Жарнама
Жарнама

Беранек тапқан таланттар

07.06.2011, 16:29
Жарнама
Жарнама
Футболдан Қазақстан ұлттық құрамасы 2012 жылғы Еуропа чемпионатының електік додасы аясында Әзірбайжан құрамасын 2:1 есебімен тізерлетіп, айызымызды қандырды. Жай ғана жеңген жоқ, өрнекті ойын үлгісін көрсетіп, мамандар мен жанкүйерлерін риза қылды. Сарыарқа төсінде «Қазақстанды жеңеміз, үш ұпай үшін келдік» деп кеуде керген әзірбайжандардың аптығын бастық. Өздерінің футболын біздікінен тым жоғары санайтын әзірбайжандар тіпті «Қазақстан сияқты ойыны мандымай жүрген осал құрамадан ұтылу – мүлде ұят» деп аһ ұруда. Тек осы елдің ұлттық құрамасының бас бапкері, білікті неміс маманы Берти Фогтс қана: «Қазақстан футболшылары бізден асып түсті, таза жеңді», – деп ағынан жарылды. Әзірбайжандардың капитаны Р.Садыхов та: «Мені қазақтардың жеңіске деген жігері сүйсіндірді», – деп жеңілгендерін мойындады. Ал өзектері өртенген әзірбайжан журналистері өздерінің бас бапкеріне шүйілуде. Ырықтарына салса, бар ашу-ызасы мен зар-запыранын Фогтстан алып, оны Астанадан тікелей Алманияға аттандырып жіберуге бар... Ал отандастарымызға біздің футболшылардың намыс отына шоқтай қарылып, қайсарлық танытулары ұнады. Бес жеңіліс олардың да жандарына батып, намыстарына тиген сияқты. Олар «Астана-Арена» стадионына тек жеңіс үшін шықты. Сол үшін айылдарын тартпай, тер төгіп, аянбай айқасты. Әрі бас бапкер Мирослав Беранек те қазақ топырағына тек ақша табу үшін келмегендігін көрсетті. Бұған дейінгі шетелдік бапкерлердей қол қусырып, бос жүрмей, еңбектеніп жүргендігін сездірді. Өздеріңіз білесіздер, Беранек Қазақстан ұлттық құрамасының тізгінін қолына алған бетте түрік жерінде Беларусь футболшыларымен жолдастық кездесу өткізген. Онда ол Қазақстан футбол федерациясы «мыналар – біздің ең үздік футболшыларымыз» деп жинап берген құрамамен ойнады. Сол футболшыларды санаулы күн жаттықтырса да, Францияны зар илетіп, бізді ойсырата жеңіп жүрген белорустармен итжығыс түскен еді. Сонда «мен Қазақстан чемпионатының ойындарын өз көзіммен жіті қадағалап, ұлттық құрама сапында ойнай алатын жігіттер іздеймін» деген болатын. Көп ұзамай біздің құрама Германия футболшыларымен ойнады. Бұл кездесуге дейін төл чемпионатымыздың үш турының ғана ойындары өткен болатын. Маусым басында футболшылар өз мүмкіндіктерін толық көрсете алмады ма, әлде үш тур Беранекке азшылық етті ме, неміс жеріне чех маманы бұрынғы құраммен барып келді. Яғни федерация жиып берген құрамға көп өзгеріс енгізбеді. Былайша айтқанда, уақыт тығыз болды. Ал Әзірбайжан құрамасымен кездескенше, ел чемпионатының бірінші айналымы аяқталып, екіншісі басталды. Пан Беранек шынымен-ақ біраз ойынды өз көзімен тамашалап, ел намысын қорғауға лайық қырандарды іздеумен болыпты. Осы уақыт аралығында біраз мәселені ой елегінен өткізіп, саралап, таразылағандай. Содан соң батыл шешім қабылдап, ұлттық құрама сапын түбегейлі өзгертті. Бұл жолы құрама сапына Абдулин, Чернышев, Чичулин, Кислицын, Ирисметов, Азовский, Скорых, Шомко, Аверченко, Нұрғалиев, Жұмасқалиев, Финонченко сынды ойыншыларды шақырмай, олардың орындарын басқа футболшы­лармен толықтырды. Беранектің жаңа командасының сапында тіпті Көкеевке де орын табылмай, ол қосалқы құрамда отырды. Мұхтаров, Гридин, Хайруллин, Нестеренко төртеуі алғаш рет ұлттық құрама жейдесін киді. Алғашқы үшеуі тамаша ойын өрнегін көрсетіп, көпшілік көңілінен шықты. Әсіресе алғашқы екеуі. Гридин қарсыластарымыздың берекесін алып бітті. Ең бастысы, шабуылшының қалай ойнау керек екендігін көрсете білді. Әзірбайжан қорғаушыларына тыным бермей, алға ентелеумен болды. Далақтап доптан қашпай, теңбіл сфераны қабылдап алып, оны артындағыларға бере қойып, өзі әзірбайжан қорғанысын «тесіп» өтумен болды. Допты денесімен көлегейлеп, қарсыластарының қорғаушыларына бермей, діңкелетті де. Ал Мұхтаров бірінші таймда өрескел қателік жібергенімен, әуеде үстемдік құрды. Әуелеп келген доптың бәрін кері қайтарып, әзірбайжан шабуылшыларын пұшайман қылды. Алпамсадай денесімен олардың шабуылшыларына төтеп бере білді. Ыңғайы келсе, қағып та жібереді. Логвиненко екеуі қорғанысымыздың орталық шебінде тізе қоса қимылдады. Бірін-бірі жақсы түсініп, қарсыластар шабуылына тосқауыл бола білді. Хайруллин шабуыл өтіне май құя түсуде шеберлік танытты. Ал Нестеренконың деңгейі мен қабілетін толықтай байқау мүмкін болмады. Себебі бұл ойында оның жұмысы көп болған жоқ. Тек бір рет (екінші таймда) доп ойынға бұрыштан қосылғанда, ышқына секіріп, қауіп бұлтын сейілтті. Ал біздің қақпаға гол соғылғанда, алға шығып кетті де, «шешінген судан тайынбас» дегендей, Надыровтың аяғына оратылуға тырысты. Жалпы, қорғаушылардың ту сыртынан оларға нұсқау беріп, «жетекшілік» ете алды. Айылын тартпай, қайсарлық танытқан футболшылардың бірі Қонысбаев болды. Ұлан әдеттегідей жанкештілік танытты (әсіресе екінші таймда). Сол қапталда жалғыз өзі атой салған Шмидтгаль болды. Бұл жерде Мирослав Беранектің тактикалық тапсырмасына тоқтала кеткен жөн болар. Бас бапкер шабуыл кезінде Хайруллинге ортаға қарай ойысып, сол қанатты толығымен Шмидтгальдің еншісіне қалдыруды жөн санапты. Германиядан келген футболшымыз жорғадай желіп, «Астана-Арена» стадионының ана басынан мына басына шапқылаудан тынған жоқ. Кезінде Роберто Карлос пен Кафу осылай шапқылайтын. Сонда шетелдік журналистер «әй, осылардың өкпелері екеу де емес, үшеу шығар, тәйірі» деп сүйсінетін. Сол секілді Шмидтгальдің қос өкпе ғана емес, қосымша өкпесі де бар ма деп қалдық. Әттеген-айы, қарсыластарымыз шабуылдаған кезде Хайруллин кей сәттерде көмекке жетіп үлгере алмай, өзі жалғыз арпалысты. Әзірбайжанның оң қапталдағы жартылай қорғаушысы Исмаилов та бабында екен. Екінші таймда «жалын түйіп алып», алға ентелеуін қоймады. Осыны дер кезінде түсінген Беранек Хайруллиннің орнына Кировті шығарды да, тың қорғаушыны сол қанаттағы тылға қойып, Шмидтгальді оның алдына шығарды. Сөйтіп, бұл шепте екпін алып бара жатқан әзірбайжан шабуылына екі қабатты тосқауыл қойып, дымын шығармай, тұсаулап тастады. Бұл ойында біздің құрама сапындағы жігіттердің бәрі де сенім үдесінен шыға білді. Жеңіске жеткен ойында ешқайсысын да алалай да, даттай да алмаймыз. Команда капитаны Қайрат Нұрдәулетов өзінің қорғаныстан гөрі, бекінісімізге тірек болар шепте тәуір ойнайтындығын көрсетті. Самат Смақов та аянып қалған жоқ. Өз қапталынан ешкімді де өткізген жоқ деуге болады. Остапенко шабуыл өтінде Гридинге болысумен болды. Гетериев те тізгінін тартпай, шайқасты. Десек те, біз Гетериевтен бұдан да жоғары ойын деңгейін күтеміз. Өйткені ол Ресейде ойнайды. Мамандар «Ресейдің деңгейі бізден әлдеқайда жоғары» дейді. Ендеше, Қазбек деңгейі жоғары додада өнер көрсететіндігін дәлелдеп, атына заты сай ойын үлгісін көрсете білсе дейміз. Беранек мырза, Мирослав аға осы жеңіспен ғана шектеліп қалмас деген ойдамыз. Ол бұрынғы бапкерлер сияқты кезекті матч алдында ғана Қазақстанға келіп, федерация дайындап берген тізіммен ғана немесе өзі танитын футболшылармен ғана жұмыс істемей, таланттарды осылай өзі іздеп тапса, шіркін. Бұрынғы бапкерлердей ел чемпионаты ойындарын өз үйінде бейнетаспа арқылы ғана көрмей, әр қаладағы маңызды мачтарға барып, өз көзімен көрсе… Жергілікті мамандармен тілдесіп, әр қаладағы футбол тірлігімен таныса берсе… Міне, сонда біз ФИФА рейтингінде жоғарылаймыз. Беларусь құрамасы сияқты, Франциядай азулы командаларды жеңеміз. Міне, сонда біздің де жанкүйерлер стадионға ағылады. Міне, сонда ғана біздің де тасымыз өрге, добымыз жоғары домалайды. Себебі қазақ топырағы, Алаштың сайын даласы талантқа кенде емес. Тек бұлақ көзін аршитын еңбекқор, қырағы көз маман керек. Сөз соңында айтарымыз, жеңілістен көз ашпай жүрген құрамаға бас бапкер болудан сескенбеген білікті маман Гридин мен Мұхтаровтай әлі талай таланттың томағасын сыпырып, бағын ашса деген тілек-арманымыз бар.

Әділбек Жақсыбеков, Қазақстан футбол федерациясының президенті:

– Алғашқы жеңіске шектен тыс қуаныштымын. Бүгін футболшыларымыз жақсы ойнады. Жанкештілік, жігерлілік танытты. Ел намысын алғаш рет қорғаса да, Гридин тізесі дірілдемей, тамаша ойын өрнегін көрсетті. Біз үшін маңыздысы – өз түлегіміз, «Цесна» клубы тәрбиелеген талант. Ешкімді бөле-жара атағым келмейді. Бәрі де жарады. Қонысбаев ше? Жанын бере ойнады. Бәрі де ел намысын абыроймен қорғады. Бұл жеңіс бұған дейінгі сәтсіздіктердің тамырына балта шапты деген ойдамын. Енді жігіттер көсіле шабады деген үміттемін.

Автор: Нұрғазы Сасаев
Жарнама
Жарнама

Новости партнеров