Жарнама
Жарнама

Бапкер Бердіқұлов

14.05.2013, 06:40
Жарнама
Жарнама
ImageСейдахмет Бердіқұлов журналистиканың һас шебері болғанына ешкім шүбә келтірмейді. «Лениншіл жас» деген кезде, сол газетте тапжылмай 16 жыл редактор болған Сейдағаңды атақтысы да, қатардағы қаламгері де еске алмай қоймайды. Өйткені Сейдағаң – қазақ журналистикасының бүтін бір дәуірі. №1 ҚОЛТАҢБА Әңгіме – Сейдахмет Бердіқұловтың «Үшінші по­дъезд» атты повестер мен әңгі­мелер жинағы жа­й­­лы. Неге дәл осы кітап тілге тиек болды десе­ңіз­дер, айтайын: Сә­кең негізінен, спорттық шы­ға­р­­­­­маларын топ­тастырған осы кітаптың №1 қолтаң­ба­сын маған ұсыныпты. ...Қолымда – қалыңдығы бір еліден жуандау қатырма мұқабасы бар кітап. Қыса ұстағаным болмаса, оқып отырған жоқ­пын. Оқып отырмаған себе­бім, бұл кітапты әлденеше рет қайта оқып шық­қан­мын, әр сөздің десем артық болар, әр тарау­ы­ның айтар тарихы ойымда жаттаулы. Талай мәрте оқығанмын. Сонда да оқығым келе береді. Оқуға еріксіз жетелейтін күш бар секілді... «Мұңайып оянған қала» повесінің мына бір жолдарын қайталап тағы оқимын: «...Кең төсекте ты­пы­рлап аунай бердім, аунай бердім. Кеңірдекте кеп­телген қуа­ныш, көз шарасына іркілген жас. Әл­­деқайдан талып естілген СССР Гим­ні...». Мы­н­ау Рим Олимпиадасының күміс жүл­дегері, КСРО-ның еңбек сіңірген спорт шебері Ғұсман Қоса­новтың жүрекжарды жолболсынынан бір үзік: «...Кітап мұқабасындағы екі сурет те маған ете­не жақын. Несімен дейсіз бе? Таби­ғатымен. Екі көрініс те аламан бәйгенің бәсіре бір сәтін айқайлап айтып тұрған жоқ па?! Жүйріктер жар­ы­сы ғоImageй. Мен де жүгі­ргем, желаяқтар бәсекесіне түс­­­кем...». Бұл жинаққа сәт-сапар тілегендердің бірі рес­пу­бликаға, Одаққа танымал спортшы, футбол ма­маны, Қазақстан Рес­пу­бликасының еңбек сіңір­­­ген жат­тық­тырушысы – Тимур Сегізбаев:    «...Фут­­­­­бол өнері бір қарағанда жасыл алаңда теңбіл доп­ты жиырма екі ойыншы тынымсыз қуатын жайдақ ойын көрінгенімен, олай емес. Футбол – жанкүйерлері өлшеусіз көп, тек жампоз жігіттердің өресі жететін күрделі өнер. Міне, сондықтан да біздің өз арамызда теңбіл доп саң­лақтары сапыр­ылысып жүрген жоқ. Футбол – тек ойнауға ғана емес, түсінуге де қиын өнер. Соған қарамай, Сейдахмет Бердіқұлов әлемдік футбол додасы жайлы тамаша кітап жазды. Бұл кітапты оқыған жан автордың теңбіл доп тылсымын жақсы білетініне таңданар еді. Мен өзім кезінде осыған таң­данудан жалыққан емеспін... ...Сәкеңнің футболдың қыры мен сырын кез кел­ген маманнан кем білмейтіні де кезінде мені таң­­­ғалдырғаны бар. «Қайрат» командасының бап­­­­­кері А.Севидов оны шақыр­тып жүр ек­­­ен­. А.Севи­­дов футбол өнерінің аса терең ойлы ма­­ман­­­­­да­ры­ның бірі болатын. Сол кісінің Сәкең­­мен бүгін­­гі футбол өнерінің оңы мен солы жайлы ұзақ пікі­р­­лескені есімде. Мен сол кезден-ақ Сәкеңді фут­­­бол ойынының жанкүйері деуден гөрі, ұстазы деу­­­­ге жақын тұратыным сондық­тан...» Дат, оқырман! С.Бердіқұловтың творч­ес­т­во­сына кез келген сыншы, кез келген спорт ма­ма­ны жоғарыдағы екі адамнан артық баға бере алмас де­дік. Ол рас. Бірақ кезінде кітап жарық көрі­сі­мен «Қазақ әдебиеті» газетіне жарияланған (№49, 4 желтоқсан, 1981 жыл) қазақ әдебиетінің тар­лан­дарының бірі, қазақ поэзиясының ардагер аға­­сы деуге лайық Әбділда Тәжібаевтың ре­цен­зия­сын оқыған соң қандай таланттың қырын да бір немесе екі адам толық аша алмайтынын бай­қа­дық. Адамның жанын түсініп, жақсылығын бе­тіне айтуға үйренген ақсақал ақынымыздың жаз­­ған пікірінен соң С.Бердіқұловтың оқыр­ман­дар үшін жаңа бір қыры, қасиеті ашылды.  Бүгінде әрбір шаңырақта шағын болса да кітап­хана ұстау дәстүрге айналды. Біздегі сондай кітапхана деуге олқы соғатын кітап сөрелерінің ортан белінде тұратын С. Бердіқұловтың «Үшінші подъезд» атты кітабын қолға көп алып, оқуға сұраушылар кейінгі кезде көбейіп жүр. Қолқа салған соң, амал жоқ, бересің. Араға күн салмай оқып шығып, әкеліп берген оқырманның мына бір-екі ауыз сөзін жиі естимін: «Тамаша кітап екен. Жазушы №1 қолтаңбаны саған беріпті-ау, бұл да – абырой...» Жоғарыдағы кітапты бізден алып оқып жүр­гендер­дің пікірін бұл жерде ту етуден аулақпын. Бірақ бұл кітаптың қолдан-қол­ға тимей оқылға­нына дауым жоқ. Шы­нын айту керек, спорттық көркем әде­биет­ке тапшылығымыз әлі сол күйінде. Сон­дықтан да С.Бердіқұловтың есімі ерек­­ше, дара аталары да заңды. Қай тақырыпта да, әсіресе, спорт та­қы­ры­бында, шығарманың құндылығы ав­тор­дың осы бір керегесі кең, шаңырағы биік дүниеге қан­ша­лықты жақын, қан­ша­лықты туыс, жанашыр еке­ні­мен өлшенуге тиіс. Спорт­тың ет езіп, сүйек шы­тынатар сал­мағын, жүрек қысып, ішек созар тар­тыстылығын, бір сәтке ғана бақытты етіп, өмірлік қуат берер қасиетін білмей, сезінбей, спорт тақырыбын меңгеру мүмкін емес. «Ол үшін өз­ің де спортшы болуың керек» деген қатқыл пікір­ге қосылмаймын. «Тамаша спортшыдан тәуір бапкер шығуы міндетті емес» деген секілді, спорт тақырыбын тамаша меңгеру үшін жазушыға кезінде рекордтардан көз аштырмаған спортшы бо­лу да мүлдем міндетсіз. Тек жоғарыда ай­тыл­ған­дай, спорт әлемінің тылсымын жанымен сезетін суреткер болса болғаны. Ұстазым Сейдахмет Бердіқұлов сондай адам еді. Ғ.Қосановтың мына бір әңгімесі де жазушының спорт әлеміне сонау ба­лаң кезден балапандай тәрбиеленгеніне куә бо­ла алады. 1959 жылғы КСРО халықтарының жазғы II спартакиадасында аса қысқа қашықтықта жеңген жеңіл атлеттің фамилиясы электронды таблода жалт ете қалғанын көзі шалған сол кездегі жастар газетінің тілшісі шарқ ұрып Қосановты іздейді. Та­бады. Сол кезде Молдавия құрама коман­дасы­ның сапында өнер көрсететін солдат Ғ.Қосан­о­в­тың қазақ екенін көріп, көзіне жас алады. Мұн­­ың да еш айыбы жоқ. «Отан отбасынан басталады» деген аталы сөз бар. Сонау жас шағында қызыққан, сол кезде таң­да­­ған тақырыбын Секең ғұмырының соңына дейін ештеңеге айырбастаған жоқ. Әрине, біз  С.Берді­­­құловтың өзге тақырыптарға жазған әңгі­ме, по­­вес­­­терін де оқыдық. Дегенмен жазушы твор­чес­твосының әр кезеңінен спорт тақырыбы атой салып, ерекше көрініп, менмұндалап тұра­ды. Бұл тақырыпты творчествосының ат байлар қазығы десек те жарасады. Менің бұл жазғандарым – қаламдас аға жайлы сағынышты сыр. Олай болса, жазушының жас қаламгерлерге мәңгі үлгі болар бір-екі қасие­тін баса айта кеткен жөн болар. Ең әуелі С.Бердіқұловтың шығармасының тілі тамаша. Қай оқиғаны әңгімелеп отырса да одырайып тұратын бейтаныс сурет, дүрдараз диалогтар кездеспейді. Бәрі де шебер ұстаның шегесіндей, ұшы өткір, түбі тиянақты келеді. Жазушының қай шығармасын оқысаңыз да бояуы мол, рахат дүниеге кенелесіз де отырасыз. Еріксіз езу тартатын ет жақын тұстар да молынан кез­де­се­ді. Бұл жалаң юмор іздеудің жемісі емес, жазу­шының шұрайлы тілінің ең қажет деген тіркестерін ал­ған тұстары ғана. Әдетте көптеген әдеби шығар­ма­ларда автордың жоқтан күлкі іздеп тауып, оны орын­сыз зорлап қосып, жапсырғаны менмұн­далап, сыйыспай тұрады. С.Бердіқұловта ол жоқ. Бүкіл шығарманың өн бойы жазушының өз тілі, өз баяндауы, өз әңгімелеуі мәнеріне құры­лады. Әрі әлгідей әдемі қасиеттерімен ерекшеленіп тұра­ды. Кітаптың кез келген тұсын ашыңыз. Мысалы: «...Елеңдеп қалған адам бүйірі қызған бәй­ге аты секілді деңіз де қойыңыз. Байыз тауып не отырып, не жата алмайды. Аз-кем аяқ суыт­қаннан соң көшеге шықтым. Қасымда – грузин журналисі Отар Назадзе. Футболға байланысты дүн­иені сыпырып-сиырып, сатып ала береді. Бөл­месінің өзі кішігірім музейге айналған. Ауылда фут­бол жайлы мыңға тарта кітабы барын, дүние- жүзін­дегі ең ірі жарыстардың арнаулы значоктері со­дан табылатынын басқа грузин жігіттері айтты. Біз­дегі Шора Сарыбаев секілді құныққан, беті бері қарамайтын «науқас» коллекционер». Бұл – жазушының Мехико футбол чемпионаты жайлы жазылған деректі повесінің жеті жолы ғана. Мұндай жылы теңеу, жүйелі суреттеулер бүкіл шығармаларының өн бойында балбұлақтай еседі де тұрады. Республикамыздағы спорт журналистикасының марқасқасы атанған жазушы спорт әдебиетінде де сол биігінен түспеген. Бұл айтылғандарды құлақпен естіп қана қоймай, жүрекпен сезінгісі келгендер болса, Сейдахмет аға маған №1 қолтаңба қойып берген «Үшінші подъезд» жинағын тағы бір парақтасын. Несіп ЖҮНІСБАЙҰЛЫ, Сәкеңнің шәкірті, республикалық «Sport»-«Спорт» газеттерінің директор-бас редакторы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Астана қаласы Өмірі де, өлімі де бөлек адам Сейдағаң ерекше киінетін. Шалбары бір түсті, ал пиджагі торкөзді өзге түсті. Кейде галстукті шешіп тастап мойнына косынка байлайды. Бұл сонау сексенінші жылдары ешкімнің ойына келмейтін. Кейін де сондай киінуді Асанәлі Әшімов пен Ол­жас Сүлейменов ағаларым сәнге ай­на­лдырды. Бұл тек үшеуіне ғана жараса­тын үр­діс еді. Бірі – журналист, бірі – ак­тер, бірі – ақын. Ал Сейдағаңда Асанәлі де, Олжас та қай­талай алмайтын бір киім бар. Ол – бас ки­і­м. Кепка. Шетелде жүргенде әкелетін бо­луы керек, тігісі бөлек, түрі бөлек. Ол тек Сә­кеңе ғана жарасуы мүмкін. Киі­нуі де – стиль. Де­таль. *** Қаламгер ағамыздаң үйіндегі Күләтай жеңгеміз өте сұлу, жайлы, қонақжай кісі еді. Ашуланғанын көрген емеспін. Кейде қонаққа бірге барамыз. Көбінесе ауылға. Әсі­ресе, Бекболат Тұрысжанов ағам ау­дан­­дық партия комитетінің бірінші хат­шысы болып тұрғанда. Дастарқандағы ащы су көбейіп бара жатса, «Ий», – деп күлетін. Мұндайда Сейдағаң басқа еркектерге ұқсап «Неге ежірейіп тұрсың?» деп сал­май­ды. «Күләжан, Күләжан», – деп ста­қан­­ды сумен ауыстыратын. Сонан Сейдағаң «Бір қыз бар Маралдыда қорлы­ғай­ын...» деп әнге салсын. Жеңгемнің ту­ып-өскен жері. Жарасымды еркелеу. Сейдағаң көзі жұмылғанша Күләтай жең­гемізді осылай еркелетіп өтті. Бір жыл­­дары болмашы операциядан хирургтің пы­шағы қате тиіп, жеңгеміз жүре алмай қалды. Бұл кесел ұзаққа созылды. Сейдағаң жеңгемізді махаббатымен бері қаратты. Балаша күтті. Қимылы кішкене орныға бастағаннан кейін қасынан тастамай, ертіп жүрді. Әлде­кімдер секілді біреулердің етегіне іле­сіп кеткен жоқ. Күш­ті рух. Деталь. *** 1986 жылдың Желтоқсан көтерілісінен кейінгі күндердің бірі. Дәл қай күн екені есімде жоқ. Комсомолдың Орталық Коми­те­тінің бюросы өтіп жатқан. Бюроға КП­СС Орталық Комитетінен Соломенцев қа­тысты. Қаза­қстан комсомолының Орталық Комитеті жастардың арасында интер­на­цио­нал­дық тәрбие жүргізбеген. Жоғары оқу орындарына кіл қазақ ұлтының өкіл­дері қа­былданады. Қазақ ұлтшыл­дығына сендер тосқауыл қоя алмадыңдар – деген маз­мұн­да сөйлеп, саусағын бірінші хатшы Серік Әбдірахмановқа қарап шошайтты. Үнсіздік. Осы кезде Сейдағаң паңдау, сырбаз міне­зінен айырылып қалды. – Жолдас Соломенцев! Сіз сауса­ғыңызды шошайтпаңыз. Бізді тұқыртып келе жат­қан да осы нұсқағыш саусақтар. Қазақ ұлтшылдығы деген – жабылған жала. Дәл осы кезеңде Сейдағаң баспаға директор болып ауысып бара жатқан. Үндемей қа­луға да болар ма еді. Бірақ мұндайда ол үнсіз қала алмайды. Мінез. Деталь. *** Алпысын тойлап өткеннен кейін Сейдағаңа ауыр кесел жабысты. Мойы­ма­ды. «Жа­зыламын, жазамын, Уәлихан»  дейді көңілін сұрап барған сайын. Не дейін? «Иә, иә», – деп құтыламын. Бірте-бірте кесел жаналқымға келді. Әле­кең (туған ағасы) оңаша бөлмеге шақырып алды. – Біз­дің ешқайсымыз Сейдахметке бата алмаймыз. «Жаман айтпай, жақсы жоқ», ол­ай-бұлай болып кетсе, тапсырар не аманаты бар. Сенен басқа ешкім сұрай ал­май­ды, кіргізбейді... Бөл­меге кірдім. Терезені қараңғылатып қойыпты. Қасында жарықшам. Шашы та­ра­лған. Сақал-мұрты алынған. – Келдің бе? Тартшы пердені, күнді көрейін... – Аға, өмір бар да өлім бар деген. Не айтасыз? – Ұйықтап кеткен екенмін. Түсіме «Қарақыстақ» кірді. Баяғы бала күнгі бұ­лақ­­тан су ішіп жатыр екенмін. Оянып кет­тім. Қас-қағым сәт. Шөлдедім. Шіркін, «Қарақыс­тақ­тың» бұлақ суы-ай... Бұлақ суын Сейдағаң ауылға барған сайын ішетін. Ішкенде де ешбір дәмге қара­мастан, дәлізде тұратын флягаға кружканы салып, толтыра алып, сіміре жұта­тын. Әлекеңді ауылға жібердім. Сейдағаң­ның бал бұлағынан бір фляг су алдырдым. Круж­­касымен. Ертесіне таңертең үйге қайта келдім. Кірпігі әрең қимылдап жатыр екен. – «Қарақыстақтың» суы. Сейдағаң кружканы екі қолымен алып, сіміре жұтты. – Тәттісін-ай! – Газетіңді қарайтын уақыт болды. Бар. Шынында да, бірінші бетті қарайтын уа­­қыт, он бір. Өзін емес, оқырманды ой­лап жа­­тыр. – Кешке соғамын, аға. – Уәлихан, – деді ағам қолымды ұзақ қы­сып. – Бәрін өзің білесің ғой... Сейд­ағаңның өмірі де, өлімі де бөлек. Деталь. Уәлихан ҚАЛИЖАНОВ, филология ғылымдарының докторы, М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры Сәкең ақсүйектік құрыптағы лицейлер мен кол­ледждерде оқыған жоқ, кәдімгі кеңестік мектептің жұпыны қабырғасынан-ақ шыққан. Жұмабай ШАШТАЙҰЛЫ Спортты жазуға ауыз әдебиетімен, фразеологиялық тіркестермен, шешендік сөздермен қоян-қолтық астасып жататын тақырып кухнясына терең бойлайтын Сейдахмет Бердіқұловтың стилі керек екен. Жарылқап БЕЙСЕНБАЙҰЛЫ Ол халқы үшін, Қазақстан жастары үшін, не мәсе­леде болсын Егеулі найза еді. Ержұман СМАЙЫЛ Сәкеңнің «Редактор идеялардың қайнар көзі болуы керек» деп қайталап айта беретін сөзін шындап сездім. Жанболат АУПБАЕВ Қара жердің қойнына тым ерте кеттіңіздер, неге асықтыңыздар? Қыдырбек РЫСБЕКҰЛЫ Сәкеңді де Жаратқан қазақ спорт қаламгерлерінің Көшбасшысы болсын деп сайлап жібергендей. Несіп ЖҮНІСБАЙҰЛЫ Cпорт журналистикасының атасы Сейдахмет Бердіқұл – өзінің журналистік мектебін қа­лыптастырған бірегей қаламгер. Ол кісі – қазақтың спо­р­т журналистикасының атасы. Осы саланың ірге­та­сын қалаған қарымды жазушы. Біз бала кезден Сейдахмет ағаның шығармаларын сүй­­сініп оқыдық. Ағаның ешкімге ұқсамайтын жазу сти­­лі, құнарлы тілі оқырманды бірден үйіріп алады. Ал спо­рт­­тың қалтарысы мен ішкі иірімдерін жетік білуі тіп­ті ғажап. Сейдағаң спортты сондай бір махаббатпен жырлады, қара сөзден жыр маржанын түзді. Біз шалғай­дағы ауылда жүріп сол ғажап жырларды қайта-қайта оқыдық, тоймадық, оқыған сайын спорттың ғана емес, ағаның шын жанкүйеріне, тілектес інісіне ай­на­л­ғаны­мыз­ды білмей қалдық. Сейдағаң Алматыда отырып  қи­ыр-қиырдағы жүз мыңдаған баланың жүре­гі­не от жақ­­­ты, өзінің егеулі найзадай өткір де сұлу туын­ды­­ла­ры­­­мен қазақ жанкүйерінің намысын қайрады. Біз спорт­­­­қа Алланың бұйрығымен келдік, ал осы жолды таң­­­дау­ы­­­­мызға ағаның себепші болғанын ешкім жоққа шы­­­­ға­ра алмайды. Тағдырдың жазуымен 1985 жылы жазда ағаның қолас­тына тілші болып келдім. Бір кезде қабырғадағы бес сом­дық радионың құлағына жабысып, спорт хабарларын ын­­­­­тыға тыңдайтын қара бала осылайша күтпеген жер­ден атақты Бердіқұловтың шәкірті болып шыға келді. Со­­­­дан тура бір жарым жыл бірге қызмет істеудің сәті тү­с­­ті. Аға біз секілді жастарға мейіріммен қарады. Ал ке­рек кезінде жоныңнан таспа тіледі. Артынша үлкен ба­с­ы­­­мен кабинетіңе келіп, жазғандарыңның оңы мен со­лын бір-ақ ауыз сөзбен тарқатып береді. Әлгінде ғана жау­­­ар бұлттай түнеріп, қабағынан қар жауған Бердіқұлов ем­­ес, жүзінен мейірім төгілген Бердіқұлов тұрады ал­дың­­­­да. Біраз жыл ағаның жазу мәнеріне көзсіз еліктеп, Бер­ді­­құловша жазуға талпындық. Уақыт өте келе Берді­құлов бола алмайтынымызды ұғып, өз қолтаңбамызды тап­қандай болдық. Бірақ Сейдағаңның қолтаңбасы еш­кімге ұқсамайды. Спортқа қалам тербеген ондаған қазақ жур­налисінің бірде-біреуі Бердіқұлов тәрізді соңынан шә­кірт ерте алған жоқ. Олардың бірде-біреуі Берді­құлов­тың көркемдік шыңына иек арта алмады. Нағыз ұс­таз осындай болса керек. Қыдырбек РЫСБЕК, Бердіқұловтың шәкірті Талапшылдығы таңғалдыратын 1974 жылы КазГУ-дің филология факультетін бітірген соң, ауылда бір жыл мұғалім бо­лып, Алматыға қайта келіп, жұмыс іздеп жүрген едім. «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас Ал­аш») газеті редакциясына келдім. Сол кездегі жастың да, үлкеннің де сүйіп оқитын газеті «Ле­нин­шіл жаста» жұмыс істеу әркімнің де арманы еді. Әлі есімде, сәуірдің 6-да Сейдахмет Бердіқұлов ағайдың бұйрығымен корректор болып жұ­мысқа қабылдандым. Бұл – 1976 жыл еді. Дәл сол кезде партияның 24 съезі өтіп жатқан-тын. Ағайдың: «Қарағым, бұл жұмыс оңай емес. Әрбір үтір мен нүктеге абай болу керек, үлкен жа­уап­кершілікті талап етеді. Оның үстіне съезд материалдарына өте мұқият қарау керек. Газет жұ­мысының нағыз қызған кезіне тап келдің» деген сөздері әлі күнге дейін жадымда. Ол кісі өте талапшыл еді. Газет бетіне кетіп бара жатқан материалдың сөйлем құрылысына, үтір, нүк­тесіне дейін мұқият қарайтын. Нөмірге жақсы мақала кетіп бара жатса, балаша қуа­натын. Бірде ертеңгі нөмірге Қали Сәрсенбайдың «Қара кемпір» деген мақаласы шығып бара жат­ты. Сонда Сейдахмет ағайдың: «Мынау керемет, сенсация ғой» деп риза болғаны бар еді. Мақ­тайтын жерде мақтап, ұрысатын жерде ұрысып та алатын әділетті басшы болатын. Адам бо­йындағы қасиетті дөп басып, дәл танитын психолог та еді. Осындай үлкен жүректі, білікті бас­шының көзін көріп, ұлағатын естіп, қоластында жұмыс істегенімді өзіме бақыт санай­мын. «Жас Алаштың» 90 жылдық тойында баласы Заңғарды көргенде, Сейдахмет ағаны көр­ген­дей болып, көңіл босағаны бар. Бәрімізге әкеміздей қамқор болған, ерекше болмысымен ес­те қалған жайсаң жанды ұмытпаймыз. Бағдат БӘКІРОВА Бетті әзірлеген Жолдасбек ДУАНАБАЙ
Жарнама
Жарнама

Новости партнеров