Біз журналистер, спортсүйер қауым секілді өзіміздің сүйікті немесе ұнамайтын спортшыларымызға лақап есім ойлап табуға шеберміз. Әсіресе, еуропалықтарды айтсаңшы. Ондағы бірде-бір футболшы екінші атсыз жүрмейді. Олардан үйренген ресейліктер де бұл күндері өздерінің спортшыларын басқа есіммен еркелетуге көшті. Ал, Қазақстанда ше? Міне, «Марафонымыздың» бүгінгі тақырыбында сіздермен бірге біз футболшылардың лақаптары жайлы талқылап көруге тырысамыз.
ФУТБОЛДЫҢ «ШЫҢҒЫС ХАНЫ» КІМ?
Спорттың ішінде әлем жұртшылығы №1 ойын деп бағалаған футболды алар болсақ, мұнда футболшылар лақап есімді мінезінен, келбетінен немесе туған жеріне байланысты «табады». Мәселен, бразилиялық футболшы Эдмундо алаңдағы қайтпас мінезінің арқасында жанкүйерлерден «Аң» деген есімді иеленді. Алайда, алаңда ғана емес, көпшілік ортада да аңға тән қылық көрсетіп жүрген оны бүгінде «Хайуан» дейтіндер көп. Сондай-ақ, аргентиналық Ариэль Ортега футболшы кезінде мінезі тік және қырсық, бір сөзбен айтқанда долы болған. Соның арқасында бүгінге дейін «Есек» болып жабысқан атынан құтыла алмай келеді. Ал, Пол Гаскойн жас кезінде жай ғана «Газа» болатын. Алайда, кейінірек ащы суға мүлдем есі кеткен ол мәңгілікке «Алқаш» болды да қалды. Ағылшын Премьер Лигасын үзбей тамашалайтын футболсүйер қауым «Портсмут» клубының намысын абыроймен қорғап жүрген Нванко Кануды білмеуі мүмкін емес. Сол нигериялық шабуылшы Еуропаға алғаш келгенде өз клубында ең ұзын болған көрінеді. Содан командаластары оның бойына қарап, «Керік» деп атап кетсе керек. Бірақ, бір-екі ойыннан кейін Нванконың африкалықтарға тән жылдамыдығын көріп, «Керік» деген есімін «Шапшаңға» ауыстырыпты. Бүгін Канудың жасы жетті. «Портсмутта» 32-ден асқан футболшылар бірен-саран. Соған байланысты алаңда одан доп сұрағанда командаластары, «Шал», кәне пас бер» деп айқайлап жататынын естімеуге болмайды. Осы лақаптардың ішінде маған бәріненде қатты ұнайтыны туриндік «Ювентустың» жартылай қорғаушысы Павел Недведтікі. Өзінің 36 жасына қарамастан көптеген жас әріптестеріне қарағанда әлдеқайда ширақ қимылдап, еш шаршамайтын оны жанкүйерлер «Энерджейзер» деп атап кеткен. Сондай-ақ, оны чехиялық жерлестері «Дюрассель» дейді. Бәлкім, бұл да жоғарыда айтылған «Энерджейзер» деген сөзден шыққан болар. Бірақ, Недвед «Энерджейзер», «Дюрассель» болмай тұрып, лақап есімдердің басқа да алғы кезеңдерінен өткен көрінеді. Ең бірінші «Павелино» болған Павел, «Парма» клубында жасындай жарқылдап, «Ат» және «Шегіртке» деген есімдерді иеленіпті.
Әңгімемізді үнемі шабуыл шебінде жүріп, алғашқы мүмкіндігінде қақпашыны қапыда қалдыруға тырысып бағатын шабуылшылардың лақап есімдерімен жалғастырсақ. Мадридтік «Реалдың» сұрмергені Раульдің сол клубқа жан тәнімен берілгені соншалық, бүгінде оны жергілікті жанкүйерлер «Мадрид сұлтаны», «Мадрид періштесі» немесе «мәңгілік 7» және «Капитан» деп атайды. Алайда, оны жас кезінде «Балерина» деп еркелеткенін біреу білсе, біреу білмес. Ағылшындық «Ньюкаслдың» сапында жасындай жарқылдап жүрген Майкл Оуенді неліктен «Вундеркинд» деп атағанын білмей дал болғанбыз. Артынша ғаламтордан іздеп қарасақ, Оуен бала кезінде мектепті тәуір-ақ бітірген екен. Сондай-ақ, көпшілік оны «құдіретті тышқан» дейді. Оның мәнін түсіну үшін Майклдың түр-сұлбасы мен алаңдағы нәтижесін бағамдасақ жеткілікті. Мадридтік «Реалдың» тағы бір шабуылшысы Рууд Ван Нистелрой туралы мынадай қызық жайт бар. Ағылшындық «Манчестер Юнайтедтен» Пиреней түбегіне ауысқан ол өзінің бүгінгі командасы «Реал» үшін гол соққан матчтардың ешқайсысында клуб ұтылып көрмепті. Сондықтан, голландтық футболшы гол соққан ойындарда жанкүйерлер стадионда алаңсыз бейқам отыра береді. Оның «Ван-гол» деген мәртебелі атақты иеленуі де осының арқасында. Ал, «МЮ» сапында жүргенде «Ван-голды» қарапайым сөзбен «Ван еркек» деп бағалаған. Дегенмен, бұл есімді «Ван еркек» деп қорлағанша, «Van tһe man» деп ағылшынша атаған әдемі секілді. Жақында өзінің ғұмырнамалық кітабын жазып шыққан Уэйни Руни «Әдебиетші» деген лақап есімді иеленіп қалуы ғажап емес. «Һappіer Collіns» баспа үйімен 12 жылға келісім-шартқа отырған ол сол аралықта өзінің өмірі туралы 5 томдық кітап жазып шығуы тиіс. Жарайды, бір томын жазып тастады делік, ал қалған төрт томын немен толтыратынын білмей журналистер ғана емес, жанкүйерлер де әлек. Ал, егер ол осы миссияны тиянақты атқарып шығар болса, шынында әдебиетші болып кетпесіне ешкім кепіл бере алмайды. Бірақ болашақ «әдебиетші» бүгінде «шрэк», «годзилла», «чебурашка» деген есімдерді қанағат тұтуға мәжбүр. Сіздер «Бати-Гол» атты футболшы туралы естіп пе едіңіздер? «Жоқ» десеңіздер өтірік айтқандықтарыңыз. Себебі, Аргентина футболының жарық жұлдызы Габриэль Омар Батистута туралы білмеулеріңіз мүмкін емес. 1991 жылы Отанын тастап Италияның Флоренция қаласына ауысып, жергілікті «Фиорентина» командасының намысын қорғаған ол өзінің тұсаукесер маусымында-ақ қарсыластар қақпасына 13 гол соғып, қақпашылардың нағыз сұмдығына айналады. Ал, одан кейінгі маусымдарда нәтижесін тек еселеткен ол Италия және Аргентинаның №1 шабуылшысы саналды. Тіпті, 1994 жылы «Фиорентина» Италияның А сериясын тастап, В сериясына ысырылғанда да Омардың баласы қаймыққан жоқ. Алғашқы 11 аптаның барлығында да гол соғып көзге түскен ол шынында да жанкүйерлердің пірі болды. Міне, осы кезден бастап оған мәңгілікке «Бати-Гол» деген есім жабысып, осы күнге дейін қайда жүрсе де бірге келеді. Жалпы «гол» сөзіне байланысты лақаптар біраз таралған. Мысалға, 2002 жылғы әлем чемпионатына дейін Аргентинада «Бати-Гол» сайран құрып келген болса, Италияда бертінге дейін «Пиппо-Гол» ойқастады. Иә, бүгінде «Милан» клубының намысын қорғайтын Филиппо Индзагиді жанкүйерлер дәл осылай еркелетеді.
«Жақсы қақпашы – жарты команда» деген сөзді жанкүйерлер бекер айтпаған. Сондықтан, олар да ешқашан әдемі лақапсыз қалмақ емес. Мәселен, күні кеше ғана үлкен спортпен қош айтысқан «Баварияның» бұрынғы қақпашысын жек көретіндер оны «Құтырған төбет» немесе «Орангутанг» деп атаса, жақтастары жас кезінде дене тұрқына қарап, «Алып» деп «мазақтаған» болса, футбол әлеміне әбден сіңісіп, тәжірибе жинағаннан кейін Кан – «Шыңғыс ханға» айналып шыға келді. Келісесіздер деп ойлаймын, неміс қақпашысын «Алып» немесе Оливер Кан деп жатқаннан гөрі «Шыңғыс хан» деп атаған әдемі. Жақында ғана Еуропаның чемпионы атанып, «Кәрі құрлықтың» үздік қақпашысы деп танылған Икер Касильясты көрермендердің сыйлайтыны сонша, оған «Әулие Икер» деп айдар тағып қойған. 2006 жылға дейін Касильястың құрамадағы бәсекелесі болып келген Сантьяго Канисарес 2002 жылғы әлем чемпионатына да бара алмай қалғанын барлығы білгенімен, неліктен екенін екінің бірі біле бермейді. Сөйтсе, ол былай болған екен. Жапония мен Кореяға аттанарда өзінің жуынатын бөлмесінде сақалын алып тұрған оның аяғына байқаусызда үстел үстіндегі хрустальды ваза құлап кетіп, аяғын тіліп кетеді. Содан Сантьяго біріншілікке бара алмағанымен қоймай, өзіне «Хрустальді аяқ» деген лақапты да жабыстырып алады.
Жалпы, мақаланың әлқисасында айтып өткендей, ресейліктер футболшыларға лақап қоюды еуропалықтардан енді үйреніп келеді. Оның бірден-бір айғағы Аргентина чемпионатында өнер көрсетіп жүргенде шабуылшы Фернандо Кавенагидің «Танк» деген әдемі және «есек» деген ерсі есімі бар еді. Ресейге келгенде екеуі де өткен шақтың еншісінде қалып, жай ғана «Кави» болып шыға келді.
ҚАЗАҚТЫҢ «ДЕСАНТЫ» КІМ?
Рас, Қазақстанда да футболшыларға лақап ат қою бұрыннан бар үрдіс. Оған кезінде 1980 жылдары «Қайраттың» сапында жасындай жарқылдаған Евстафий Пехлеванидиді достары «Пеха» деп атағанының өзі дәлел бола алады. Дегенмен, байқағандарыңыздай біздегі жанкүйерлер мен спорт журналистері футболшының азан шақырып қойған есімін қысқартып айтудан ары аса алмай отыр. Мінезімен келбеті үшін лақап есімге ие болған футболшылар некен-саяқ. Олардың ішінде Олег Сабировты келбетіне қарап «Тарзан» дейтінін айтпай кетуге болмайды. Ал, ұлттық құрамамыздың қақпашысы Давид Лорияны достары сыртынан әзілдеп «Грузин» десе, өзара жүргенде «Дато» деп шақырады.
«Астаналық» Мұрат Сүймағамбетов осы уақытқа дейін «Мура» болып жүре берер ме еді кім білсін, егер журналист Айдын Қожахмет ол туралы газет бетіне «Су-27» деген мақала жарияламағанда. Міне, содан бері «Мура» «Су-27» атты ұшақтың атауын иеленіп, тіпті жейдесіндегі нөміріне дейін 27-ге ауыстырып алды. Тағы бір шабуылшы Сергей Остапенконы «Остап» деп атап жүр. Бірақ, бұл оның тегіне ешқандай қатысы жоқ болса керек. Өйткені, егер кеңестік киноларды сүйіп көретін болсаңыз, онда Остап Бендерді білмеуіңіз мүмкін емес. Сол Остаппен қазіргі «алма-аталық» Остаптың түр-келбетін салыстырып көріңізші, ешқандай айырмашылық таппайсыз.
Владимир Гуртуевтың үлкен футболға келу тарихы өзгелерден өзгеше. Әскерде Отан алдындағы борышын өтеп жүрген ол сол әскери бөлімнің командасында көзге түсіп, оған еліміздің белді клубтары құда түсе бастайды. Міне, содан бері ол талай қақпашыны сан соқтырып, «Десант» деген абыройлы есімге иелік етіп келеді. Ал, егер ол сол кезде футболды емес, әскери жолды таңдағанда бүгінде полковник шеніне дейін жетуі ғажап емес еді.
ӘЛЕМНІҢ 10 ЛАҚАБЫ
Джанлуиджи Буффон- Джи-джи, Супермен
Уле-Гуннар Солскьяер - Сәби бейнелі жендет
Франческо Тотти - Рим императоры
Рикарду Куарежма -Гарри Поттер
Криштиану Роналду - Жылауық Рони
Тьерри Анри - Бұғы, Тити
Дидье Дрогба - Қаныпезер
Дэвид Бекхэм - Бэкс
Фернандо Торрес - Сәби
Майкл Ессьен -Терминатор
ҚАЗАҚСТАННЫҢ 10 ЛАҚАБЫ
Самат Смақов - Сэм
Руслан Балтиев - Балтика
Ерзат Кенбаев - Кьеза
Максим Жалмағамбетов - Жалма, Мэд Макс
Андрей Карпович - Карп
Александр Мокин - Мока
Андрей Финонченко - Фина, Голеадор
Қайрат Әшірбеков - Әшір
Эдуард Сергиенко - Белый, Эдик
Фархадбек Ырысметов - Фара
http://dmk.kz/