Екі жылдық үзілістен кейін "Барселона" өз үйі – "Камп Ноу" стадионына қайта оралмақ. Алайда бұл жолы команда ресми матч емес, жанкүйерлерге арналған ашық жаттығу өткізеді. Клубтың ресми мәліметінше, шара қараша айының 7-і күні өтеді.
Қазір "Камп Ноу" күрделі жөндеу жұмыстарының соңғы сатысында тұр. Дегенмен стадион толық дайын емес, қазіргі таңда арена тек 23 мың көрерменге есептелген. Бұл — болашақтағы 105 мың орындық сыйымдылықтың ширегінен де аз.
Клуб мәлімдемесінде:
"7-ші қарашада "Барселона" ерлер командасы ресми түрде "Spotify Камп Ноуға” қайта оралып, жанкүйерлер алдында ашық жаттығу өткізеді.” — делінген.
Билеттер клуб мүшелері үшін 5 еуро, ал өзге көрермендер үшін 10 еуро шамасында болады. Түскен қаражат ауру балаларға көмек көрсететін қайырымдылық қорына аударылады.
Клуб бұл жаттығуды тек жанкүйерлермен кездесу ретінде емес, сонымен қатар техникалық және операциялық сынақ ретінде қарастырады. Мұнда қауіпсіздік жүйелері, кіріп-шығу жолдары мен стадион инфрақұрылымының дайындық деңгейі тексеріледі.
Алайда Барселона қаласының өрт сөндіру қызметі кейбір қауіпсіздік мәселелеріне, соның ішінде эвакуация жолдарына алаңдаушылық білдірген. Сол себепті қалалық кеңес әзірге тек 27 мың көрерменге дейінгі сыйымдылыққа рұқсат берген.
Бұл жағдай клубты Монжуиктегі Олимпиада стадионында өнер көрсетуін жалғастыруға мәжбүр етті. Тек "Камп Ноу” аренасы кем дегенде 45 мың көрермен қабылдай алатын деңгейге жеткенде ғана "Барса" өз алаңында ресми матч өткізе алады.
Күрделі жөндеу жұмыстарының кешігуі клубқа үлкен шығын келтіріп отыр. "Барселона" үшін стадион — негізгі табыс көзі, ал оның жабық болуы қаржылық тұрақтылықты әлсіретті.
Қайта салу жобасының жалпы құны шамамен 1,5 миллиард еуро деп бағаланған.
Біздің серіктес: FONBET