Жарнама
Жарнама

«Барселона» – чемпион

31.05.2011, 21:15
Жарнама
Жарнама
Мамырдың 28-iнде Еуропада футбол тойы өттi. УЕФА чемпиондар лигасының финалында “Манчестер Юнайтед” пен “Барселона” “мүйiздестi”. Биылғы чемпион кiм боларын асыға күткен жанкүйерлер Лондондағы “Уэмбли” стадионын лық толтырды. Көпшiлiк күткендей ойын болды өзi де. Сэр Алекс Фергюссон баптайтын “Манчестер Юнайтед” “Барселонадан” ұтылды. Педро Родригес, Лионель Месси, Давид Вилья соққан голға қарымта Руни ғана қайтарды. Осыдан екi жыл бұрын да осы екi команда Римдегi “Стадио Олимпико” стадионында ақтық сында жолдары түйiскен. Сол жолы 2:0 есебiмен “Барселона” жеңiске жетiп, чемпион атанған-ды. Мiне, сол жүрiстен Пеп Гвардиолланың сайыпқырандары әлi жаңылмапты. Сэр Алекс шәкiрттерi соңғы жылдары үшiншi мәрте финалға жетiп отыр. Бiрақ тағы да “Барселона” аяққа тұсау болды. Сол кездегi жеңiлiстiң кермек дәмi таңдайдан әлi кете қоймаған манчестерлiктер қанша жерден тырмысқанымен, Виктор Вальдес қорыған қақпаға қарай андыздай алған жоқ. Алғаш болып есептi каталондықтар ашты. Ойынның 27-минутында Педро Родригес Эдвин ван дер Сар қақпасын қақыратып жiбердi. Бұған жауап ретiнде 34-минутта Уэйн Руни гол соғып, таразы басын теңестiрген. Ойынның оты екiншi таймда да қыза түстi. 54-минутта соңғы екi жылда алтын бала атанып, Еуропаның үздiгiне берiлер “Алтын допқа” ие болған Лионель Мессидiң де маңдайына гол жазылды. 69-минутта “Валенсиядан” ауысып келген Давид Вилья есептi 3:1-ге жеткiздi. Төрешi қосқан қосымша уақытта да ойын нәтижесiне өзгерiс енген жоқ. “Барселона” өзiнiң спорттық тарихында чемпиондық тәждi төртiншi мәрте ұтып алды. Ал биылғы чемпиондар лигасындағы сапарын 12 голмен аяқтаған Месси матчтың үздiк ойыншысы атанды. Финалдық ойынға “Барселонаны” Карлес Пуйоль емес, Хави бастап шыққан. Марапаттау рәсiмiнде Мишель Платинидiң қолынан кубокты Карлес емес, Эрик Абидаль алды. Себебi қатерлi iсiк ауруына шалдығып, бүйрегi ауырып бүк түсiп қалған Эриктiң ендi алаңға оралуы да екiталай болатын. Доп теппек түгiлi, қара басының амандығы жанкүйерiн есеңгiретiп жiберген. Осындай қиындық атаулыны бұзып-жарып шыққан Абидальдың кубокты алдымен қолына алып, басына көтеруi заңдылық та. Тоқсан минуттан аса ойында Эдвин ван дер Сар қақпасына 12 тура соққы бағытталыпты. Ал Виктор Вальдеске Руни бастап, Чичарито қостап, 1 ғана тура соқымен мазалады. Бұрыштама добын 6 мәрте “Барселона” ойынға қосса, “МЮ” бiрде-бiр рет стандартты шабуыл орындай алмады.
Жарнама
Жарнама

Новости партнеров

Алдыңғы жаңалық
ФИФА Блаттерді ақтап алды
Келесі жаңалық
Біріншілік пе, базар ма?