«Барселона» Мадридтік «Реалдан» басым түсті. Каталониялықтар допинг қолданды деген рас па?
Ла лиганың 11-туры аясында «Реал» өз алаңында ата жауы «Барселонаны» қабылдады. Үйге кіргізіп, төрге шығарып, шай беріп шығарып салды. Мадрид қаласының тұрғындары қонақжай екен. Сырт алаңда ойнап жүрміз-ау дейтін «Барселона» жоқ. Алғашқы таймда бақылап жүріп, ойынның екінші бөлігінде топырлатып гол салды. Бақандай 4 гол. «Реал» жауап қата алмады. Левандовский дубль авторы атанды. Артынан ерген екі інісі Ямал және Рафинья бір-бір голдан қарсылас қақпасына тоғытты. Осылайша, сырт алаңда сенімді түрде жеңіске жетіп, турнирлік кестеде көш бастады. «Реалдан» 6 ұпайға озып кетті.
Дәл осындай қаһарлы «Барселонаны» көрмегелі біраз жылдың жүзі болып еді. Команда өз көлеңкесінен қорқып жүргелі қанша қыс, неше жаз өтті десеңізші?! Чемпиондар лигасының топтық кезеңі арман болған күндер. Еуропа лигасында жетімсіреген жәудір көздер. Бұл жағдайлардың бәрі артта қалды. Команданы баптауға келген жаңа бапкер, жаңа лидер барлығын құтқарды. Бұл әрине өздеріңізге белгілі - Ханси Флик. Жанкүйерлердің арасында қызу әңгіме жүруде. Бірі шын, бірі өтірік дегендей. Жұртшылықтың айтуы бойынша, Флик «Барселона» жасағын қалыптастыра білді. Қолда бар ойыншылардан жауынгер жасай алды. Ал, Карло Анчелотти Тони Кроссыз «Реалды» жасақтай алмауда. Командаға келген жаңа ойыншыларды дұрыс пайдалана алмайды. Мінекей, жұрт айтса, қалт айтпайды. Ақылға қонымды. Кеше біз Мбаппенің сүреңсіз ойынын көрдік. Команданың қорғанысы нашар екенін байқадық. Тағы бір фактор бұл негізгі қақпашының жарақат алуы. Лунин мұндай үлкен бәсекеге дайын болмаған секілді. Мадридтік ұжымның қозғаушы күші қозғалмайтындай.
Біздің серіктес: FONBET