Отандық бапкер Болат Есмағамбетов жаңа чемпионатқа ауысып жатқан Ислам Чесноковтың мүмкіндігі мен Шотландия премьер-лигасының деңгейіне тоқталды.
Қазақстан құрамасының көшбасшысы жаңа клубымен 2028-жылға дейін келісімшартқа отырды. «Хартста» 99-нөмірдегі жейдеде өнер көрсетпек. Эдинбург қаласының клубы Шотландия премьер-лигасының 20 турынан кейін жеке дара көш бастауда.
«Шотландияда футбол дін секілді. Ол жақта бұл спорт сондай деңгейге шығып кеткен. Жанкүйерлері өте көп, адамдар футболмен өмір сүреді деуге болады. Телевидениеден көрсетеді, агенттердің көзіне түсу мүмкіндігі өте жоғары деген сөз. Селекционерлер де үнемі бақылап жүреді дегендей. Егер жақсы ойнасаң, ертең Шотландиядан топ-5-ке алып кету ықтималдылығы үлкен. АПЛ, Чемпионшипке де жол ашылуы мүмкін. Қысқасы, Шотландия біріншілігінен көзге көріне аласың. «Хартс» бірінші орынға таласуда. «Селтик» пен «Рейнджерс» те солай. «Хартс» чемпион болғысы келсе, құрамына тереңдік қажет, көп ойыншы керек болады. Негізгі орындаушыларының жарақаты болуы кәдік. Солардың орнын толтырып отыру маңызды. Осы жерде Исламға өз мүмкіндігін пайдаланып қалу маңызды», - деді Б. Есмағамбетов «Аладоп.кз» сайтына берген сұқбатында.
Ислам Чесноков Өскемен футболының түлегі. Мансабының басым бөлігін қостанайлық «Тобыл» сапында өткізген. 26 жастағы жартылай қорғаушы жақын күндері өзінің дебюттік кездесуін өткізеді деп күтілуде.
Біздің серіктес: FONBET