Жарнама
Жарнама

Бас бапкерге қандай тапсырма жүктелдi?

14.02.2011, 20:11
Жарнама
Жарнама
Азиада деп шулап жүргенде, қысқы спорттан бөлек қаншама өзгерiстер болғанын ақтарылған ақпараттар мен үстi-үстiне төгiлген мәлiметтердiң себебiнен халық көп нәрсенi аңғармай қалды. Тiптi, апақ-сапақта қаншама маңызды өзгертулер мен толықтырулар болғанын ендi ғана есiне алып жатқан сияқты. Дәл солай. Азиадаға аңсарымыз ауып жүргенде мерзiмiнен бұрын президенттiк сайлау өтетiн болып, футболдан ұлттық құрамамызға жаңадан бас бапкер келдi. Ендеше саясаттан iргемiздi аулақ салып, ұлттық құраманың хал-жағдайына бiраз назар аударайық. 

Айтқанын қайтпайтын, қателiгiне шаң жуытпай, өз дегенiмен ғана жүретiн немiс маманы Берд Шторкке рахметiмiздi айтып, шапан жауып жiбергеннен кейiн көп ойландық. Ешкiмге жалтақтамадық, құрамаға кел деп те көреген бапкерлерге кесiмдi ұсыныс жасаған жоқпыз. Бiрақ, ұлттық құраманы ұшпаққа шығаратын лайықты кандидаттар кедестi деп те толықтай айта алмаймыз. Еуропалықтар да иесiз қалған қазақ футболына аянышпен қарап, Қазақстанды қалталы елге балап, қалаған жаттықтырушыны қаратып алады деп ойлады.  Бiрақ, қаржымен ғана қалауың орындала бермейтiндiгi тағы да айқын. Сондағы жорамал бойынша бапкерсiз тұрған Қазақстан ұлттық құрамасына болгар маманы Христо Стойчков келедi деген сыбыс та айтылған. Тiптi, қол қусырып жұмыссыз отырған испан жаттықтырушысы Рафаэль Бентитестi де құрамаға алып келудi армандадық. Бiрақ, бiздiң футбол федерациясының басшылары бар жауапкершiлiктi өзiне алмай, мәселенi отандық басшылармен ақылдаса отырып шешетiн адам iздеген көрiнедi. Қазақстан ұлттық құрамасының қазiргi бас жаттықтырушысының мiнезiне қарап, осындай ойға барасыз.

Тырнақалды кездесуiн ақ орыстармен жолдастық кездесуден бастаған чех маманы тең нәтиже қол жеткiзiп, бәз бiреулердiң айтуынша сенiмге кiрiп үлгерген. Бiрақ, сол матчтан кейiнгi Белорусь ұлттық құрамасының бас бапкерi Бернд Штангенiң «Бiз маңызды кездесу болмағаннан кейiн, жеңiлмесек болды деген ұранды ұстандық. Әйтпесе, Қазақстан құрамасы қалпақпен қағып алатын команда екенiн iсiмiзбен де дәлелдегенбiз. Сондықтан, бұл тең есептi жаңа бапкердiң жетiстiгi деу мүлдем керi пiкiр болар» дептi. Өзгелер қалай десе де, жаңа бапкердiң пәрмендi жұмыс атқаруына бұл нәтиже де септiгiн тигiзетiнi анық. Бiрақ, нәтиже көрсететiн негiзгi сәттер алдағы күннiң еншiсiнде екенiн жақсы ұғудамыз. Ал, жаңа бапкерге ҚР футбол федерациясы қандай талаптар қойды дегенге келсек. Бұрындары iрiктеу сындарында 10 ойыннан 10 ұпай еншiлеудi меже етiп қоятын болса, қазiр 10 ойында бiр гол соғу да мұң болып кеттi. Демек, тек гол жiберу ғана қолынан келетiн командағa гол соғуды да үйрететiн басшы керек болып тұр...

Құраманың бас бапкерi Мирослав Беранек алғашқы сұхбатында Қазақстанның өз тобында соңғы сатыдан көрiнетiн деңгейде емес екендiгiн, әлемдiк рейтинг бойынша 137-шi емес, 60-шы тұратын ұлттық құрама деп мәлiмдептi. Егер сәтiн салып жатса, етекте жүрген командамен биiктен көрiнемiз деп бiлек сыбанып отыр.

– Мен Карел Брюкнер секiлдi тәжiрибелi жаттықтырушымен бiрге көп асулардан өтiп, белестердi бағындырған адаммын. Еуропаның Павел Недвед, Томаш Росицки секiлдi үздiк ойыншылардың да қайдан шығатындығын жақсы бiлемiн. Ендi осы тәжiрибемдi Қазақстан құрамасы арқылы дәлелдеуге дайынмын. Мен үшiн ең бiрiншiден, футболшылар мен жаттықтырушылар штабы тек команда үшiн жұмыс iстеуi керек, бұл өте маңызды. Екiншi – ұйымшылдық. Футболшылардың ара-қатынасы алаңда да, алаңнан тысқары өмiрде де бiрқалыпты сақталуы тиiс. Үшiншi – тәртiп. Сондай-ақ, қазақстандық футболшылардың барлығы құрамаға iлiгу үшiн таласып жүру керек. Iшкi бiрiншiлiктегi ойыншылардың барлығы сол үшiн талпынып, талантын сыртқа көрсе те бiлсе, менiң тарапымнан қарсылық болмайды. Iшкi бiрiншiлiктегi ойындардың барлығын мен өзiмнiң бақылауыма алатын боламын, – деп отыр.

Әзiрге бұл бапкердiң немiс бапкерiнен айырмашылығы сол, орысшасы оңды екен. ойын толық жеткiзе алмаса да, аз-кем шүлдiрлей алады екен. Ең бастысы, футбол терминi барлығына ортақ. Екiншi, бапкерсiз отырған кезiмiзде құрамаға келiп үлгерген Самат Сымақов, Азат Нұрғалиев сынды жiгiттердiң команда үшiн тер төгуiне қарсылық бiлдiрген жоқ. Тiптi, Шторк тәрбиелеген жiгiттердiң де ешқайсысын шеттетудi ойлап отырған жоқ.

Сонымен, жаңа бас бапкермен қандай межеге жетпекпiз?! Сiрә, чех маманымен ұзақ уақыт сырласатын сияқтымыз. Өйткенi, биылғы кездесулердi сәтсiз бастаған құраманың келер жылғы Еуропа бiрiншiлiгiнен биiктен көрiнбейтiндiгiне иегi де қышымайтын секiлдi. Тiптi, 2014 жылғы Бразилияда өтенiн әлем бiрiншiлiгiне де белден басып қарап отыр. Ал, ақырғы меже, 2016 жылғы Еуропа бiрiншiлiгiн де қалай iрiктеу сындарынан өту. Мiне, бүтiндей бес жылға мүмкiндiк алған, ұлттық құраманың тарихындағы 12 бапкер Мирослав Беранек Қазақстанда жүрiп тек орсышасын ғана iлгерiлетiп кетпесе болғаны...

Жандос СМАЙЫЛ

Жарнама
Жарнама

Новости партнеров