Ресейдің Санкт-Петербург қаласында «Достастық кубогы» турнирі аяқталды... Өкінішке қарай, Қостанайдың «Тобылы» үшін. Топтық кезеңнен аса алмаған қостанайлықтар елге масқара болып оралды.
Негізі, «Достастық кубогы» туралы көлемді мақалаларды қаңтардың 23-іне дейін, яғни турнир аяқталғанша жазамыз деген дәме болған. Алайда «Тобылдың» сүреңсіз ойындары бұл ойымызды жоққа шығарды. Үш ойынның біреуінде жеңіп, біреуінде тең түсіп, біреуінде жеңілген «Тобыл» небәрі 4-ақ ұпай жинап, турнирді ерте аяқтады. Бұл топтан Латвияның «Сконтосы» мен Арменияның «Микасы» ширек финалға жолдама алды.
Жалпы, өткенге қайта көз жүгіртіп қарасақ, жерлестеріміз Өзбекстанның «Бунедкорының» қосалқы құрамын әзер ұтып, Армения чемпионатында төртінші орын алған командамен тең түсіпті. Ал басты қарсыласы саналған Латвияның «Сконтосынан» 0:3 есебімен ойсырай ұтылды. Иә, «масқара» деп осыны айт! Бүкіл Қазақстанның атынан аттанған командамыз топтық кезеңде-ақ тоңқалаң асты. Шамамыз тек өзбектердің қосалқы құрамына ғана жетті. Арменияның төртінші клубын жеңе алмадық. Шынын айтсақ, басында армяндарды менсінбеген де болатынбыз. Топтың аутсайдері санап, санатқа алмағанбыз. Ал олар бізді жерге бір-ақ түсірді. Сондай-ақ «Сконтоның» да үш голы жанкүйерлер үшін ауыр тиді. Құдды бір, біреу бетімізден шапалақпен салып-салып жібергендей қабылдадық бұл голдарды. Ал матч соңындағы баспасөз мәслихатында «Тобыл» жаттықтырушысы Равиль Сабитов: «Таблодағы көрсеткіш матчтың шынайы келбетін көрсеткен жоқ», – деп ақталыпты. Жарайды, солай-ақ болсын, бірақ футбол статистикасында көрсеткен ойын емес, соғылған голдардың есепке алынатынын неге естен шығарып аламыз?! Бәрінен де басқа елдердің «Тобылдың» ойынына қарап, Қазақстан чемпионатына баға беретіні жүректі ауыртады. Егер «Бунедкор» сияқты қосалқы құрамды жібергенде, бәлкім, түсіністікпен қарар ма еді?! Немесе армяндар секілді бізге де Санкт-Петербургке ел біріншілігінде жүлдеге ілікпеген ұжымдардың бірін жібере салу керек еді. Тым болмаса, «Қазақстан чемпионы сүреңсіз өнер көрсетті» деген масқаралықтан құтылар едік.
Сонымен, «Тобылдың» сәтсіздігін кім мойнымен көтереді екен?! Бұған кімді кінәлаймыз?! Бұл тұрғыда әркім әртүрлі пікір айтып-ақ жатыр. Бірі «былтырғы чемпиондық құрамның біразы кетіп қалды. Командада Нұрбол, Азат, Фархадбектердің бірі де жоқ» десе, бірі «команда енді жасақталып жатыр. Құрамындағы жаңа ойыншылар бір-біріне үйренісіп үлгерген жоқ» деп өз ойларын айтуда. Бірақ, байыптап қарасақ, басты проблема бас бапкерде сияқты. Егер бас бапкер білікті, тәжірибелі болғанда, «Тобылдың» құрамы ыдырап кетпес еді. Нәтижесінде, негізгі құрам бұзылмаған қазыдай сақталып, «Достастық кубогында» сәтті өнер көрсетер едік. Естеріңізде болар, өткен жылы «Тобыл» футболшылары төбелесіп қалыпты» деген әңгіме шыққан болатын. Міне, егер Сабитовтың біліктілігі жоғары болса, клуб ішінде мұндай шу ым-дымсыз-ақ шешілер еді. Сіздерді қайдам, өз басым «Тобылдың» бұрынғы футболшыларының Сабитов туралы жылы пікір білдіргенін бірде-бір рет естімеппін, оқымаппын да. Қайта көбісі «отставкаға» кеткен Халимжан Ержановтың сөзін сөйлеп жүргенін білесіздер. Демек, егер «Тобыл» басшылығы биыл биік жетістіктерге жетіп, Чемпиондар лигасында масқара болмауды көздесе, бас бапкер жайлы ойланғандары дұрыс-ақ. «Достастық кубогында» масқара қылған Сабитов Чемпиондар лигасында абырой әпермес.
Енді Санкт-Петербург спорт кешендеріне қайта оралсақ... Кеше Ресейдің батыс астанасында турнирдің ширек финалдық ойындары өтті. Белоруссияның «Шахтері» Украинаның «Динамосымен» кездесті. Латвияның «Сконтосы» Тәжікстанның «Истиклолынан» емтихан қабылдады. «Финляндияның «ХИК» клубы Ресейдің «Зенитімен» шеберлік байқасса, «Әзірбайжанның «Интері» мен Арменияның «Микасы» қай мықтыны анықтады. Енді ертең жартылай финал өтіп, 23-і күні ТМД-ның екі мықты командасы бас жүлдені сарапқа салады.
Автор: Әзиз Жұмаділ