Әлем мен Еуропа чемпионаты секілді Азияның мықтылары да әр төрт жыл сайын таңдаулы бір елге жиналып кім мықтыны анықтап тұратын жайы бар. Әлем додасы секілді жер бетіндегі миллиардқа жуық жанның түн ұйқысын ұрлап, күні мен түнің айыра алмастай хәлге жеткізбесе де, назар аударуға әбден лайықты турнир. Сондықтан, Аладоп сайты жасыл құрлықта өткен дүбірлі додаға қысқаша шолу жасамақ.
Несін жасырамыз, кейде Қазақстан ұлттық құрамасын осы турнирге ойша қосып көретініміз бар. Кемінде, төрттікке енер еді-ау деп болжам да жасаймыз. Еуропа менің не теңім, жылтырап тұрса ...... деп, кәрі құрлықтың құрамына еніп кеткенімізге де өкінеміз.
Командамыз жеңілген сәтте, көрші өзбектің Азияның командаларын жеңіп жүргенін тілге тиек етсек, "олар қайда ойнайды, біз қайда ойнайды"-дейміз. Аңғал жұбаныш, негізсіз ақталу. Уефа, Уефа деп, өзбектерден деңгейіміз артта қалып бара жатқанын байқамаймыз.
Әрине, ұлттық құрамамыз қатысса да, қандай нәтижеге қол жеткізерін білмейміз. Бірақ, бұл бір арман демесек те(Еуропадан басқа нені армандаушы едік), тілек, қиял.
Көрші демекші, Мирджолал Қасымов бастаған жігіттер алтыннан алқа тағып, Ташкенттің төрінде атойлатып той тойлаймыз деген ниетпен Аустралияға аттанған болатын. Оңай топқа түсті. Бірақ, күтпеген жерден Қытайға жеңіліп, екінші орынды қанағат тұтуға мәжбүр болды. Екінші орын алған командаға, плей-оффта осал қарсылас түспесі анық. Көрші топта, үш кездесуде де, қарсыластарынан басым түскен Оңтүстік Корея шыға келді. Сөйтіп, ширек финалда, құрамының жартысына жуығын Бундеслиганың шеберлері құрайтын кәрістерге жол берді. Онда да, қосымша 30 минуттықта. Сөйтіп, Өзбекістан ұлттық құрамасы, алтын түгіл 4 жыл бұрынғы 4-ші орнын да қайталай алмай, ширек финалдан тоқтады.
Жапондықтар да таң қалдырды. Өткен доданың чемпиондары, бұл жолы бірінші орыннан басты үміткерлердің қатарында болған. Топтан жүз пайыз көрсеткішпен шыққан күн шығыс елінің өкілдері, ширек финалда БАӘ-мен кездесті. Кагава, Хондасы бар жапондықтар қарсыласты тас-талқан етеді деп күтілген. Бірақ, арабтар нәтиженің комадаға байланысты екенін тағы да дәлелдеді. Матч соңындағы пенальтиден басым түсіп, айды аспанға шығарды.
Иран-Ирак триллері
Бұл жұпта да фаворит Иран саналған. Бірақ, тағы да күтпеген нәтиже орын алды. 3:3 болып аяқталған 120 минут жеңімпазды анықтап бере алмады. Ал, футбол лотореясында ирактықтар қарсыластың сағын сындырып, жартылай финалға жолдама алды.
Жартылай финалдағы Ирак пен БАӘ
Бұлар жартылай финалға шығады деп ешкім күтпеген еді. Австралия, Корея, Жапония, Иран немесе Өзбекстан. Міне, осылар футбол мамандарының болжамы бойынша үздік төрттік. Бірақ, 2004 те әлемді есінен таңдырып гректердің чемпион болып кеткені секілді, футболдың кейде болжамдарға түкіргені бар. Әрине, екеуі де жартылай финалда жарыс жолын тоқтатты. Сөйтіп, қоланы сарапқа салды. Голдар екі қақпаға да қарша бораған тартысты ойында арабтар жеңіп, қоланы еліне алып кетті.
Финал
Негізі, Оңтүстік Корея мен Аустралия бір топқа түсіп, корейліктер жеңген еді. Турнирдің соңғы ойынында алаң қожайындарында, кеткен есені қайтарып қана қоймай, ел алдында алтыннан алқа тағатын зор мүмкіндік туған болатын. Осы мақсатпен іске кіріскен аустралиялықтар, 91-ші минутқа дейін есепте алда тұрды. Бірақ, жеңісті ойша тойлап жүргенде кәрістер есепті теңестіріп кетті. Әдетте, бұндай кезде гол жіберген команда психологиялық тұрғыдан құлдырайды. Былтырғы Чемпиондар Лигасының финалы дәлел. Дегенмен, әйгілі Кэхилл бастаған жігіттер тек қана жеңу үшін шыққан еді. Ол мақсаттарына жетті. Экстра-таймда Троизи жеңісті голды соғып, "Аустралия" стадионына жиналған көрермендерді балаша қуантты. Географиялық тұрғыдан ерсі естілгенмен, енді Аустралия-Азия чемпионы.
Фараби ӘБДІХАЛЫҚ