"Восток" командасының жартылай қорғаушысы Роман Кисметов "Тараз" командасымен келісім-шартқа отырды. Бапкерлер бұл ойыншыны ешқандайда байқаусыз бірден командаға ала-салыпты. Себебі, ол жайында мамандар көзқарасы жылы екен. Ал осы ойыншы енді жамбылдық ұжымда ойнай жүріп ай сайын 8 мың АҚШ доллар жалақы алатын болады.
Өткен маусымда "Восток" командасында 24 кездесу өткізген жартылай қорғаушы ендігі маусымда осыншама қомақты еңбекақысын ақтауға тырысатын болады. Енді осы жерде сәл ойланып көрелік. 8 мың АҚШ доллары деген қаржыға осы ойыншы лайық па?
Былайша алып қарағанда 1 млн. теңге көлемінде жалақы алып жүрсең - онда Қазақстанда өте жақсы өмір сүруге болады. Ал, енді осы ақшаны "Тараз" футбол клубы қайдан алды дейсіз ғой. Бір ойыншыға осыншама жалақы бере алатындай бұл команда қаржыны қайдан күреп жатыр. Не деген шашылып жатқан ырыс. Айдалада жатқан батпан құйрыққа қалайша қызықпасқа.
Халықтың ақшасына сол халық, яки жанкүйерлер разы болатындай өнер көрсетсе құба құп. Футболсүйер жұртшылыққа керемет нәтиже көрсетіп, көңілінен шығып жатса ештеңе дей алмаспыз. Бірақ, осыншама қаржы жұмсап әкелгендегі ойыншылар ертең опық жегізеді-ау! Мен бұл жерде Кисметовқа тиісіп тұрғаным жоқ. Кисметовке килігу тіпті, ойымда жоқ. Сөз жоқ ол шын мәнісінде талантты, дарынды ойыншы. Басқалар ше?
8 мың АҚШ долларын "Шериф", "Батэ", "Слован" секілді Чемпиондар немесе Еуропа лигасының топтық кезеңінде өнер көрсетіп жүрген ұжымдардың ойыншылары алады. Оның өзі осындай жемісті нәтижеден кейін. Осының алдында ғана Қазақстандағы легионерлер туралы жазған болатынбыз. Ақшаның жоқ жерден қалай жасалатынына да үңіліп көрдік. Мүмкін бұл аяқдопшылар ауысымы да соның төңірегіндегі дүние шығар.
Самат Смақов 20 мың еуро алады дегенге мен өз басым сенемін. Осындай ақпаратты естідім. Оқыдым. Таңқалатын дүние болмай қалды. 1999-жылы Евгений Тарасов "Зенитке" ауысып, негізгі шабуылшы болып жүрген кезінде 6 мың доллар аламын деп сұқбат берген болатын. "Спорт Экспресстен" оқыған едік сонда.
Менің ойымша осы біз, жанкүйерлар қауымы футбол клубтарынан не істеп, не қойғаны жайлы есеп сұрамаймыз - кінарат осыдан. Талап ету керек. Біздің ақшамыз жұмсалды ма, ол команданың ойыны, нәтижесі сапында кімдер жүр - осының барлығына араласуымыз керек. Әйтпесе, бұл кеткен керуен құрдымға тірелмек.
Ермұхамед МӘУЛЕН
Біздің серіктес: FONBET