Жарнама
Жарнама

Бірінші лига, 10-тур: «Каспий» мен «Алтай» ұпай санын арттырып, Ақтөбелік жастар тұңғыш жеңісін тіркеуге тырысады

19.06.2025, 16:54

Бүгін-ертең Бірінші лиганың 10-тур ойындары өтеді. Екі күнге жалғасатын ойын күнінде біраз қызықты кездесулер күтіп тұр.

"Шахтер" ФК футболшылары
Жарнама
Жарнама

«Түркістан» (Түркістан) – «Ертіс» (Павлодар)

10-турдың шымылдығы киелі Түркістанда түрілмек. Алаң иелерінің жағдайы мәз емес, түркістандық клубтың еншісінде бар-жоғы үш ұпай ғана бар. Турнирде ең көп гол жіберген әрі доп айырмашылығы нашар клуб лигадағы фавориттің бірін қабылдамақ. Десе де, павлодарлық ұжымның жағдайын да керемет дей алмайсың. Соңғы кезде «Ертісте» аздаған дағдарыс байқалады. Өткен турда чемпионаттағы алғашқы жеңілісіне ұшыраған Ринат Алюетовтің командасы соңғы төрт кездесудің біреуінде ғана үш ұпай олжалай алған еді.

«Оңтүстік» (Шымкент) – «Қайрат-Жастар» (Алматы)

Қос команда турнирлік кестеде көршілес орналасқан. «Оңтүстік» алтыншы, ал «Қайрат-Жастар» оныншы орынға тұрақтаған. Екі ұжымның арасын небәрі үш ұпай бөліп тұр. Егер алматылық ұжым жеңіске жетсе, «Оңтүстікті» қуып жетуге мүмкіндік бар. Ал «Қайрат-Жастар» екі немесе одан да көп гол айырмасымен ұта алса, тіпті қарсыласын артқа тастап кетуі де ықтимал. Алматылықтар бүгінгі қарсыласының алаңындағы соңғы үш ойынды жеңіспен аяқтаған. Демек, «Оңтүстік» олар үшін өте қолайлы қарсылас деген сөз.  

 SD Family (Астана) – «Хан-Тәңірі» (Алматы)

Астаналық «SD Family» өз алаңындағы кездесулерін уақытша Алматыда өткізуге мәжбүр: клубтың стадионы жөндеу жұмыстарына байланысты жабылған. «Хан-Тәңірі» үшін бұл фактор кішігірім басымдық болуы мүмкін. Былтыр қос ұжым бір-бірден ірі жеңіске жеткен – «SD Family» (3:0), «Хан-Тәңірі» (6:0).

«Жетісай» (Жетісай) – «Шахтер» (Қарағанды)

«Жетісай» өзінің алаңында «Ертістен» ұпай алып, тек көшбасшы «Каспийге» ғана гол соға алған жоқ. Ал қарағандылық команда сырт алаңда өткізген барлық матчында гол жіберіп келеді. Қорғаныс тұрғысынан алып қарағанда жетісайлықтардың статистикасы тәуір - 9 гол жіберген. «Шахтердің» қақпасына 12 гол соғылған. Дегенмен, қарағандылықтар турнирдегі ең мықты шабуылымен есте қалуда - маусымда қарсылас қақпасын 21 рет дәл көздеген.

«Алтай» (Өскемен) – AKAS (Алматы)

Осы турдағы тартысты бәсеке осы қос ұжым арасында күтіледі. Екі команда да Бірінші лигадағы тұрақты ойынымен көзге түсуде. 5-орындағы «AKAS» та 3-сатыдағы «Алтай» да жоғары дивизионға шығудан үміткер саналады.

«Каспий» (Ақтау) – «Екібастұз» (Екібастұз)

Бірінші лигада ең көп шеберлік байқасқан екі команданың бұл жолғы ойыны қалай аяқталады? («Каспий» мен «Екібастұз» өзара 33 матч). «Каспий» турнир кестесіндегі жағдайын жақсартып, бәсекелестерінен ұзап кетуді көздейді. Көшбасшы клуб үшін өзінің алаңы біраз басымдық сыйлауы тиіс. Бірақ, «Каспий» былтыр екі кездесуде де «Екібастұздан» ұтылып қалды.  

 «Тараз» (Тараз) – «Ақтөбе-Ж» (Ақтөбе)

Көштің соңындағы аутсайдерлер үшін бұл бәсекенің маңызы аса жоғары. «Тараз алты турда екі-ақ ұпай олжаласа, «Ақтөбе-Ж» мүлде жеңіске жете алмай келе жатқан жалғыз команда. Турнирлік тұрғыдан алғанда аталған матч екі команда үшін де маңызды.          

Жарнама
Жарнама

Новости партнеров