3 маусымда Еуропа құрлығында доп додасының көрігі қызады. Бұл күні «Кәртеміс ғаламдағы» құрамалар 2012 жылғы Еуропа біріншілігінің іріктеу кезеңіндегі кезекті ойындарын өткізеді. Қазақстан құрамасы өз алаңында Әзірбайжанды қонақ етеді.Қазақ футболшылары құрлық біріншілігіндегі жиырмасыншы ойынын өткізу үшін жасыл алаңға шығады. Біздің құрама осымен Еуропа біріншілігінің екінші кезеңіне қатысып отыр. Жиырма ойын өткізгенімен, ауыз толтырып айтарлық нәтижеге қол жеткізген жоқпыз. Тіпті жеңіске жетудің өзіне зар болып жүрміз. Бүгінгі күнге дейін өткізген 19 кездесудің небәрі екеуінде ғана жеңіске жеттік. Төрт ойында тең нәтижеге қанағат білдіріп тарастық. Қалған 13 матчта есе жіберіп қойдық. Қарсыластар қақпасына бар-жоғы 11 доп соқсақ, өз қақпамызда ала доп 35 мәрте тулапты.
Қазақстан футбол федерациясы УЕФА құрамына 2002 жылы енгенімен, құрама 2004 жылғы Еуропа біріншілігінің іріктеу кезеңіне қатыса алмады. Себебі іріктеу кезеңінің жеребесі одан бұрын тартылып қойған еді. Құрлық бәсекесінде тек 2006 жылдан бері бақ сынап жүрміз. Біздің футболшылар сол жолы тәп-тәуір ойын көрсетті. Он ойында 10 ұпай жинады. Екі мәрте жеңіске жетіп, төрт мәрте тең түсті. Сегіз кездесуде жеңілістің ащы дәмін татты. Қарсыластар қақпасына 10 доп соғып, өз қақпасына 21 доп жіберіп алды. Елдің есінде қалғаны – 2007 жылдың 24 мамырында болған ойын. Дәл осы күні құрамамыз Еуропа ресми матчтарындағы тұңғыш жеңісіне қол жеткізді. Өз алаңында Сербия құрамасынан 2:1 есебімен басым түсті. Осы жылдың 21 қарашасында сырт алаңда Армения құрамасын 1:0 есебімен тізе бүктіріп, екінші жеңісін тойлады. Өкінішке қарай, біздің футболшылар сол жылғы 2 маусымда Алматыда өткен кездесуде армяндарға 1:2 есебімен есе жіберіп қойған еді. Біздің құрама өз алаңында да, сырт алаңда да Әзірбайжанмен 1:1 есебімен тең ойнады. Бельгиямен де екі мәрте итжығыс түсті. Сырт алаңда 0:0 есебімен ойнаса, өз алаңындағы кездесудің нәтижесінде 2:2 есебі тіркелді. Атап кетерлігі, Қазақстан өз алаңындағы ойындарда азулы қарсыластарға тәп-тәуір қарсылық көрсетті. Мәселен, Польша бізді – 1:0, ал Португалия 2:1 есебімен зорға жеңді. Дегенмен сырт алаңда Польшадан – 1:3, Португалиядан 0:3 есебімен ұтылып қалды. Финляндиядан екі ойында да жеңілді. Есеп – 0:2, 1:2. А тобында Қазақстан сегіз құраманың ішінде алтыншы орынға табан тіреді. Бұл әзірге біздің футболшылардың екі әлем және бір құрлық біріншілігі іріктеу кезеңіндегі қол жеткізген ең жоғарғы көрсеткіші болып отыр.
Ал қазір сынға түсіп жатқан іріктеу кезеңінде ойыншылар қарсыластар қақпасына бірде-бір доп соққан жоқ. Сондай-ақ қоржынымызда соқыр ұпай да жоқ. Бір қызығы, бұл жолы да Қазақстан құрамасы «А» тобында сынға түсіп жатыр. Біздің футболшылар алғашқы ойынын өз алаңында Түркиямен өткізді. Жанкүйер қауым түріктерден 2006 жылғы әлем біріншілігіне іріктеу кезеңінде екі мәрте ойсырай жеңілгенін жақсы біледі. Сол жылдары Қазақ елінің футболшылары өз алаңында олардан 0:6 есебімен жеңіліп, жанкүйер қауымды жерге қаратқан еді. Сырт алаңда да өз қақпамызға жауапсыз төрт доп жіберіп алды. Өткен жылдың 3 қыркүйегі күні Астанада өткен ойында да аталмыш «дәстүр» жалғасты. Қонақтар біздің қақпаға жауапсыз үш доп тоғытты. Қазақстан құрамасына түрік әріптестері алынбас қамал болып тұр. Түріктер қақпасына бір доп соғу мұң болып тұр. Бір қызығы, шеберлік деңгейі бізбен қатарлас Әзірбайжан осы іріктеу кезеңінде өз алаңында Түркияны 1:0 есебімен жеңіп, айды аспанға бір-ақ шығарды.
Одан кейін Австрия жеріне жол тарттық. Бұл ойыннан да қоржынымыз бос қайтты. Екінші кезеңнің соңына дейін қақпа құлпы ашыла қойған жоқ еді. Дегенмен соңғы минуттарда біздің қорғаныс сыр беріп қойды. Соның салдарынан ұлттық құрамамыз өз қақпасына екі доп жіберіп алды. Бұдан бұрынғы іріктеу кезеңінде бізді жеңе алмай пұшайман болған Бельгия да Астана қаласындағы ойында шеберлік таныта білді. Олар бізді 2:0 есебімен тізе бүктірді. Одан кейінгі екі ойын да азулы Германия құрамасымен өтті. Өткен жылдың 12 қазанында елордамызға қонаққа келген немістер қиналмай жүріп-ақ 3:0 есебімен жеңіске жетті. Ал өз алаңында олар 4:0 есебімен басым түсті.
Ұлттық құрамамыз енді 3 маусым күнгі Әзірбайжанмен болатын кездесуге күш саламыз деп отыр. Қап тауынан келетін бауырларымыз да оңай шағылар жаңғақ емес. Біздің құрама жанкүйер сенімін ақтай ала ма?
Үстіміздегі жылы Қазақстан бес ойын өткізеді. Оның алғашқысы – 3 маусымдағы кездесу. Одан кейін құрамамыз 2 қыркүйекте Түркияға жол тартса, 6 қыркүйекте Әзірбайжанда қонақта болады. Ал 7 қазанда Бельгияда ойнаса, ең соңғы ойынын Австриямен өз алаңында өткізеді. Осы ойындардың ішінде біздің ұпай алу мүмкіндігіміз қандай? Ашығын айтайық, тек Әзірбайжанмен өткізетін екі кездесуде ғана қоржынды томпайтуға болатын секілді.
Қазақ «үмітсіз – шайтан» дейді. Алайда үмітіміз үзіліп бара жатқандай. УЕФА есігінен енгенімізге келер жылы он жыл болады. Он жылда қол жеткізген табысымыз қандай? Әзірге тұшымды жауап таба алмай отырмыз...
Автор: Әділжан ҮМБЕТ Қызылорда облысы