Жарнама
Жарнама

БЕРАНЕК СӨЗІНДЕ ТҰРДЫ

16.10.2011, 20:05
Жарнама
Жарнама
Футболдан Еуропа біріншілігінің іріктеу ойындары аяқталды. Қазақстан құрама командасы соңғы ойынын өз алаңында австриялық әріптестерімен өткізіп, итжығыс түсті. Есеп – 0:0. Мұның алдында ғана (11 қазан) жерлестеріміз Брюссельде Австрия құрамасынан 1:4 есебімен ойсырай ұтылғанда бұл ойынға ысылған бұрынғы құрамды емес, жартылай жаңарған команда шығарған бас бапкер М.Беранектің әрекетіне күмәнмен қараған едік. Әрбір кездесу сайын ширап, жаныға бастаған Нұрдәулетов, Шахметов, Остапенко, Нұрғалиев, Гридин секілді футболшылар алғашқы кезеңде ойнаған жоқ. Команданың жүгін арқалайтын қос нар Ұ.Қонысбаев пен М.Хайруллиннің аттары тізімде тіпті аталмады да. Бас бапкер тәжірибе жасап көргісі келді ме? Қалай десек те ол ойдың іске аспағанын жанкүйер қауым көріп, ішін тартып қалған. Беранек ойын алдындағы баспасөз конференциясында: «Бізді алда ашық ойын күтіп тұр. Екі команда да тек жеңіс үшін күреседі», – деген еді. Айтқаны айдай келді. Біз осыған дейін ширығып, күн санап өсіп келе жатқан бұрынғы ұжымның жан алып, жан беріскен ойынын көрдік. Алайда, футбол мамандарының пайымы бойынша, алаңның апшысын қуырып, қарсыласыңнан айлаңды асыру үшін жүйелі ойын, техникалық-тактикалық шеберлік болмаса, жалаңаш белсенділіктің құны бір тиын. Жасыратын несі бар, осы тұрғыдан келгенде австралиялық жампоздардан көш кейін қалып тұрған секілдіміз. Бұған Австрия құрамасы сапында жүрген кез келген ойыншының көп жағдайда қазақ футболшыларының алдын орап кетіп жатқаны дәлел. Әлгінде айттық, алма-кезек шабуылмен өткен кездесу тең аяқталды. Ал бұл нәтиже екі команданың шын ара-қатынасын байқата ма, ол өз алдына бөлек әңгіме. Ең бастысы, бізді ұлттық құрама командамыз 2014 жылы өтетін әлем біріншілігінің кезекті іріктеу ойындары алдында қақпаны қатты жапты ма, жоқ па деген сұрақ мазалауы тиіс. «Еуропадағы азулы қарсыластарымызбен тең ойнадық, біз мықты екенбіз!», – деп өзімізді асыра бағаламай, алдағы аузы алты қарыс үлкен сындарға дайындықты осы бастан қолға алу керек. Өйткені әлем біріншілігіне іріктеу бәсекелерінде осы оғландар тағы да бізбен бір топта өнер көрсететінін ұмытпауға тиіспіз. Бар болғаны тоғыз ай ішінде байқағанымыз, Беранек мырзаның білікті маман екендігі. Бірақ бұл азаматтың келісімшарты осы іріктеу ойындары аяқталғанша деп белгіленген екен. Футбол функционерлері әр өткелде бір ат ауыстыра бермей, чех маманымен алда да бірлесе жұмыс істеуге келісімін берер деген ойдамыз. Дәл осы Беранек кезіндегідей құрамада қазақ жастары көп өнер көрсетпеген шығар, әсілі. Жастар болғанда да ылғи «сен тұр, мен атайындар». Нағыз таланттарды су бетіне шығарған азамат бізге әлі де керек. Дегенмен Қазақстан Футбол федерациясының баспасөз қызметі: «Жылдың соңына қарай ҚФФ атқару комитетінің қорытынды отырысы өтеді, бапкер мәселесі сол жиында шешілетін болады. Анығын айтсақ, ол Қазақстан кубогы мәреге жеткенде, яғни қарашаның соңғы аптасында өтетін шығар. Маусым әлі аяқтала қойған жоқ, ал бас бапкер мәселесі тым шұғыл дүние емес, Беранек үшін арнайы атқару комитетінің отырысы бола қоймас»,– деп мәлімдеді. Чех маманы Қазақстан құрамасының тізгінін 2011 жылғы 31 ақпанда қолға алды. Оның басшылығымен ел құрамасы 8 ойын өткізіп, оның төртеуінде жеңіліс тапса, үш ойын тең аяқталған, ал бір ойында жеңіске жеткен. ҚФФ баспасөз қызметі 2014 жылы Бразилияда жалауын көтеретін әлем чемпионаты іріктеу ойындары күнтізбесінің әлі бекітілмегенін де тілге тиек етеді. УЕФА өкілдері іріктеу ойындарының кестесін түзсе, бір топта сынға түсетін Германия, Ирландия, Австрия, Фарер аралдары және Қазақстан ұлттық құрама командаларының басшылары өзара келісе отырып, барлық тарапқа тиімді күнтізбе жасайтын болады. Ендеше уақыт көп емес. Сондықтан «бас бапкер мәселесі соншама шұғыл емес» деген тұжырымның ұшқары екенін сезесің. Беранектің кезіндегі «ұтылды» деген ойындардың өзі өсу, еліктеу, солықтау, тәжірибе жинақтаумен пара-пар. Осы аз ғана уақыттың ішінде Шторктен қалған «сыпырындыны» аршып, тәп-тәуір команда жасақтау, оның қатарын талантты футболшылармен толықтыра білу кез келген бапкердің оң жамбасына келе қоймайтын жүк. Кешегі ойынның екінші кезеңінде бапкердің сауатты кеңесінен кейін жұтынып шыққан жігіттердің құлшынысын көрдіңіз бе? Әттең, дейміз осындайда, әлі де бір-екі шеберлігі жоғары, шалт қимылды футболшылар болғанда асығымыз алшысынан тұрып, мысымыз басым тұрар еді. Ол – болашақтың жұмысы. Бұйыртса, сол биіктікке басқа емес, осы Беранек алып барады деп үміттенеміз.
Жарнама
Жарнама

Новости партнеров