), Касьянов, Қожабаев (Сүйімбаев 84), Тәжімбетов, Арури Төрешілер: Соколов, (Астана), 27 мамыр. Қостанай. Орталық. 7000 көрермен. Көш басында келе жатқан қостанайдың «Тобыл» командасы ХІІ турда маңызды жеңістерінің біріне жетті. Өткен турда сырт алаңда «Таразға» есе жіберген команда тағы да бір оңтүстіктік ұжымды өз алаңында қабылдады. «Ордабасы» осал қарсылас емес екендігін В.Грозный шәкірттерінің құлағына құйып қойғандай. Ойын басталысымен алаң иелері ойынды өз қолына алуға тырысты. Алғаш болып бұрыштама добын да орындады. Алаңға жиналған 7000 жанкүйердің алдында Жұмасқалиев бастаған жігіттер барын салып-ақ бақты. Қос команда да оңтайлы тұсты оңынан пайдаланып қалуға тырысты. Әсіресе алаң иелері күтпеген шабуылдар ұйымдаструмен болса, «Ордабасы» ойыншылары қауіптің бетін қайтарумен ғана шектіліп отырды. Алаңдағы ойынның 29 минутында шымкенттік команда өз қақпасына доп өткізіп алды. Автогол. Естеріңізде болса, өткен турда «Ордабасы» мен «Ертіс» ойынында қаһарман атанған Мвесигва бұл жолы өз қақпасынан допты алып шығуға мәжбүр етті. Ойын тағдырын да осы доп шешіп кетті. Осылайша 26 ұпай жинаған қостанайлық команда турнир кестесіндегі өз орнын сақтап қалды. Ал қарағандылық «Шахтер» әзірге бір ұпай кем жинап, «Тобылды» өкшелеп келеді.

Өзендердің тартысы

«Ертіс» — «Ақжайық» 3:1 (1:1)

Голдар: Семлер 16 (0:1), Шабалин 33 (1:1), Иванов 75 (2:1), Струков 83 (3:1) «Ертіс»: Лория, Кулибали, Кучера, Говедарица, Шомко, Отабаев (Пархамчук 81), Иванов, Юрин, Шабалин, Эссомба, Бақаев (Струков 55) «Ақжайық»: Цирин, Әлиев, Хлебоун, Валканов, Омаров, Коструб, Азовский, Саджо (Зотов 83), Мальцев (Эрбес 59), Семлер (Семлер 70), Зенькович Төрешілер: Пасько, (Алматы) 27 мамыр. Павлодар. Орталық. 5500 көрермен. Павлодарда жергілікті команда оралдың «Ақжайығын» қабылдады. Соңғы турда екі команда да 3 ұпайды жоғалтқан болатын. Бірі өз алаңында, бірі сырт алаңда. Енді екі командаға да 3 ұпайдың ауадай қажет екені бесенеден белгілі. Керекудегі ойынның 14 минутында қонақтар есепті ашты. Семлердің бағыттаған соққысы қақпа төрінен табылды. Соңғы турларда «Ақжайық» командасы алғаш есепті ашқанмен, жеңіліс тауып келеді. Бұл жолы да сол нәтиже тіркелді. 32-минутта Шабалиннің тоқтатпай бағыттаған соққысын Цирин қайтарып үлгере алмады. Есеп 1:1. Екінші таймда алаң иелері ойындағы басымдықты өз қолына алды. Соның арқасында жеңіске де жетті. 75-минутта Иванов «Ертісті» алға шығарса, 83 минутта Струков есепті еселеді. Осылайша «Ертіс» командасы 21 ұпай жинап, турнир кестесінің төртінші сатысына табан тіреді. Команда келесі турда «Қайратта» қонақта болады.

Финонченко және фанаттар...

«Шахтер» — «Қайрат» 4:1 (3:1) Голдар: Хижниченко 1 (1:0), Недашковский 9 (1:1), Финонченко 38 (2:1), Финонченко 45+1 (3:1), Лунин 47 (4:1) «Шахтер»: Мокин, Парываев, Джидич, Василевич, Киров, Лунин (Майкич 77), Каньяс, Вичюс, Көкеев (Тарасов 70), Хижниченко, Финонченко (Боровский 83) «Қайрат»: Нұрмұхаметов, Гурман, Воротников, Харабара, Левин (Розыбакиев 70), Дафф (Әубакіров 65), Шестаков, Недашковский, Яковлев, Сахалбаев (Мамонов 46), Йованович Төрешілер: Салий (Өскемен), 27 мамыр. Қарағанды. Шахтер. 6000 көрермен. Былтырғы ел чемпиондары, биылғы чемпиондар лигасына үкілеп қосқалы отырған үмітіміз қарағандының «Шахтер» командасы ХІІ турда керемет ойын өрнегін көрсетті. ХІ турда Алматыда қаскелеңдік «Сұңқарда» қонақта болған команда ойын соңында екі доп соғып, жеңістің туын желбіретіп қайтқан болатын. ХІІ турда тағы да Алатау бөктерінің командасы алдынан шықты. Бұл жолы Қарағандыға қонаққа қазақ футболының қайраулы қылышы «Қайрат» келген еді. «Қайрат» командасы қарағандылық командаға қарсы қайратын көрсете алмады. Алаңдағы ысқырықтың жаңғырығы жоғалмай жатып-ақ, алаң иелері есеп ашты десек болады. Хижниченконың баспен бағыттаған соққысын қайтаруға «Қайрат» қақпашысы қауқарсыз болатын. Өз қақпасына жылдам доп өткізіп алған алматылық команда ойындағы басымдықты өз қолына ала бастады. Араға 8 минут салып Недашковский таблодағы есепті теңестірді. «Қайрат» өз ойынын тапқандай болатын. Дәл осы сәтті «Шахтер» бапкері Виктор Кумыков: «Біз алғашқы 20 минутта жеңілдік, және осы сәтті «Қайрат» сәтті пайдаланып, есепті теңестірді» деген екен. Яғни бұл да шындыққа жанасымды. Осыдан кейін алматылық команданың нәтижелі соққылары мен шабуылдары көзден ғайып болғандай. «Шахтер» командасы алаңның ғана емес, ойынның да қожайыны бола бастады. Финонченконың бас-аяғы 8 минуттағы екі голы қарағандылық команданың жеңісін алғашқы таймда-ақ мығымдай түсті. Екінші тайм басындағы Луниннің голы ойын тағдырын түбегейлі шешкен секілді. «Шахтер» қуанышымен бірге, алаңға жүгіріп шыққан жанкүйерді де көзіміз шалды. Бұл да фанаттардың футболға, командасына деген махаббаты болар... Сөз жоқ бұл матчтың қаһармандары - Финонченко және фанаттар... Сонымен екі команда арасындағы статистикаға көз жіберіп көрейік: Доп ұстау көрсеткіші: 48% - 52% Қақпаға бағытталған соққылар: 8 - 11 Қақпадан қиыс кеткен соққылар: 6 - 4 Ойыннан тыс қалу: 3 - 0 Бұрыштама добы: 1 - 3 Сары қағаз: 0 - 2.

«Шопан көп болса, қой арам өледі»

«Оқжетпес» — «Тараз» 3:1 (0:0) Голдар: Махамбетов 71 (1:0), Диакате 78 (1:1), Махамбетов 82 (2:1), Дяк пенальтиден 89 (3:1) «Оқжетпес»: Осипчук, Чудинов (Кучма 46), Милованович, Чучман, Кожушко, Дяк, Янкеп, Чеботарь, Махамбетов, Досмағамбетов (Чагелешвили 85), Самохин (Әлиев 74) «Тараз»: Цветков, Мехмедович, Пртенияк (Лечич 59), Перич (Кенбаев 82), Вукман, Диакате, Кучма, Кургулин, Исламхан, Сергиенко (Бауржан), Муминов Төрешілер: Бобров (Қарағанды), 27 мамыр. Көкшетау. «Оқжетпес». 1500 көрермен. «Тарах» командасы биылғы біріншілікті сәтті бастаған ұжымдардың бірі. «Ақжайық» пен «Тараз» командасы осы маусымның басын керемет бастаған қос ұжым ретінде танылды. Ендігі мәселе осы командалардың қаншалықты ұзаққа шыдас беруі. «Ақжайық» әлі де болса тегеурінін танытып келе жатқан «Таразға» қарағанда осалдау секілді. Тек оралдық командаға тәжірибие жетіспейтін сияқты. Қанша дегенімен де, осы турда «Тараз» командасы да ұтылды. Екі бірдей артқы жартылай қорғаушы бірден алаңға шықты. «Тараз» бапкері Любко Петрович Невен Вукман мен Абдуллай Диакатені алаңға шығарып қорғаныс өтін күшейткісі келді. Бірақ, қазақта «шопан көп болса, қой арам өледі» деген керемет сөз бар емес пе? Осы ойында сол сөздің кебі келді. Қорғанысты күшейтеді деген ойыншылар бір-бірімен түсінісе алмай, алаңда абдырап қалып жатты. Соның салдарын керемет пайдаланған Абылай Махамбетов Көкшетау жанкүйерлерін гол соғып бір желпінтіп тастады. Дегенмен, қарымта шабуылдарды жақсы пайдалана алатын «Тараз» жігіттері ойынның 78-минутында есепті теңестірді. Диакате соққан голдан кейін көпшілік есепті осылай қалады деген болатын. Бірақ, осы кеште көкшеліктерге ұпай қажеттірек болған еді. Аблай Махамбетовтың белсенділігі дубльге ұласып, Дяктің пенальтиден соққан голы жанкүйерлерге керемет көңіл күй сыйлады. «Оқжетпес» командасы ара-тура жеңіске жетіп қоятын команда. Өткенде «Астананы» сырт алаңда ірі есеппен ұтса, бұл жолы өз алаңында «Таразды» талқандады. Команданың бұл жеңісі ойыншыларға да, жанкүйерлдерге де кішігірім болса да көмек болатыны сөзсіз.  

Жаңбырдан кейінгі шұғыла

«Атырау» — «Жетісу» 2:1 (0:0) Голдар: Юнузович 78 (0:1), Шафф 81 (1:1), Овшинов 89 (2:1) «Атырау»: Бойченко, Овшинов, Куцов, Тркуля, Самченко (Сигурдсон 46), Миланкович (Нивалдо 75), Семенов, Чуреев, Фомин, Бикеев (Сараев 46), Шафф «Жетісу»: Логиновский, Михайлов, Даутов, Мұқанов, Коробов, Мужиков (Ковалев 80), Джалович, Скорых, Марич (Нұрғалиев 46, Сариев 83), Щеткин, Юнузович Төрешілер: Гаузер (Петропавловск) 27 мамыр. Атырау. «Мұнайшы». 3000 көрермен. Бұл ойынның өту-өтпеуі неғайбыл дүние болған еді. Атырау қаласында жаңбыр жауып, нөсерлегенде жанкүйер қауым сағына күткен футбол болмайтын шығар деп кері қайта бастаған да болатын. Бірақ, өткінші жаңбыр бір төкті де өте шықты. Батыстағы жанкүйерлер күткен кездесу жалғасын тапты. «Жетісуға» жаңадан келген Слободан Крчмаревич командаға енді-енді өзгерістер әкеле бастаған секілді. Ойын өзгеріп, команда қайтадан жасақталғандай әсер қалдырғанымен де «Жетісудың» ойынның соңында қандай нәтижеде қалатын қалпы сол күйі өзгермеген секілді. Өйткені, әрқашан да жеңіспен бастап, гол соғып, ойынның соңына дейін ұпай еншілеп тұратын «Жетісу» бұл жолы да өзінің «сүйікті» мәнерінде тағы да ұтылып қалды. Бұл жолы босниялық шабуылшы Эдин Юнузович өзінің жеке шеберлігін пайдаланып есеп ашқан болатын. Онсыз да ойын бойы қорғаныста болған «Жетісу» енді соңғы он минутта «Атырауға» мүмкіндік бере қоймас деп сенген едік. Бірақ, тағы да сол бір тағдыр... Осының алдындағы қанша кездесуде осындай жағдай кездесті. Бір сөзбен айтқанда «Жетісу» командасының биыл қолы жүрер емес. Талдықорғандықтар алдымен Шаффтың голынан кейін есепті теңестіріп алса, одан кейін соңғы минутта Овшиновтың соққысын қайтара алмады. Мүмкін кейбір командалар жасағандай құдайыға бір мал сойып, бағыштау да қажет шығар кім білсін.

Алты ұпайдың алысы

«Сұңқар» — «Қайсар» 0:0 «Сұңқар»: Пасеченко, Сабиров, Әмірсейітов, Тонев, Нохунек, Цветкович, Халмуратов, Родригес (Көкеев 75), Андреев (Адамович 69), Бөлешев, Тұрысбек (Сүйінов 61) «Қайсар»: Джоджо, Абдулин, Балтаев, Црногорац, Эсатов, Шмаков (Сытник 61), Сыздықов, Анарметов, Молдақараев, Малков, Тағыберген Төрешілер: Кучин (Қарағанды), 27 мамыр. Алматы. Динамо. 1500 көрермен. Қаскелеңнің «Сұңқар» командасы өз алаңында «Қайсарды» қабылдады. Алматы облысының командасының таңбасында сұңқар құс бейнеленсе, қызылордалықтарда арлан қасқырдың суреті бар. Яғни тау сұңқарлары мен дала көкжалдарының арасындағы футбол ойыны десек те болғандай. Бірақ, осы кездесуді көрген көрермен алаңдағы ойыншылардың қимылынан ешбір сұңқарлықтың да, ешбір көкжалдың да қасиетін көре алған жоқ. Әуелетіп, қалқытып алысқа асырылған пастар да, алаңның кез-келген бұрышында допқа соңына дейін таласып, қарсыластың адымын аштырмай, бас салуда бұл кездесуде орын алған жоқ. Осы ойында «Қайсар» ойыншылары қолдан келгенді көрсеткісі келді. Өйткені егер осы матчта үш ұпай еншілер болса «Сұңқарды» турнирлік кестеде басып озуға да мүмкіндік туатын еді. Мұндай кездесулерді «алты ұпайдың теке тіресі» деп те айтып жатады. 12-турдан кейінгі жағдай О Ұ Т  Ұ   Д         Ұ 1 Тобыл             12 8 2 2 21-11 26 2 Шахтёр          12 8 1 3 23-9 25 3 Тараз                12 7 1 4 13-13 22 4 Ертіс                 12 6 3 3 23-13 21 5 Ақжайық          12 6 1 5 19-16 19 6 Ордабасы        11 5 4 2 15-9 19 7 Ақтөбе              12 5 2 5 14-9 17 8 Астана             11 5 2 4 12-13 17 9 Қайрат             12 4 3 5 13-18 15 10 Атырау         12 4 3 5 11-13 15 11 Сұңқар           12 2 6 4 4-10 12 12 Қайсар          12 3 2 7 9-16 11 13 Жетісу         12 3 0 9 14-25 9 14 Оқжетпес   12 2 0 10 11-27 6 Мергендер Г(Ө) 1 Бауыржан Жолшиев Тобыл 7 (0) 2 Эдин Юнузович Жетісу 6 (0) 3 Андрей Финонченко Шахтёр 6 (0) XIII тур 16 маусым (сенбі) Қайсар – Шахтер Ақтөбе – Сұңқар Жетісу – Астана Тараз – Атырау Ордабасы – Оқжетпес Ақжайық – Тобыл Қайрат – Ертіс

Гол+пас

Осы турдан кейін Қазақстан премьер-лигасы демалысқа кетеді. 16-маусымға дейін ойын өткізбейтін ұжымдар өз қосындарын жаңа ойыншылармен толықтыратыны сөзсіз. Алғашқы айналымда өздерін көрсете алмаған легионерлер еліміз футболымен қош айтысатын да болады. Ең бастысы «Оқжетпес», «Қайсар», «Сұңқар» секілді ұжымдардың қалай күшейетіндігі болмақ. Әзірге қызылордалықтардың ғана осы бағытта қызмет етіп жатқандығын естіп отырмыз.

Ермұхамед МӘУЛЕН,

Өмірбек САНСЫЗБАЙ.

Жарнама
Жарнама

Новости партнеров