Жарнама
Жарнама

Белорус біріншілігі. Васильев гол салды

12.05.2020, 03:07
8-тур ойындарына шолуды ұсынамыз.
Жарнама
Жарнама

Гродненскінің «Неманы» Бресттің «Рухын» қабылдады. Матчтың 3-ші минутында Қазақстандық ойыншы Владислав Васильев есеп ашып, қонақтарды алға жетеледі. Араға 11 минут салып жерлесіміз тағы көзге түсті. Бұл жолы ол «Рухтағы» командаласы Денис Гречихоға нәтижелі пас берді. Екі гол алаң иелерінің мысын басты. Ал, «Рух» керісінше күшейе түсіп, «Неман» қорғанысын жиі мазалай бастады. Екінші таймда «Рух» қорғаушысы Павел Седько пенальти тебуге мүмкіндік алып, он бір метрліктен үшінші голдың авторы атанды. Қатарынан үш доп соққан қонақтар арқаны кеңге салып, алаң иелерінің шабуылға шығуына мүмкіндік берді. 68-ші минутта Гегам Кадымян мергендік танытып, есеп айырмасын қысқартты. Сосын Владислав Васильевтің жүйкесі сыр берді. Қазақстандық футболшы 86-шы минутта екінші ескертуін алып, алаңнан қуылды. «Рух» жігіттері еңсесін түсірген жоқ. Георге Андроник матчтың аяқталуына бір минут қалғанда «Неман» қақпасын дәл көздеді. Алаң иелері соңғы күшін жиып, бір доппен жауап қатты. Кадымян осы ойындағы екінші добын еншісіне жазды. қорынды есеп:4:2. «Рух» осы жеңістен кейін турнир кестесінде бесінші орынға көтерілді. «Неман» сегізінші сатыға сырғыды.

Беларусь біріншілігінің кезекті турдағы орталық кездесуі Брест қаласында өтті. Қазіргі чемпион «Динамо» Минскінің «Динамосын» қабылдады. Алаң иелері бірден іске кірісіп, 4-ші минутта танымал украин шабуылшысы Артем Милевский есеп ашты. Брест командасы жақсы ойын көрсетті. Алайда қарымта шабуылға тап болып, қақпаларына гол жіберіп алды. Бразилиялық футболшы Данило таразы басын теңестірді. Сосын қарсыластар біразға дейін қарқындарын баяулатты. Үзілістен кейін алаң иелері нәтижелі шабуыл ұйымдастырды. Константин Руденконың қателігінен кейін Денис Лаптев гол соғып, Брест «Динамосына» үш ұпай сыйлады. Ойыннан кейін Минскі командасының бас бапкері Леонид Кучук өз қақпашысын айыптады. Келесі турда Руденко негізгі құрамнан шығып қалуы мүмкін.  

Турнир кестесінде топ бастаған БАТЭ 8-ші турда «Смолевичиді» қабылдады. Бұл матчта қарсыластар голдан тау тұрғызды. Жанкүйерлер қақпаға соғылған сегіз допқа куә болды. Кездесудің алғашқы минутында «Смолевичи» есеп ашты. Туриктің сол қапталдан асырған добын Денис Барсуков қақпаға дәл бағыттады. БАТЭ көп күттірмей қарымта қайтарды. 13-ші минутта Максим Скавыш таразы басын теңестірді. Араға екі минут салып, Борисов қаласының командасы есепте алға шықты. Евгений Яблонский БАТЭ капитаны Игорь Стасевичке нәтижелі пас шығарды. Соңғысы маусымдағы екінші добын еншісіне жазды. Кирилл Альшевский шәкірттері қарқындарын үдете түсті. 36-шы минутта БАТЭ футболшылары үшінші голдарын соқты. Дмитрий Бага бұрыштан асырылған допты баспен қақпаға бұра салды. Үзілістен кейін «Смолевичи» жігіттері ширығып шықты. 55-ші минутта 36 жастағы жартылай қорғаушы Дмитрий Щегрикович арадағы есеп айырмасын қысқартып, ойынды қыздыра түсті. Сосын Код д Ивуарлық шабуылшы Жан-Морель По алыстан күшті соққысымен қақпаның бір бұрышын дәл көздеді. Таразы басы теңескен соң БАТЭ қайтадан шабуылға иек артты. 80-ші минутта Стасевич командаласы Неманья Миличтің мергендік танытуына мүмкіндік жасады. Соңғы минуттар сырғып жатқанда сербиялық шабуылшы екінші мәрте көзге түсіп, матчқа нүкте қойды. Қорытынды есеп: 5:3. БАТЭ-нің пайдасында.            

Кирилл АЛЬШЕВСКИЙ -  «БАТЭ» ФК бас бапкері

Біздің қақпаға бағытталған соққылардың бәрі голға айналды. Соның біреуінде оф-сайд болған секілді. Мүмкін қателесіп тұрған шығармын. Екінші таймда болмайтын жерден екі доп жіберіп алдық. Содан кейін жағдайымыз қиындап кетті. Оған дейін ойын тізгіні біздің қолда еді.

Қанат Базылхан


Жарнама
Жарнама

Новости партнеров