Жарнама
Жарнама

Баяу жүгірсе де бақытына жеткен Бускетс

01.11.2020, 00:50
Бойшаң ойыншы қарсыластың ойын еш қиындықсыз оқи алатынымен танымал.
Жарнама
Жарнама

Ол аяғы ұзын, ақылды футболшы. Бойындағы осы екі-ақ қасиеті арқылы әлемдегі үздік командалардың санында ұзақ жылдар бойы доп теуіп жүр. Иә, ол бір маусымда Месси мен Роналду сияқты 40-50 гол сала алмайды, бірақ оның үздік ойыншы атануы үшін оған тіпті бір гол салудың да қажеті жоқ. Себебі оның міндеті қарсыластың шабуылын дер кезінде тоқтату және өз командасының ұзақ уақыт допты бақылауы үшін бар жағдайды жасау.

Серхио Бускетс жоғарыда аталған функцияларды ондаған жылдар бойы мүлтіксіз орындап келеді. Соның арқасында "Барселонаның" "алтын" құрамынан орын алған ардагер ойыншы Испания ұлттық құрамасында да, каталондық клуб сапында да тұрақты түрде негізгі құрамнан әлі күнге дейін шығып көрмеген. Жасы біразға келгендіктен енді ғана әлсін-әлсін жастарға орын беріп жүр.

Ол футболға жастайынан құмар болды. Сонымен қатар "Камп Ноуда" доп тебуді бала кезінен арман етті. Ол арманына әкесі қанат байлап, жастайынан ұлын осы құдіретті спортқа баулыды. Алғашында бірнеше жергілікті командаларға қаралымға апарған кезде бала Серхиодан еш команда потенциал көрмеді. Бірақ Бускетстің сағы сынбады, араға бірнеше жыл салып,аянбай еңбектеніп дегеніне жетті. Сол кішігірім "Хувениль А" клубында ойнап жүрген кезінде оны "Барселонаның" жасөспірімдерді дайындайтын жаттықтырушысы көріп, болашақта мықты ойыншы шығатынына сеніп, өз комадасына қосады. Осылайша, ол арманына жеткізер мүмкіндігін мүлт жібермей, "Камп Ноудағы" керемет күндерін кеше бастайды.

Испания ұлттық құрамасына әлем чемпионатының алтынын сыйлаған бапкер Висентэ Дель Воске: "Ойынды қарасаң Бускетс көрінбейді, ал Бускетстің ойынына қарасаң, барлық ойынды көре аласың!" деп оның алаңдағы рөлінің маңыздылығын айтқан.   Ал каталондық клубтың үздік үздік ойыншысы Лионель Месси: "Егер алаңда бір мәселе пайда болса, уайымдаудың қажеті жоқ, оны Бускетс шешеді" деп команданың ойынына жартылай қорғаушының қандай әсер ететінін жеткізеді.

Көп адам Серхионың жылдамдығы нашар деп жатады. Алайда, қазақта "асықпаған арбамен қоян алар" деген сөз бар. Сол секілді футболда да жылдамдық бірінші орында емес, ақылмен ойнау керектігін көрсеткен бірден бір ойыншы осы Бускетс. Бойшаң, баяу ойыншы болса да, доппен еркін қозғалатын Гвардиола "тики-такасының" айнымас бөлшегі допты сенімді түрде иелігінде ұстай алады. Жас кезінде симуляциясымен де біраз танымал болған, дегенмен футболды түсінетін адамдар бұл жігіттің техникалық мүмкіндіктерін оның кемшіліктерінен әлдеқайда жоғары қоятыны анық. Баланың миындай жұмсақ шөптің бетімен допты әрлі берлі әрітпестеріне пас арқылы тасымалдап, ойынның балансын ұстап тұратын мұндай футболшы, әрине, кез келген бапкердің бағы десе де болады. Себебі, ол қарсылас ойыншалардың тура олардың "ішіне кіріп шыққандай" ойын оқи алады. Соның арқасында біраз эпизодтарда допты тартып алып, өз командасының шабуылын тиімді ұйымдастыра алады.

Иә, Бускетс "алтын допты" ешқашан ала алмас, бірақ ол әлемдік деңгейдегі командалық ойынның хас шебері болып қала бермек. Бұған оның ұлттық құрама мен клубтық деңгейде жеткен жеңістері дәлел бола алады.

Наурызбай Сатжанов

Жарнама
Жарнама

Новости партнеров