Жарнама
Жарнама

Байсуфинов кетті, Карпович қайтер екен?

Жарнама
Жарнама

Ұлттар лигасының іріктеу кезеңі аясында Молдовамен өтетін ойын алдында ұлттық құрамада бапкер ауысты. Қазақстан футбол федерациясы басшы­лығының шешімімен жаттықтырушы Талғат Байсуфиновтің өкілеттілігі мер­зімі­нен бұрын тоқтатылды. Оның орнына Қазақстан құрамасы бас бапкерінің міндетін атқарушы болып Андрей Карпович келді.

Алғашқыда бұл шешімге бәрі тосырқай қарағаны рас. Ашығын айтқанда, футболсүйер қауым енді-енді құрама ойынына жан бітіріп, үздік футболшыларды іріктеп, жақсы құрама жасақтап келе жатқан тәжірибелі маманға толық мүмкіндік берілмегеніне қапаланды. Бірақ қайткен күнде де шешім өзгермейді. Байсуфиновтің міндетін уақытша Карпович атқарады.

Негізі, көпшілікке, әсіресе ел футболынан хабары бар жандар үшін Андрей Карпович таныстыруды аса қажет етпейтін маман. Оның есімі футболшы ретінде қазақстандық жанкүйерлерге жақсы таныс. Ұлттық құрамада ең көп матч (55) өткізген ойыншылардың бірі. Бірнеше рет капитан ретінде алаңға шыққан. Клубтық мансабында «Елімай», «Ертіс», «Қайрат», «Локомотив», «Ордабасы», «Шахтер», «Атырау», «Алтай» секілді отандық клубтарда, сондай-ақ ресейлік «Ростсельмаш» және мәскеулік «Динамо» командаларында доп тепті. Ал бапкерлік мансабын «Қайрат» командасында бастап, одан кейін екі жыл «Оқжетпесті» жаттықтырды. 2021 жылдан бері «Қызыл-Жардың» бас бапкері қызметін атқарып жүр. Осы орайда оның өткен маусымның қорытындысы бойынша «Қызыл-Жар» командасымен төртінші орын алып, петропавлдық клубпен тұңғыш рет Конференция лигасының іріктеу кезеңіне қатысуға мүмкіндік алғанын да атап өткен жөн.

Қысқа мерзімде уақытша болса да жаңа қызметке тағайындалған 41 жастағы жаттықтырушы үшін алғашқы сынақ 24 наурызда басталады. Ресейлік маман Молдова құрамасына қарсы өтетін екі ойында футболдан еліміздің бас командасына алаң жиегінде отырып нұсқау береді. Ол бірер күн бұрын оқу-жаттығу жиынына шақырту алған ойыншылар тізімін жариялап та үлгерді.

Айтпақшы, алғашқы матч Зимбру Кишинёвта өтеді. Араға бес күн салып, 29 наурызда Қазақстан жерінде қарымта кездесу болады. Осы екі ойыннан кейін Карповичтің Қазақстан құрамасындағы алдағы болашағы туралы нақты шешім қабылданады.

– Бұл – мен үшін үлкен мәртебе. Маңызды ойын алдында маған жауапкершілік артылып отыр. Алға қойылған міндеттерге келетін болсақ, Молдовамен болатын екі кездесуде жақсы өнер көрсетіп, жеңіске жетуіміз қажет. Одан кейінгі жағдайды талқылаған жоқпыз. Құрамаға шақырту алған ойыншылар өздеріне артылған сенімді ақтайды деген үміттемін, – деді бас бапкер.

Молдовамен өтетін ойынға санаулы күндер қалды. Бапкерлік штаб пен футболшылар қазірден дайындыққа кірісіп кетті. Аз уақытта тағайындалса да, Карповичтің бір артықшылығы – чемпионатпен жақсы таныс және ойыншылардың шама-шарқын бес саусағындай біледі. Жақын арада кеңейтілген тізімді жариялады. Оның ішінде жаңа есімдер де бар. Бапкердің сөзіне сенсек, Молдовадан қиындықсыз айналып өтетін секілдіміз. Осынау маңызды матч алдында құраманың бұрынғы және қазіргі бапкері туралы спорт сарапшыларының да ойын білдік.

– Молдоваға дайындық алдында Байсуфиновті неге ауыстырғанын түсінбедік. Құрамасын енді жасақтап келе жатқан маманға толықтай төрт жылдық бір циклды бергені жөн еді. Қазаққа жаны ашитын, құрама жігіттерін жігерлендіріп жүретін, мотиватор бапкер болатын. Осымен екінші рет негізсіз орнынан алып тастады. Негізі, әр спортта қазақ тілін жақсы білетін отандық бапкер болғаны дұрыс деп есептеймін. Талғат сондай бапкер еді. Қаракөздерімізді құрамаға тартты. Тізгін ұстағалы командадағылар жақсы ойнай бастады. Красножан, Билек, Пайперс, басқа да шетелдік мамандар жаттықтырған кезде құрамамыз соңғы минуттарда жиі гол жіберетін. Яғни, екінші таймда сылбыр ойнайтын. Ал Талғаттың кезінде керісінше болды. Соңғы минуттарда шешуші голдар салдық. Соның бәрін көре тұра осындай шешім қабылдау қаншалықты әділетті болғанын көпшілік айта жатар. Карпович – бапкерлікке кейінгі кезде келген бапкер. Орта деңгейдегі ойыншы болды. Тәжірибесі де Талғатпен салыстырғанда аз. Үш команданы ғана жаттықтырды. «Қызыл-Жарда» да кіл легионерлерге сенім артып жүр. Қазақтың балаларын жарытып ойнатып жүрген жоқ. Енді құрамада да «келімсектерді» жинау басталатын шығар. Молдованы жеңіп, жоғары топқа өткен күннің өзінде құрама жарытып ойнай алады дегенге сенбеймін. Талғаттың құрамасына зар болып қалмасақ жарар еді, – дейді спорт журналисі Жандос Айтбайұлы.

Спорт шолушысы Қанат Базылхан да отандық маманға толық мүмкіндік берілмегенін, Карповичтің Байсуфиновтен ешқандай артықшылығын байқамағанын айтты.

– Меніңше, біз құрамаға Карповичті бапкер қылғаннан ештеңе ұта қоймаймыз. Жаңа федерацияға жаңа басшы келгеннен соң жаңа бапкер келу керек болған шығар. Бірақ бұл дұрыс таңдау болды деп есептемеймін. Карпович – бапкер ретінде енді өсіп келе жатқан жас маман. Белгілі бір деңгейде жетістікке жетіп жүргенін жоққа шығара алмаймыз. Өткен маусымда «Қызыл-Жарды» төртінші орынға дейін көтерді. Отандық футболшылардың арасында беделі бар. Бірақ ұлттық құраманы жаттықтыруға лайық бапкер емес. Оның Талғат Маруаұлынан ешқандай артықшылығын көріп тұрған жоқпын. Керісінше, Талғатта оған қарағанда тәжірибе жеткілікті. Оның құрамасы Украинамен екі рет тең ойнап, жанкүйер қошеметіне бөленген. Футболшылары Боснияға екі гол соғу арқылы құрамада өсу бар екенін байқатқан. Бір кездері азулы деген Польшаның өзімен тең түскен. Кейбір кертартпа адамдар Франциямен болған ойынды еске ала береді. Неге жақсы көрсеткішті көрмейді? Енді, міне білікті отандық бапкерге сенім артпай, ресейлік маманға тізгінді ұстаттық. Ол Байсуфиновтен де жоғары көрсеткіш көрсетеді дегенге сенетіндер аз, – дейді спорт шолушысы Қанат Базылхан.

Қазір әлеуметтік желіде де бұл тағайындау қызу талқыланып жатыр. Көпшілігі «Байсуфинов ҚФФ-ға неге жақпай қалды? Тәжірибелі бапкер еді. Карповичке сену – құр уақыт жоғалту» деген сыңайдағы пессимистиік пікірде. Оның себебі де жоқ емес. Өйткені бәрі Ұлттар лигасында тізгінді толығымен Маруаұлына береді деген үмітпен жүрді. Бірақ ҚФФ басшылығының таңдауы басқа маманға түсті. Енді көпшілік күтпеген шешімнің қандай өзгеріс әкелерін, Карпович өз мүмкіндігін қалай пайдаланатынын Молдовамен өтетін 180 минуттық матч кезінде көретін боламыз.


Абылайхан ЖҰМАШ

мақала "Айқын.кз" сайтынан алынды


Жарнама
Жарнама

Новости партнеров