Биылғы маусымда бундеслиганың жеке дара көшін бастап келе жатқан мюнхендік “Бавария” қысқы демалысын бос өткізбеді. Үндістан құрамасымен жолдастық кездесу өткізген Юпп Хайнкес шәкірттері, едәуір осал қарсыластарына допты қалай тебу керектігін көрсетті.
Нью-Дели қаласының орталық стадионында өткен матчта ине шаншар жер болмады. Ойын тізгінін бірден қолға алған қонақтар 14-минутта Марио Гоместің көмегімен есеп ашты. Өткір шабуылдарын одан әрі тоқтатпаған “Бавария” он минут ішінде есепті 3:0 ге жеткізді. Қос голдың авторы атанған Томас Мюллер Үнді құрамасының қорғаныс шебін армансыз кес-кестеді. Алдымен Роббенің әуелетіп көтерген добын қақпаға дарытқан ол Тони Кростың пасын да голға айналдырды. Ал алғашқы таймның соңында Бастиан Шванштайгер айып алаңның сыртынан жойқын соққы жасап, бұл бәсекеге нүкте қойды.