Кеше Талғарға барып, Сирия құрамасымен болатын жолдастық кездесуге дайындалып жатқан Қазақстан ұлттық құрамасының жаттығу жұмыстарын көріп қайттық. Жаттығу жұмысынан соң, Қазақстан футболының ардагерлеріне өмірлерінің соңына дейін ай сайын стипендия алып тұратындары жөнінде сертификат тапсырылды.
Ұлттық құрама жаттығуыФутболдан Қазақстан құрамаларының Талғардағы базасына барсақ, ұлттық құрама жаттығуларын бастап кетіпті. Ортада Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері, чех маманы Мирослав Беранек шәкірттеріне нұсқау беріп жүр. Әр түрлі комбинацияларды қос қапталда қайта-қайта қайталап, футболшыларды машықтандыруда. Риза болғанымыз жігіттердің бәрін аттарымен атайды. «Таңат, Қайрат, Марат» деген дауыстарын жиі естідік. Тек Серікжанды «Мужиков» дейді екен. Байқағанымыз, кейбір ойыншылар алаңда жоқ. Артынан кішігірім жарақаты барлардың бөлек дайындалып жүргендерін білдік (Олардың арасында Жамбыл Көкеев, Сергей Остапенко бар екен). Содан соң құрам сапында «Ақтөбе» клубының ойыншылары әлі келмепті. Еуропа лигасы аясындағы «Аланиямен» болған қарымта матч түнде ғана аяқталды ғой. Ол да түсінікті.
Бас бапкер жаттығу жұмысын жиі-жиі тоқтатып, футболшыларға су ішіп алуға мүкіндік береді. Алаң шетінде салқын су дайындап тұрғандар кішігірім құтыларын алып, алаңға қарай құстай ұшады. Алшаңдай басып жүру жоқ, онда бас бапкерден ескерту алады. Күннің ыстықтығы соншалық, кұтыдағы сулар тез жылып кетеді. Олардың ішіне мұз салып, салқындатып тұрмаса болмайды. Мұз да тез таусылады. Біздің көзімізше екі қайта мұз әкелінді.
Жаттығу жұмыстары екі жаққа бөлініп, футбол ойнаумен аяқталды. Алаңның жартысы ғана пайдаланып, екі жақта жеті адамнан ғана ойнады. Бас бапкер алаң жиегінде өз шәкірттерінің бірде-бір қимылдарын қалт жібермей қарап тұр. Кейбір сәттерде ырза болғандығын білдіріп, мақтап та қояды, жігіттерді.
Бұдан соң гимнастикалық жаттығулар жасалынды. Мұнай арнайы мамандар жүргізді. Кімде-кім дұрыс жасамай жатса, бапкерлер мен нұсқаушылар лезде түзеп отырады.
Жаттығу жұмыстары аяқталған соң, бас бапкер Мирослав Беранекті сөзге тарттық.
Сириямен болатын жолдастық кездесуге әзірленіп жатырмыз. Бар ойымыз тек осы жодастық кездесуде. Ал Түркиямен және Әзірбайжанмен өтетін Еуропа чемпионатының іріктеу додасы аясындағы матчтар жөнінде сұрамай-ақ қойыңыздар. Әр нәрсе өз ретімен. Ол кездесулер туралы уақытында сөз қозғаған дұрыс. Ал Сирия құрамасына келсек, бұл команда да осал емес. Техникалық шеберліктері жоғары. Негізінен, қорғанысқа көп көңіл бөлудеміз. Бірақ тек бекіністі ғана ойлап жүрген жоқпыз. Жеңіс кілті шабуылда екенін де әсте есімізден шығармаймыз. Ұжымдық ойын үлгісін жетілдірсек деймін. Қорғаныста да, шабуылда да тізе қоса қимылдау керек. Жұмыла қорғанып, біріге шабуылдап, барлық футболшылардың күш-жігерлерін жойқын күшке айналдыруды көксеймін, – деді.
Бас бапкер көп ашылып сөйлемеді. Бәрін жайып тастамады. Ойына түйген ішкі жоспарлары мен тактикалық айла-амалдарын жіпке тізіп шықпайтындығын ашық айтты. Еуропа чемпионатының іріктеу додасы аясындағы келесі екі матч түзде өтетіндіктен негізінен қорғанысқа көңіл бөліп жатқандығын сездік. Өте дұрыс, Түркия мен Әзірбайжанның өз алаңдарында бірден атойлап алға шабатындары, айтпаса да түсінікті емес пе.
Ардагерлерді марапаттауБұдан соң Қазақстан құрамалары жаттығатын базаның сәулетті ғимаратының ішінде аяқдоп ардагерлерін марапаттау рәсімі өтті. Қазақстан футбол федерациясының вице-президенті Сейілдә Байшақов 14 ардагерге өмірлерінің соңына дейін ай сайын 30 000 теңге стипендия төленіп тұратыны жөнінде сертификат тапсырылды. Негізі, ардагерлер бұл төлем ақпан айынан бері беріліп келеді. Бұл жолы сол төлемақылардың кепілдемелік сертификаттары тапсырылды. Сейілдә Икрамұлы сөзінің соңында: «сіздерге тек қана кепілдемелік қағаз ғана тапсырып қоймай, ұлттық құраманың бас бапкерімен де таныстырмақпыз», – деді. Кепілдеме қағаздары салтанатты түрде тапсырылған кезде ұлттық құраманың бас бапкері Мирослав Беранек ақсақалдардың бәрінің қолдарын қос қолдап қысып, ізет көрсетті. Ортаға Тимур ағамыз шыққанда, Сейілдә Икрамұлы бас бапкерге қарап, «Бұл кісі – қазақ футболының жарық жұлдызы. Кезінде біздің ұжым «Сегізбаевтың командасы» атанған. Команданың капитаны» деп өзгелерден ерекше таныстырып өтті. Ең соңында Мирослав Беранек:
– Сіздермен танысқаныма қуаныштымын. Сіздер – қазақ футболының тарихысыздар. Денсаулықтарыңыз мықты, өмірлеріңіз ұзақ болсын, – деп ақсақалдарымызға ізгі ниетін жолдады.
Бұдан соң ардагерлер өздерін ұмытпай, көңіл бөліп, қамқор жасап отырған еліміз бен ұлттық футбол федерациясына алғыстарын жаудырды. Кейін ардагерлер түскі асқа шақырылып, біз кері қайттық.
Талғарға барған сапарымызда байқағанымыз, ел футболына немқұрайды қарамайтын адамдардың ешқайсының да ұйқылары қанбаған сияқты. Енді ше, «Ақтөбе» терезесі тең ойында опық жеп, Еуропа лигасынан шығып қалғанда, өкініш өзегімізді өртеп, көбіміз ұйықтай алмай, аласұрдық емес пе...
Автор: Нұрғазы Сасаев