Жарнама
Жарнама

Берлинге дейінгі жол. "Ювентус"

05.06.2015, 21:04
Жарнама
Жарнама
Чемпиондар Лигасының финалына санаулы күндер емес, санаулы сағаттар ғана қалды. Кеше "Барселонаның" жарыс жолын еске алған болатынбыз. Енді, тағдырдың тәлкегімен осыдан бірнеше жыл бұрын ғана Италия чемпионатының екінші дивизионына түсіп қайтқан, бүгінде араға 12 жыл Еуропадағы басты турнирдің финалына оралып отырған "Ювентусқа" кезекті береміз.  Топтық кезең "Кәрі сеньораның" тобында, былтырғы финалист "Атлетико", қызу қанды жанкүйерлері бар "Олимпиакос", және Мальме болған-тұғын. Швециялық клубпен италяндықтарда қиындық туындай қойған жоқ. Ал, гректер алғашқы кездесуде-ақ "Ювентус" жанкүйерлерінің ұнжырғасын түсірген еді. Оған дейін, "Атлетико Мадридтен" де жеңілген Аллегри командасы, "Олимпиакосқа" қонаққа барып, ұпайсыз қайтады. Бірақ, жанкүйерлердің қуанышына роай, екінші айналымда "Ювентус" бәрін түзеді. Гректерге қарсы қарымта кездесуде есе қайтарып, "Мальменің" екінші мәрте жеңіп, "Атлетикомен" өз алаңында тең түсіп, екінші орынмен плей-офф кезеңінен жолдама алады. Бастысы, бір жыл бұрынғы қателігін қайталған жоқ. Ол кезде "Галатасарайды" алға жіберіп, Чемпиондар Лигасының топтық кезеңінен де әрі аса алмай қалған болатын. Негізі, бұл жылы да ары кетсе ширек финалдан қайтар деп болжалған. Алайда, далада маусым мезгілі, бір күннен кейін Чемпиондар Лигасы, ал біз "Ювентусты" "Барселонамен" қатар финалда көретін боламыз. Италяндықтар таң қалдырудан жалықпаған. 1/8 финал Плей-оффтың алғашқы сатысында "Ювентус", Еуропадағы ең әдемі ойын көрсетіп жүрген командаға жолықты. Бундеслигада болмаса да, Чемпиондар Лигасында. Топтық кезеңде "Арсеналды" артта қалдырған дортмундықтар, жарыс жолын әрі қарай жалғастыруға ниетті еді. Алғашқы кездесуден кейін "араларды" фаворит санадық. Қонақтағы минимальды жеңіліс, қарымта матчты өз алаңында өткізгелі отырған команда үшін жаман нәтиже емес. Бірақ, Клопп командасы маусымдағы ең сүреңсіз ойынын көрсетті. Шабуылда түк өнбеді, қорғаныста көп қателік жіберді. "Сигнал Идуна Паркте" бірде-бір қауіпті сәт ұйымдастыра алған жоқ. Ал, Тевес пен Мората алаң иелерінің бар қателігін пайдаланып, екеуі қосылып Вайденфеллер қақпасын үш мәрте дәл көздеді. Осылай, "кәрі сеньора" сенімді түрде келесі кезеңге өтті. 1/4 финал Ширек финалда ең осал қарсылас түсті. Жеребе, "Барселона", "Бавария" секілді алыптарды айналып өтіп, жетеріне жетіп қойған "Монаконы" сыйға тартады. Жұлдыздарын сатып, клуб бағытын өзгерткенмен, "Монако" мықты ұжымдарға қарсы қару таба алатын айлакер команда еді. Қорғаныста сауатты, мінсіз ойнап, шабуылдағы әрбір мүмкіндігіне ұқыпты қарап, 1/8 финалда "Арсеналды" айға қаратып кеткен еді. Шындығы керек, ағылшындар белгілі бір түрде Жардим шәкірттерінен өтетініне аса қатты сенімді болған еді. Бұл да өз әсерін тигізбей қоймады. Ондай аса қатты сенімділік "Ювентус" футболшыларында да байқалды. Туриндегі кездесу барысында Кьелини, Бонуччи, Эвра секілді, айып алаңға тірі жан түгіл ұшқан шыбынды кіргізбейтін тәжірбиелі қорғаушылар, француздарға талай мүмкіндіктер беріп қойды. Кім біледі, Буффонның шеберлігі болмағанда бәрі немен ақталатынын? Дегенмен, сол кездесуде негізсіз белгіленген пенальтидің көмегімен, әупірімдеп жүріп "Ювентус" жеңіске жетті-ау. Франциядағы ойында италяндықтар өздері де ойнамай, қарсыласты да ойнатпады. Нәтижесінде, 90 минут бойы есеп ашылмаған ойыннан "кәрі сеньора" керекті нәтижесін ала алды. 1/2 финал "Ювентус"-жартылай финалдағы үш алыптың арманы деп кім айтпады десеңізші. Нәтижесінде үшеуге "арман" "Ювентус" былтырғы чемпиондарға "бұйырды" Әрине, "кәрі сеньора" "Барселона", "Бавария", "Реал Мадрид" секілді клубтардан бір саты төмен тұрады. Дәл бүгін солай. Бірақ, бірінші ойында "Реал Мадрид" пен "Ювентустың" арасында айтарлықтай алшақтық жоқ екенін байқадық. "Ювентус" тағы бәрін таңғалдырып, қорықпай, саспай, италяндықтарға тән прагматикалық ойнау мәнерінен ауытқып, "корольдік клубпен" ашық ойнап, заңды түрде жеңіске жетті. Әйткенмен, 2:1 есебі толықтай жеңістің кепілі емес. Алда "Сантьяго Бернабеу" күтіп тұрған еді. Мадридтегі ойын қонақтар үшін сәтті бастала қойған жоқ. Бірінші таймда-ақ испандықтар гол салып үлгерді. 1:0- алаң иелеріне финалға жолдама береді. Бірақ, екінші таймда сахнаға Альваро Мората шықты. "Реал Мадридтің" түлегі. Бір жыл бұрын Анчелотти мен Переске керек болмай, Туринге аттанған футболшы, өзі түлеп ұшқан клубқа қайғы, бүгінгі клубына қуаныш сыйлап, Берлиндегі финалға алып шықты. Соңғы аялдама-Берлин Сөздің ашығына келсек, "Ювентустың" Чемпиондар Лигасын бағындыруға мүмкіндігі аз. Қарсылас-тарихындағы тамаша маусымдарының бірін өткізіп жатқан "Барселон"а. Шабуылында тарихта рекорд жаңартқан жұлдызды үштік. Үшеуінің еншісінде 100 голдан астам. Бірақ, Берлин қаласы, оның ішінде финал өтетін дәл осы "Олимпиштадион" италяндықтар үшін құтты жер. Осы жерде 2006-шы жылы Буффон, Пирло бастаған Италия төртінші мәрте әлем чемпионы атанған еді. Неміс жерінде қалай жеңіске жетуді білетін италяндықтар, біз секілді "болжағыштардың" аузына құм құю үшін барын салады. Оған күмән жоқ. Біздің тілеріміз тартысты ойын. Фараби ӘБДІХАЛЫҚ    
Жарнама
Жарнама

Новости партнеров