Бразилиядағы Рибейро-Прето қаласында кеше Франция ұлттық құрама командасы Әлем чемпионаты алдындағы кезекті жаттығуын өткізді. Жаттығудың өзін тамашалауға бірнеше мың жанкүйер келді. Көременнің негізгі көзайымы болған чемпиондар лигасының жеңімпазы, футбол әлемінің шоқ жұлдызы Кәрім Бензема болды. Сондай-ақ, осы қалада "Оле-Бразил" футбол академиясының жеткіншектері де бар екенін айта кетуіміз керек. Оның ішінде біздің қазақстандық жастар да жоқ емес. Жаттығу аяқталысымен алаң шетіне келген Бензема жейдесін естелік болсын деп көрермендерге лақтырған. Тура сол даңқты шабуылшының жейдесі біздің қазақстандық жас футболшы Айсұлтан Сейдахметтің қолынан табылды.
Айта кетуіміз керек, Айсұлтан осымен екінші жыл қатарынан "Оле-Бразил" академиясында тәлім алуда. Айсұлтанның отбасы футболға шын берілген әулетке жатады. Өздеріңіз жақсы білетін Асқар Сейдахметұлы Қожабергенов (қазір "Қайсар" футбол клубының аға жаттықтырушысы) Айсұлтанның көкесі болып келеді. Одан бөлек жас таланттың әкесі Нұрлан Қожабергенов те Жетісу футболына еңбегі сіңген азамат.
Бенземаның жейдесі тегін қолға түспегені анық. Осы бір дүниені ырымдайтын болсақ, Айсұлтан түбі сол Бенземадай жоғарғы деңгейдің футболшысы болады. Қазақта "аузына түкірген" деген сөз бар. Атақты, абройлы адамның нәрестеге жасайтын салты түбі сол жеткіншектің жақсы адам болуына ықпалын тигізеді. Ендеше, Айсұлтан Сейдахметтің түбі қазақ футболының маңдайына жарқырап бітетін жұлдызы болсын деп тілейік!
Ермұхамед МӘУЛЕН
Біздің серіктес: FONBET