Жарнама
Жарнама

БАҒДАРСЫЗ БАЛАЛАР ФУТБОЛЫ

10.10.2012, 06:22
Жарнама
Жарнама

Жас кезінде дұрыс суарылып, дұрыс күтілмеген ағаштың өсе келе үйіп-төгіп жеміс беруі мүмкін бе?! Әрине, жоқ. Бұл мысал футболдан Қазақстан құрамасының қазіргі халін сипаттайды. Құрама капитаны Қайрат Нұрдәулетовтің бір әңгіме барысында: «Қазіргі балаларға мүмкіндік пен таңдау бар. Ал біздің бала кезімізде ол жоқ еді. Асфальтта қаңылтыр теуіп жүрген біз үшін жасыл алаңды көру бақыт болатын. Қазір еліміздегі футбол қарыштап кетті, балалар алаңқайларынан, доп қуған балақайлардан аяқ алып жүре алмаймыз деп айтпаймын. Бірақ сәл де болса ілгерілеу байқалады» дегені бар. Бұл – ұлттық құраманың кезекті жеңілісінен соң, ұжымды тегіс «аман қалдырмай», «қашанға дейін ұтыла береміз?!» деп жаны ауыратын жанкүйер сұрағына жауап беретін мысал. Меніңше, балалық шағы 90-жылдармен тұспа-тұс келгендердің доп ойнап, футболшы атануға жігер тапқанының өзі қол соғуға тұрарлық қадам. Бала күнінде допқа жарымаған жігіттердің Еуропаның сақа командаларына осыдан соң айбат көрсете алмауы орынды да...

  Бұл – Қазақстан құрамасының бүгінгі жағдайы. Ал, ертең ше?! Болашақта да біздің қақпада бес гол тулап, футболшылар білгенінен жаңылып жатпасына кепілдік беретін кім бар?! Алдыңғы доңғалақтың соңынан еретін кейінгілердің қазіргі күйі қандай?! Қазақ футболының болашағына жауапты құзырлы ұйымның елдегі балалар футболын қалай дамытып жатқанын саралап көрелік. Бес орталық, Бразилия... 2007 жылы Елбасының Бразилияға барған сапарында жас жеткіншектерді Пеленің отанында оқыту туралы шешім қабылданды. Одан бері балғын футболшылардың бір шоғыры «Оле Бразил клабтан» білім алып келгенін жанкүйер жақсы біледі. Бүгінде бірінші лигадағы «Астана 1964» командасының мүшесі болып үлгерген олар. Бразилия чемпионатында ойнауға жарап қалғаны да бар ішінде. Еліміздегі футбол мамандары әр аймақта іріктеу жүргізіп, жас футболшылардың екінші шоғырын да Сан-Паулуға допты дұрыс ойнауды үйреніп келіңдер деп жіберді. Бразилияда футбол әліппесін меңгеріп жүрген балалар туралы түрлі пікірде болсаңыз да, бұл жобаның пайдасы бар екенін жоққа шығармаймыз. Мейлі, мемлекет ақшасымен мұхит асып келгендердің  бәрі жұлдыз болып кетпесін, бірақ бұл жоба да балаларға допты қалай дұрыс тебу керектігін үйретті. Мәселен, «Оле Бразил клаб» футбол академиясына оқып жүрген қазақ баласы Данияр Дәулетбаев ондағы жаттығу жұмыстарының бізден айырмасы жер мен көктей екенін, күн сайын өтетін 2 сағат жаттығудың өзі елден барған балаларды біраз терлетіп тастайтынын айтты. Бұғанасы қатпай жатып, жақсы дайындалған футболшының болашағына сенуге болады. Біз Лондон Олимпиадасының қызығынан арыла алмай жүргенде, Қазақстан Футбол федерациясы Павлодардағы балалар футбол орталығының жұмысын бастап жіберді. Бұл – биыл елімізде ашылған бесінші балалар футбол орталығы. Оған дейін Ақтөбе, Тараз, Астана және Қарағандыда тұсауын кескен балалар орталығы «Қазақстан Республикасында 2012/2022 жылдар аралығындағы балалар мен жасөспірімдер футболын дамыту» жобасы аясында дүниеге келген.  Неміс футболындағы балаларды оқыту жүйесін негізге алған  жобада балаларға толық жағдай жасалыпты. Мысалы, Павлодар қаласындағы орталықта үш топтағы балалар білім алады. Осы үш топқа шақталып жасалған үш жасанды алаң да бар. Балалардың оқуы тегін, спорттық киімдер мен құрылғыларға ата-ананың бас ауыртпауына болады. Орталықтағы жаттығу залы, жуынатын бөлме – бәрі де заманға сай. ҚФФ мамандарының сөзіне сенсек, мұндай орталықтың тағы біреуі жақында ашылғалы жатыр екен. Аталған орталықта білім алатын футболшылар тікелей сол қаладағы премьер-лига клубымен байланыста болады. Яғни «Манчестер Юнайтедтің» балалар академиясы әлемдік футболға қаншама жарық жұлдыздарды дайындап бергені сияқты, «Ақтөбенің» немесе «Тараздың» орталығы да ел футболына жарамды ойыншыларды баптайды. Бүгінде бұл орталықтарға шетелден мамандар шақыртылып жатыр. Қазақстан футбол федерациясы балалар футболына не жағдай жасап жатыр дегенде, ауызға алатын ең негізгі екі фактор осы. Қай  маманмен тілдессеңіз де, бәрі бес орталықтың ашылғанын тілге тиек етеді. Бұл бес орталық қазақ футболының жыртығын жамауға жетеді ме? Әрине, жоқ. Оған ғұмырының 32 жылын балалар футболына арнаған бапкер Бауыр­жан Сәрсекеновтің сөзі дәлел. Балаларға бұйырмаған миллиондар... – Әркімнен ақша сұрап, демеушілерді жағалап жүріп, Алматы қаласындағы балалар футболының лигасын құрдым. Бүгінде бұл лигаға 53 команда мүше. Оның ішінде, өзін-өзі толыққанды қамтитын бір ғана клуб бар. Ол – «Қайрат» командасының болашақ ізбасарлары. «Қайратты» «ҚазРосГаздың» қаржыландыратыны жұмбақ емес. Сондықтан, «Қайрат» балалар клубында ойнайтын жеткіншектер «Будсым жоқ, доп жоқ, алаңды қайтеміз?!» деп уайымдамайды. Ал, қалған командалар қалт-құлт етіп, күн кешіп жатыр. Біздің лигада 1994-2002 жыл аралығында туған балалар мен жасөспірімдер доп тебеді. Олардың жоқ жыртығын жамаймын деп, қалталылардан көмек сұрауға мәжбүрмін, – дейді бүгінде алпысты алқымдаған ақсақал бапкер. Бауыржан ағайдың айтуынша, балалардың алаңын жалдауға қыруар қаржы кетеді. Оның үстіне, шетелдегі футбол турниріне қатысу да қалтаға көп салмақ түсеретін іс. Балалармен бірге Польшада және Өзбекстанда өткен халықаралық турнирге қатысу үшін бірнеше мекеменің есігін қағып шығыпты. «Әйтеуір, қазақ футболының болашағына алаңдайтын адамдар табылып, сырттағы турнирлерге әупірімдеп жүріп барып қайтамыз» деген бапкер Үкіметтің назары дұрыс түспей отырғанына қапалы. «Қазақстан футбол федерациясына УЕФА бір жылда 360 миллион, ФИФА 79 миллион теңге көлемінде жәрдем береді. Сол қаржыдан бізге бір тиынның да бұйырмайтыны өкінішті. Бұл – менің қалтама басатын ақша емес, балалардың алаңсыз футбол ойнауына, білікті футболшы ретінде қалыптасуына құятын инвестиция емес пе?! Премьер-лиганың 14 командасы бастапқы жарна ретінде 32 миллион теңгеден төлейді, бірінші лигадағы 16 команданың әрқайсысы 11 миллионды  ҚФФ-ға санап береді. Сол ақшаға дені дұрыс футбол академиясын құруға, балаларға тегін алаң ашып беруге болмас па еді?!» – деген сұрақтар Бауыржан бапкердің көкірегін тесіп-ақ келеді. Ресейдегі балалар футболы лигасының негізінде құрылған Алматыдағы балалар футбол лигасында бес жүзге жуық бала бар. Олар – өз өздерін қамтамасыз етіп отыр. Ата-ананың тұрмыстан жырып берген тиын-тебеніне алаң жалдап, доп сатып алып жүрген лига тек Алматыны қамтиды. Ал Ресейде бұл бүкілхалықтық жобаға айналған. «РосГаз» секілді алпауыттар ақша құятын балалар футбол лигасының басқасын айтпағанда, сәт сайын жаңалық тарататын ресми сайты  бар. Алматыдағы ат төбеліндей азаматтар қанша алға тартқанымен, балалар футболын жолға қою жалпыхалықтық сипат алмаса, Роналду мен Мессиге аузымызды ашқан күйі қала беретініміз хақ... Минутына – мың теңге... Біздің үнемі Алматы қаласын мысалға алуымыз тектен-тек емес. Алматы – еліміздің ең үлкен шаһары. Игі істер алдымен осы қалада жүзеге асырылған соң, арада біршама уақыт өткенде ғана еліміздің басқа аймақтарында орындала бастайды. Ал Алматыдағы футболдың мәз еместігіне қарап, алыс ауылда құм кешіп жүргендердің жағдайы туралы  бірдеңе деу қиын. Балалар футбол ойнау үшін, ең алдымен, доп керек. Сапалы, қанша тепсең де, желі шықпайтын доптар 5-6 мыңның шамасында. Допты кәдуілгі аяқкиіммен тебуге келмейді, ол үшін арнайы будсылар керек. Сапалы, бір киген соң, табаны түсіп қалмайтын будсы – 7 000 теңге тұрады. «Барахолка» аталып кеткен қара базарда асты-үстімен сатылатын спорттық жейделердің ең арзаны 4-5 мың теңгені маңайлайды. Баланы киіндіріп болған соң, футбол үйірмесіне кететін қаржыны есептеуге тура келеді. Басқасын алмай-ақ, ата-ананың төлеген ақшасына күн көріп отырған Алматыдағы балалар футбол лигасын мысал етейік. Айына 10 мың теңге төлесе, бір жылда ата-ана 120 мың теңгені футболға санап береді.  Егер, баласы халықаралық турнирге қатысу үшін шетелге шығамын десе, отбасы қазынасы бір жылда  160-170 мың теңгеге азаяды. Алматыда сапалы алаңдар жоқтың қасы. Балалардың доп тебуіне ыңғайлы, біздің өлшеммен алғанда «сапалы», дамығандардың көзімен қарасақ, «доп теппек түгілі, аяқ басуға» тұрмайтын  алаңдардың бағасы қазір қарыштап тұр. Жібі түзу деген  стадиондардың өзі ине-жіптен қайта өткенге қарсы емес. Бірақ осыған қарамастан, алаңдарды жалға алу құны төмендер емес. Алматыдағы «Динамо» стадионының шағын алаңын бір сағатқа жалдап, доп тебу үшін – 8 мың теңге санап бересіз. Ал, үлкен алаңында алаңсыз бір сағат доп ойнау – 60 мың теңге! Яғни «Динамода» доп тепкен әрбір минутыңыз мың теңгеге пара пар! Осыдан соң, балаңызды футболға беріп көріңіз. Стадиондар мен шағын алаңдар жеке тұлғаларға тиесілі. Сондықтан, футбол федерациясының ырқына бағынбайтын стадиондарға балаңызды жетектеп апарғаннан, келіп кетер пайда жоқ. Футбол федерациясының әмірі жүретін алаңдар екі қолдың саусағына жетпейді. Түйін Әр жаз сайын ауылға барғанымда, көк шаңның ішіндегі жалғыз допқа жармасып жүрген кішкентай балаларды көзім шалады. Онсыз да көк шөбі көп жоқ аймаққа бүгінге дейін бір жасанды алаң бұйырмай тұр. Ертең ел намысын қорғайтын футболшы мына шоғырдың ішінде жүрген шығар. Бірақ оның бағын кім ашады?! Сол тесік допқа таласқан топ баланың ішінде ол да қала береді... Қазір қазақ балаларының азғантай шоғыры Бразилияда жаттығуда. Ақшасы барлар Түркия, Чехия елдерінде балаларын дайындап жүр. Бауыржан Сәрсекенов секілді жалғыз жүріп, Үкіметке үнін жеткізе алмаған бапкерлер еліміздің әр облысынан табылады. Ауыл-аймақпен облыстардағы, ірі қалалардағы балалар футболын бір жолға қойып, бір ізге түсірмеген Қазақстан футбол федерациясына өкпе айтамыз тағы... Бір анығы, балалар футболының көсегесін көгертпей, керемет жеңістер туралы армандауға да болмайды.  

Ақырыс  Сейітқазы

Жас қазақ газеті

Жарнама
Жарнама

Новости партнеров