Жарнама
Жарнама

Белекте теңбіл доп базары қызып тұр

01.03.2012, 17:04
Жарнама
Жарнама
Ертең Қазақстан ұлттық құрамасы Латвия құрамасымен жолдастық кездесу өткізеді. Бүгін Мирослав Беранек бастаған футболшыларымыз ертеңгі ойынның алдындағы соңғы пысықтау жаттығуын өткізді.

Әдетте бұл уақытта Анталияда күн жылы болады екен. Біз келерден бір күн бұрын 20 градус жылылықты көрсетіп тұрыпты. Бірақ бүгінгі күн райы өзгеше. Көз алдыңызға Алматының сәуірін елестетеді. Жаңбыр құйып тұр. Термометр бағаны да ары кетсе 7 градусқа әзер көтеріледі. Дегенмен табиғаттың бұл құбылысы футболшыларға кедергі келтіре алмайды. Анталияда бұл күндері футбол базары, маусымаралық жиындар қызып-ақ тұр.

Біз Анталияның маңындағы курортты қалашықтардың бірі – Белекке орналастық. Қазақстан ұлттық құрамасы да осында. Премьер-лиганың басқа да клубтары Белекте жаттығу жиындарын өткізуде. Біздің клубтардан бөлек, ТМД-ның белді командаларын да көрдік. Германияның да кейбір ұжымдары осында жаттығуда. Соған сәйкес, алаңдар да бәріне жетерлік. Әр қонақүйдің өз алаңы бар, кейбіреуінде екі-үшеуден. Бір сөзбен айтқанда, Анталияға клубтардың бекер бармайтынына тағы бір рет көз жеткіздік. ...Қазақстанның матч алдындағы соңғы пысықтау жаттығуы 28 ақпанда жергілікті уақытпен сағат 16:30-да (Астана уақытымен – 20:30) басталды. Екінші алаңда Белоруссияның БАТЭ клубымен Ресей жоғарғы лигасының «Сибирі» 2:2 есебімен тең ойнауда. Ойын тартысты өтіп жатқанымен, біз үшін ұлттық құрамамыздың жаттығуы қызық. Оның үстіне, бас бапкер Мирослав Беранек жігіттердің жаттығуын басынан соңына дейін тамашалауға рұқсат етті. Негізі, ресми кездесулердің алдындағы пысықтау дайындығында бас бапкер жаттығудың алғашқы 10 минутын ғана көруге рұқсат беретін. Мұндай мүмкіндікті қалай тиімді пайдаланбасқа?! Футболшыларымызды түгендеуге кірістік. «Кім бар, кім жоқ, қай ойыншы қандай қызмет атқарып жүр?» – барлығын бақылап отырмыз. Алғашқы жеңіл жаттығудан кейін жігіттер екіге бөлінді. Бірінші бөлігі алаңның бір жартысында әуелете пас асыруды пысықтаса, екінші бөлігі алаңның екінші жартысында қақпаға доп соғу шеберліктерін шыңдап жүр. Бірінші бөлігіне пас асырудың шеберлері кірген. Оң қапталда – Ұлан Қонысбаев, сол қапталда Серікжан Мұжықов ойқастап, допты әуелете көтеруде. Бойшаң жігіттер: Мұхтар Мұхтаров, Юрий Логвиненко, Марк Гурман және Александр Киров допты Сидельников қорғаған қақпаға бағыттауда. Одан кейін қапталға Гурман мен Киров ауысып, Ұлан мен Серікжан шабуыл шебіне ойысты. Жаттығу барысын Мирослав Беранектің өзі қадағалап жүр. Қалған жігіттердің барлығы – алаңның екінші жартысында. Өздерінің соққыларын тексеруде. Қақпаға Логиновский мен Антон Цирин ауысып тұрды. Жігіттер олар қорғаған қақпаны кез келген тұстан тексеруде. Әсіресе Таңат Нөсербаев, Қайрат Нұрдәулетов, Бауыржан Исламхан сынды жігіттердің соққылары пәрменді екен. Тепкенде доп қақпа торын тесіп өтердей. Сондай-ақ ұлттық құрамаға Исламханмен бірге бірінші рет шақырылған Елдос Ахметов те өзгелерден қалысар емес. Намысқа тырысып жүр. Марат Шахметовтің допты көбіне алаң ортасынан қақпаға соғатынын байқадық. Бұл, бір жағынан, түсінікті де. Марат командада алаң ортасында ойнайды. Дегенмен Шахметов тепкен нүктеден Исламхан да қақпаға доп тебетінін байқап, таңғалдық. Өйткені Бауыржан «Таразда» қапталда ойнайды. Сөйтсек, Мирослав Беранек «тараздық» жігітті ұлттық құрамада алаң ортасында пайдалануды жөн көріпті. – Бауыржан, негізі, қапталдағы ойыншы емес, алаң ортасында керемет ойнайды. Мен оны осы шепте пайдаланамын. Қапталдан гөрі Бауыржан алаң ортасында пайдалырақ. Себебі оның алаң ортасынан асырған әдемі пастары кез келген ойынның тағдырын шешіп бере алады, – деді бас бапкер. Бұдан кейін командалар алаңды кішірейтіп, екіге бөлініп, өзара 15 минуттық кездесу өткізді. Команданың жартысы үстілеріне қызыл жейде ілсе, екіншілері көк түспен ойнады. Бас бапкердің шешімімен қызыл түсте Сидельников, Ахметов, Мұхтаров, Логвиненко, Қонысбаев, Нұрдәулетов, Шахметов, Хайруллин, Хижниченко және Гридин ойнаса, көк түсте Логиновский, Гурман, Рожков, Киров, Нөсербаев, Евстигнеев, Исламхан, Мұжықов, Остапенко және Тәжімбетов ойқастады. Ал Антон Цирин арғы жақта жеке жаттықты. Сонымен, есепті бірінші көктер ашқан болса, ойын соңына таман Сергей Хижниченко есепті теңестіріп, шағын матч 1:1 есебімен аяқталды. Байқағандарыңыздай, жаттығуда шабуылшы Алексей Щеткин мен қорғаушы Евгений Горячий болған жоқ. Алғашқысы кішігірім жарақат алып қалыпты. Оның үстіне, матчқа тек 20 футболшыны ғана тіркей алатындықтан, Мирослав Беранек бұл екеуін жастар құрамасының сапына жіберуді жөн көріпті. – Негізі, бұл жолдастық кездесуде менің 20 футболшыны матчқа тіркеп, ойын кезінде алты ойыншыны алмастыруға құқығым бар, – деді жаттығудан кейін бас бапкер. – Сондықтан Щеткин мен Горячийді жастар құрамасына жібердім. Жалпы, жаттығу жиынына көңілім толады. Жігіттер мен артқан тапсырманың барлығын орындады. – Жолдастық кездесу болғанымен, матчтың нәтижесі сіз үшін қаншалықты маңызды? – Жолдастық кездесу деп қарамауымыз керек. Кез келген ойында жеңіске ұмтылған дұрыс. Осындай ойындардың өзінде жігіттерді жеңіске үйретуіміз қажет. Сондықтан алаңға тек жеңіс үшін ғана шығамыз. – Жаңа жас футболшылар командаға қаншалықты сіңісе алды? – Тырысып жатыр ғой. Қабілеттерін білемін. Бұдан да жақсы ойнай алатындықтары да көрініп тұр. Исламхан мен Ахметовті осы ойынға алып қалдым. Алаңға шығаратын шығармын. Тіпті біреуі негізгі құрамнан орын алып қалуы да мүмкін. Қайрат Нұрдәулетов, Қазақстан ұлттық құрамасының капитаны: – Латвия – өте мықты қарсылас. Рейтингіде бізден әлдеқайда жоғары тұр. Бүгін таңертең олардың «Еуро-2012» турниріндегі матчтарын көрдік. Жақсы ойнаған. Бірақ олардан қорқып тұрған біз жоқ. Қалайда жеңіске жетуге тырысамыз. Автор: Әзиз ОРАЗБАЕВ, «Алаш айнасы» үшін арнайы Түркиядан
Жарнама
Жарнама

Новости партнеров