Неміс бундеслигасының 6-шы турындағы орталық кездесу Шальке 04 пен Бавария арасында өтті. Былтыр бас жүлдеден сырт қалған Мюнхендік клуб биылғы біріншілікті жақсы бастады.
Алғашқы турда ұпай жоғалтқан Бавария сосын қатарынан бес ойында жеңіске жетті. Және осы бес матчта қақпаларына бірде-бір гол жібермеді. Гельзенкирхен қаласының командасы да осал емес. Алайда 6-шы турға дейін ала-құла ойнап келген Рауль әріптестері өз алаңында ұтылуға мәжбүр болды. Кездесу алғашқы голға дейін аса қызықты бола қойған жоқ. 21-ші минутта қонақтардың ұйымдастырған алғашқы қауіпті шабуылы өз жемісін берді. Рибери кезекті қарымта шабуылды өз қолына алып, алғы шептегі Петерсенді паспен жарылқады. Марио Гоместің жарақатына байланысты негізгі құрамнан орын алған футболшы қақпаның бір бұрышын дәл көздеді. Есеп ашылғаннан кейін матч қыза түсті. Есе қайтаруды ойлаған алаң иелері Мануэль Нойерді жиі мазалай бастады. Клас Ян Хюнтеларда таразы басын теңестіретін мүмкіндік бар еді. Бірақ Шальке 04-тің шабуылшысы тамаша сәтте мүлт кетті. Үзілістен кейін Бавария екінші доптарын соқты. Рибердің белсенділігі бұл жолы да байқалып, француз жартылай қорғаушысы оң қапталдан ала ұмтылаған. Доп жолай қорғаушылардың аяғынан серпіліп, Томас Мюллерге жетті. Кездесуде аса көзге түспеген Мюллер тамаша сыйды керегіне жаратып, командасын жеңіске жетеледі. Есеп:0:2. Бавария 6-шы турдан кейін 15 ұпаймен топ бастады. Тоғыз ұпайы бар Шальке 04 тоғызыншы сатыда қалды.