
Тағы бір байқағанымыз, маусым айында елордамыздың «Астана-Арена» стадионындағы Қазақстан – Әзірбайжан матчынан кейін әзірбайжандықтардың бас бапкері Бергти Фогтс журналистеріне қатты ренжіп қалған сияқты. Естеріңізде болса, сол ойыннан кейін Әзірбайжан журналистері неміс маманының намысына тиер сөздер айтып, соңында масқаралықтың белгісін білдіретін сыйлық сыйлаған еді. Сондықтан болар Бергти Фогтс Әзірбайжан – Бельгия матчының алдындағы да, соңындағы да баспасөз мәслихатына «ауырып қалдым» деген желеумен қатыспапты. Қазақстанмен болатын ойынның алдындағы баспасөз мәслихатына да келген жоқ. Ойыннан кейін де көмекшісін жіберді. Жергілікті журналистердің бірінен, «Фогтспен қарым-қатынастарыңызды түзедіңіздер ме?», – деп сұрағанымызда, «Осы ойыннан кейін көре жатармыз», – деп жауап берді. «Сірә, Фогтсты көргілеріңіз жоқ сияқты ғой», – деп тағы да сол журналистке сұрақ қойдық. Әзілқой екен, «баспасөз мәслихаттарына келгісі келмесе, демек, ол да бізді көруге құштар емес-ау», – деп жауап берді.
Ойынға бір күн қалғанда Әзірбайжан – Қазақстан кездесуі өтетін Тофик Бахрамов стадионын да өз көзімізбен көрдік. Негізі, білетін боларсыздар, алаң қожайындары бізді Бакуде емес, Лянкоран қаласының стадионында қабылдауы керек болатын. Бірақ алаң сапасының нашарлығын алға тартқан УЕФА сарапшылары мұнда халықаралық кездесулерді өткізуге тыйым салған. Артынан білгеніміздей, Лянкорандағы стадионның алаңы күнге әбден күйіп, шөбі сарғайып кетіпті. Бірақ бізге Тофик Бахрамов атындағы стадионның да сапасы аса ұнаған жоқ. Әзірбайжандық бауырларымыз ренжімес, бірақ шынын айтсақ, жұмсартып айтқанда ауданның стадионына тап болғандай күйде болдық. Сырты да ескі, ішінің де ұсқыны кеткен. Ал матч соңындағы баспасөз мәслихаты қайда өтті дейсіз ғой?! Палаткадан құрылған шатырдың ішінде гуілдеп отырдық. Бұған дейін Алматының Орталық стадионына көңіліміз толмаушы еді. Қарап отырып, бір-ақ сәтте көз алдымызда Орталық стадионымыздың рейтингі көтеріліп бара жатқандай болды. Ал матчқа билеттердің ең арзаны екі манат, яғни орташа есеппен 375 теңге, ал ең қымбаты 10 манат, яғни 1870 теңге болса, VIP орындардың билеттері 30 манат, теңгеге шаққанда 7500 теңге. Біздің ғана ойынымызға билет арзан шығар деп ойлаған едік, сөйтсек, мұнда ылғи билет арзан екен. Сондай-ақ бұл стадион соңғы рет халықаралық матчты қабылдайды деген сыбыс та естіліп қалды. Негізі, Бакуде әлемдік стандартқа сай, 60 мыңдық екі ірі стадион салынып жатыр екен. Келесі жылдан бастап Әзірбайжан құрамасы өз ойындарын сол стадиондардың бірінде қабылдауы ықтимал көрінеді.
Міне, Әзірбайжан құрамасы бізді осы стадионда қарсы алды. Шөбі тықыр, алаңының кедірі көп. Жаңбыр жауған соң тіптен тәуір өнер көрсету мүмкін болмай қалды. Дегенмен жерлестеріміз жеңісті қолдан бермеді. Бұрынғыдай алақтау, далбалақтау да жоқ. Ал ойынның бас кезінде «бауырым» деп құшағына алған жанкүйерлері 90 минутқа бізді жау көрді де, матчтан кейін, қайта құшағына алып, «Егер Қазақстан құрамасы басқа командамен кездессе, біз сіздердің жанкүйер боламыз. Бірақ өзара кездесулерде емес. Түркия, Әзірбайжан және Қазақстан секілді бауырлас елдердің бір топқа түскені өкінішті», – деп жұбатып жатты.
Иә, соңғы кездері, «Бұрын Пайперстің кезінде жинаған ұпайымыз көп болатын» деушілер табылуда. Рас, ол кездері ұпайымыз көбірек болды. Бірақ келісетін боларсыздар, ойынымыз тұзы жоқ ас секілді болушы еді ғой. Ал Беранек келгелі ойынымызда жүйеліліктің бары сезіледі. Ақырындап жеңістің иісі сезіліп келеді. Егер Мирослав мырзаға бастаған ісін соңына дейін жеткізуге мүмкіндік берсе, онда жақын болашақта сырт алаңында Түркиядан да ұпай алатын кез алыс емес. Тек, футболшыларымыздың рухын түсірмейік! Қайта қайрап, «сен мықтысың» дей берсек, намысқа тырысатын футболшыларымыздың өздері-ақ пісіп жетіледі. Футболшыларымыз қазір сын материалдарға емес, рух көтерер мақалаларға зәру. Ал әсіре сыни тақырыптармен қазақ спортын алысқа апара алмаспыз.
Автор: Әзиз ОразбайБіздің серіктес: FONBET