Жарнама
Жарнама

Азамат Айтхожин: «Франциямен ойында сенсация жасай алсақ, әлем елдерінің назары бізге ауары сөзсіз»

20.03.2021, 05:14
Франция құрамасы бұл ойынға ең мықты ойыншыларын әкелмекші.
Жарнама
Жарнама

Қазақстан футбол федерациясы­ның бас хатшысы Азамат Айтхожин  Қа­зақ­стан - Франция матчы алдында арнайы сұхбат берді.

– Азамат Серікұлы, 2022 жылы Қатарда өтетін Әлем чемпионатына іріктеу ойындары аясында Қазақстан ұлттық құрамасы 28 наурыз күні Франция құрамасымен кездесу өткізгелі отыр. Елімізде өтетін алғашқы матч­қа бапкерлік штабтың, ойыншылардың да­йындығы қалай? Құрама сапына жаңа фут­болшылар қосылды. Талғат Маруаұлының жасақтаған командасынан не күтуге болады?

– Бапкерлік штаб жеребе тартылған күннен бастап дайындықты бастап кетті. Қазақстан футбол федерациясының пре­зиденті Әділбек Жақсыбеков шұғыл түрде жиналыс өткізіп, бапкерлік штабқа тапсырма беріп, мақсаттарды айқындады. Құрама бапкері Түркиядағы оқу-жаттығу жиынына барып, футболшылардың аяқ алысын тексерді. Арнайы технология бойынша тест өткізіп, аяқдопшылардың физикалық жағдайына бақылау жасады. Одан кейін Түркістан қаласында өткен Қазақстан Суперкубогінің ойындарына барып, ұлттық құрамаға алынатын ойыншыларды тағы бір тексерді. Біз өз тарапымыздан футболшыларға қажетті барлық жағдайды істеп жатырмыз. Қалған жұмыстарды, ойын мәселесін, алаңға кімдер шығатынын, құрамаға кімдер алынатынын Талғат Маруаұлы өзі шешеді. Франциямен болатын ойын қиын болатынын іштей сезіп те отырмыз. Францияның футболдан Әлем чемпионы екенін барлықтарыңыз жақсы білесіздер. Баршаңызды маңызды кездесу алдында құрамамызға қолдау көрсетуге шақырамын.

– Өкініштісі, өз алаңымызда өтетін ойын­ға жанкүйерлер қатыса алмайтын болды. Бұл футболшылардың ойынына әсер ете ме?

– Әлбетте, бұл ойынға жанкүйерлердің қатысқаны жақсы болар еді. Франция секілді мықты құрамаға қарсы ойында футболшыларымызға қолдау қажет-ақ. Алайда еліміздегі жағдайды өздеріңіз білесіздер. Амал жоқ. Бас дәрігер осылай шешім шығарды. Ең болмаса, стадионға 20 пайыз жанкүйер кіргізгенімізде осының өзі олар үшін нағыз той болушы еді. Футбол көрермендерімен, жанкүйерлерімен мәнді. Трибунада көрермен отырса көрініс те әдемі болады, аяқдопшылар да шабыттанып өнер көрсетеді. Әзірге осыған шүкір дейміз. Алда жанкүйерлердің алаңсыз стадионға оралар күні келер. Сол күнге те­зірек жетуді жазсын.

– Қазақстан құрамасы алдында қандай мақсат тұр? Нақты меже бар ма?

– Құрама алдына үнемі биік мақсат қойылады. Бапкерлік штаб та, футболшылар да соны орындауға барын салады. Ол үшін барлық жағдай жасалуда. Шынайы көз­қараспен қарап, ұлттық құрамаға барынша жоғары нәтиже көрсетуді мақсат етіп отырмыз. Әр құрама Әлем чемпионатына шығуды армандайды. Осы межеге жету үшін барымызды саламыз. Бұл жолы турнирлік кестеде жоғары көтерілсек, келесі іріктеуде 4 себетте боламыз. Одан әрі үшке көтерілуге мүмкіндігіміз арта түседі. Барлығы бірден бола салмайды. Жыл сайын біздің құрамаға талантты жас футболшылар келуде. Бүгінде еуропалық жүйемен жаттыққан, өзге чемпионаттарда бағын сынап жүрген бірқатар жас футболшыларымыз еліміздің бас ко­мандасына алына бастады. Олардың қанаты қатайып, тәжірибиесі толысып күшейген тұсында біздің де нәтижелеріміз жоғарылайды.

– Қазақстан чемпионаты жаңа басталды. Ал Еуропада чемпионат нағыз қызған шағында. Бұл фактор ойын кезінде құрама ойыншыларына кедергі келтіруі мүмкін бе? Біздің футболшыларға алғашқы екі ойында ұпай алуға мүмкіндік бар ма?

– Иә, рас айтасыз. Қазақстанда бірін­шілік енді басталып жатыр. Демек, футболшылар әлі өз бабына еніп үлгерген жоқ. Сондықтан бірден командалық ойын көрсету, футболшылардың бір-бірін түсінісіп ойнауы да қиын болады. Мұндай мәселе бұрыннан бар. Қазақстан Еуропадан шеткері орналасқандықтан, олармен салыстырғанда бізде бірқатар айырмашылық бар. Мысалы, іріктеу матчтарын маусым, шілде айларында, яғни Қазақстан чемпионаты қызып тұрған кезде ойнасақ, біздің көрсеткішіміз әлдеқайда жақсы болады. Бірақ Қазақстанда футбол жаз айында қыза түседі екен деп бүкіл Еуропа футболы күнтізбесін өзгерте алмайды. Сондықтан алғашқы ойында намысқа тырысып, өз алаңымызда ұпай алу үшін бар күшімізді саламыз. Франциямен ойында сенсация жасай алсақ, әлем елдерінің назары бізге ауары сөзсіз. Жалпы, Мбаппе, Гризманн, Погба, Жиру секілді әлем футболының жарық жұлдыздарының Нұр-Сұлтан қаласына келуінің өзі – қазақ футболына үлкен жарнама. Сондықтан да мұндай матчта алаңға шыққан футболшылар аянып қалмасы анық. Бас бапкер Талғат Байсуфинов шәкірттерін жігерлендіріп, шабыттандырып, намыстарын қайрап алаңға шығарады. Футболшылар да үмітті ақтауға тырысады. Біздің аяқдопшылар бұл кездесуде Франция Әлем чемпионы екен деп оңай беріле салмайды. Сондықтан аталған ойыннан жақсы нәтиже күтеміз.

Ал Украинамен болатын кездесуде футболшыларымыз өздерін емін-еркін сезінетін шығар деп ойлаймын. Украина футболы бізге бұрыннан таныс. Бұл елдің футболшылары Қазақстанға келіп футбол ойнап жүр, біздің де бірнеше футболшы сол елде доп тепті дегендей. Бірақ мойындауымыз керек, біздің топтың екі серкесі – Франция мен Украина. Алғашқы екі матчты қос фаворитке қарсы қатар ойнағалы отырмыз. Содан кейін Финляндия, Босния секілді құрамалармен ойнаған сәл де болса жеңіл болады деп топшылап отырмыз. Бабымыз бен бағымыз қатар шапса, жасыл алаңда атой салуға, үздік құрамалармен тайталасуға қауқарымыз жетеді. Қазақ жанкүйерлері бізді қолдап отырса, футболшыларымыз аянып қалмас. Жеңісті күндеріміз көп бол­сын!

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан Абылайхан ЖҰМАШ

Aikyn.kz

Жарнама
Жарнама

Новости партнеров