Aladop.kz сайты әр клубтың деңгейін саралап, маусым алдындағы мүмкіндіктерін бағамдап, сараптамалық мақала ұсынбақ.
Бүгін, 02 сәуірде, Бірінші лиганың 2026 жылғы жаңа маусымы ресми түрде шымылдығын түрді. Биылғы додада еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған 14 команда бақ сынайды. Чемпионат регламентіне сәйкес, ойындар екі айналымнан тұратын жүйемен өтеді. Маусым қорытындысы бойынша турнир кестесінде алғашқы екі орынды иеленген үздік клубтар келесі жылы Премьер лигаға тікелей жолдама алады.
Алғашқы тур екі күнге жоспарланған. Бүгін, 2 сәуір күні, “Арыс” пен «Жайық», “Хан-Тәңірі” мен “Каспий Ж, “Тұран” мен “Академия Оңтүстік”, сондай-ақ “Тобыл Ж” мен “Елімай Ж” командалары арасындағы матчтар өтеді. Ал ертең, 3 сәуірде қалған ойындар жалғасады. “Астана Ж” өз алаңында “Ақтөбе Ж” клубын қабылдаса, “Тараз” бен “Екібастұз” (Батыр), “Қайрат-Жастар” мен “Шахтер” ұжымдары өзара мықтыны анықтайды. Жанкүйерлерді алда тартысқа толы, қызықты маусым күтіп тұр.
Биылғы маусымның басты ерекшелігі — лигадағы командалардың құрамы мен мақсаттарының әртүрлілігінде. Бір жағынан, элитадан қайтқан “Тұран”, өткен маусымда жоғарыға көтерілуге бір қадам жетпей қалған “Шахтер” және тарихи абыройын қалпына келтіруді көздейтін “Тараз” клубтары басты фавориттер санатында. Екінші жағынан, кестені араластырып, фавориттерге кедергі келтіретін бірнеше резервтік және жастар жобалары бар. Дегенмен, Қазақстан футбол федерациясының ережесіне сәйкес, ҚПЛ клубтарының құрылымындағы жастар командалары жоғары дивизионға көтеріле алмайды. Осылайша, Премьер лига жолдамасы үшін нақты тартыс тек дербес клубтар арасында өрбиді.
“Тұран”
2025 жылғы маусымның қорытындысы бойынша “Тұран” 16 ұпаймен 14-орынға тұрақтап, Қазақстан Премьер лигасынан түсіп қалды. Алайда клуб төменгі дивизионда ұзақ тұрақтамауды көздеп отыр. Биылғы наурыз айында команда тізгінін тәжірибелі маман Виктор Кумыков ұстады әрі оның ассистенті ретінде Самат Смақов тағайындалды. Сонымен қатар клуб басшылығында да ауқымды өзгерістер болды, Жандос Сарманов директор, ал белгілі футболшы Мақсат Байжанов спорт директоры қызметіне орнықты.
Құрамның күшеюі де көңіл қуантады. Маусым алдында команда қатарына Еркебұлан Тұңғышбаев, Богдан Савкив және Уәлихан Мұхаметжанов сынды шебер ойыншылар қосылды. Қағаз жүзінде бұл — Бірінші лига деңгейі үшін өте сапалы әрі мықты құрам.
Осы өзгерістерді ескерсек, “Тұранның” алдында бір ғана мақсат тұр — дереу элитаға оралу. Команда маусым бойы тұрақтылық танытып, психологиялық қысымға төтеп бере алса, турнир кестесіндегі алғашқы екі орынның бірінен көрінуі тиіс. Керісінше, мұндай әлеуетпен мақсатқа жете алмау — биылғы маусымның басты сенсациясы мен сәтсіздігі ретінде бағаланбақ. Клубтың соңғы қадамдары мен құрамның деңгейі дәл осындай жоғары межені талап етеді.
“Шахтер”
Қарағандылық “Шахтер” өткен маусымды Бірінші лиганың 4-сатысында тәмамдап, 53 ұпай жинады. Клуб Премьер лигаға қайта оралуға бір қадам ғана қалғанда сүрінді. Соған қарамастан, биыл да “Кеншілер” басты фавориттердің қатарында. Себебі клубтың аты, бай тарихы, жанкүйерлердің зор қолдауы мен мойнындағы жауапкершілік жүгі бұл дивизион үшін бәрібір жоғары деңгейді білдіреді.
Алайда команданың шешімін күткен өз мәселелері де бар. Маусым алдында “Шахтер” Ален Аймановты қатарға қосып, шабуыл шебін нығайтқанымен, Богдан Савкив пен Уәлихан Мұхаметжанов сынды негізгі ойыншыларынан айырылып қалды — олар тікелей бәсекелес “Тұран” клубына ауысты.
Сондықтан Қарағандылықтар үшін биылғы басты мәселе құрамның сапасы емес, ұзақ марафондағы тұрақтылық болмақ. Егер “Шахтер” былтырғыдай ұпайды тек кезең-кезеңмен емес, бүкіл маусым бойы тұрақты жинай алса, Премьер лига жолдамасы үшін соңына дейін басты үміткер болып қала бермек. Турловтың командасының тізгіні Дмитрий Огайдан Андрей Финонченкоға өткен.
“Тараз”
“Тараз” клубы 2025 жылғы маусымды 35 ұпаймен 8-орында аяқтады. Бұл нәтиже “Тараз” секілді атаулы ұжым үшін өте төмен көрсеткіш. Қазақстан футболында өзіндік бренді, мықты мектебі мен бай дәстүрі бар клуб Бірінші лиганың қатардағы ортаңқол командасына айналмауы тиіс.
Сондықтан биылғы маусымда клубтың алдында бір ғана мақсат тұр: турнир кестесінің орта тұсынан жоғары көтерілу. Егер команда биыл да 7–9 орындардың маңында қалып қойса, бұл — клуб дамуының тоқырауға ұшырағанын білдіреді. Маусымның шымылдығын “Екібастұзға” қарсы өз алаңындағы ойынмен ашу — клуб үшін алғашқы турдан-ақ нақты әлеуетін танытуға берілген жақсы мүмкіндік.
“Тараз” биыл басты фавориттердің қатарына бірден ене қоймаса да, Премьер лигаға жолдама беретін аймаққа жақын жүруге міндетті. Клубтың тарихы мен жанкүйерлердің үміті дәл осындай нәтижені талап етеді.
“Екібастұз”
Өткен маусымды “Екібастұз” 28 ұпаймен 10-орында аяқтады. Әсіресе, команданың қорғаныс шебіндегі олқылықтар анық байқалды, бір маусымда 60 гол жіберу — клубтың басты әлсіз тұсы. Сондықтан биылғы мақсат — қорғанысты нығайтып, матч ішіндегі тәртіпті түзеу болмақ. Бірінші лигада ысылған ұжымдар үшін мұндай сәтсіз маусымнан кейін бірден серпіліс жасау — жиі кездесетін құбылыс.
Биылғы біріншілікте “Екібастұз” басты фавориттер қатарында саналмаса да, қорғаныстағы қателіктерді азайтса, былтырғы 10-орыннан әлдеқайда жоғары көтерілуге әлеуеті жетеді.
Маусымның алғашқы турындағы “Таразға” қарсы сырт алаңдағы ойын команданың биылғы бағыт-бағдарын ерте айқындап бермек. Егер Екібастұздықтар бұл сынақтан сүрінбей өтсе, турнир кестесінің жоғарғы бөлігі үшін таласуға дайын екенін дәлелдейді.
“Хан-Тәңірі”
2022 жылы құрылған Алматылық клуб “Хан-Тәңірі” өткен маусымды 18 ұпаймен 12-орында тәмамдады. Биыл команданың алдында нақты міндет тұр: турнирге жай ғана қатысушы емес, бәсекеге қабілетті, салмақты ұжым ретінде көріну.
Дегенмен клуб үшін биылғы маусым оңай болмайын деп тұр. Трансферлік кезеңде Саят Жұмағали бастаған бірқатар белді ойыншылар жоғары дивизионға ауысып кетті. Бұл “Хан-Тәңірінің” тек турнирлік кестедегі нәтиже үшін ғана емес, құрам тұрақтылығын сақтап қалу үшін де күресетінін аңғартады.
Соған қарамастан, клубтың жас құрылымы мен Алматыдағы жақсы дайындық базасы кез келген қарсылас үшін оларды ыңғайсыз бәсекелес ете алады. Егер команда өз әлеуетін дұрыс пайдаланса, биылғы біріншілікте тосынсый жасауға қауқарлы.
“Академия Онтүстік”
“Академия Оңтүстік” 2025 жылғы маусымды 39 ұпаймен 7-орында аяқтады. Негізгі назарды жастарды дамытуға аударатын жоба үшін бұл — жақсы көрсеткіш. Алайда мұндай командалар үшін ұзаққа созылатын маусымдағы ең үлкен қиындық — шеберлік емес, тұрақтылықтың аздығы. Олар бір турда жарқын ойын көрсетіп, келесі матчта мүлде танылмастай өзгеруі мүмкін.
Биыл “Оңтүстіктің” басты миссиясы — тек жаңа таланттарды ашу ғана емес, сонымен бірге турнир кестесінде де жоғарырақ көтерілу. Маусымның алғашқы турындағы “Тұранға” қарсы кездесу команда үшін үлкен сынақ болмақ. Егер академия тәрбиеленушілері осындай маңызды матчтарда ұпай еншілей алса, бұл ұжым биылғы біріншіліктің жағымды тосынсыйына айналуы әбден мүмкін.
“Қайрат-Жастар”
2025 жылғы маусымда “Қайрат-Жастар” 40 ұпай жинап, 6-орынға тұрақтады. Жастар командасы үшін бұл — айтарлықтай жақсы көрсеткіш. Дегенмен мұндай жобалардың табиғаты өзгеше: олар үшін турнир кестесіндегі орыннан гөрі, негізгі құрамға сапалы футболшы дайындау әлдеқайда маңызды. Оның үстіне, ҚФФ ережесіне сәйкес, мұндай клубтар нәтижесі қандай болса да Премьер лигаға көтеріле алмайды.
Осы себепті биыл да “Қайрат-Жастар” біріншіліктегі көптеген клубтың жолын кесетін, бірақ жолдама үшін таласқа ресми түрде қатыспайтын ыңғайсыз ұжым рөлін атқарады.
Маусымның алғашқы турындағы “Шахтерге” қарсы кездесу осы жағдайдың нақты көрінісі болмақ. Алматылық жастар ешқандай қысымсыз, батыл ойын көрсетуге тырысса, қарсыласы үшін бұл — ұпай жоғалтуға болмайтын жауапты әрі қиын матч.
“Ақтөбе Ж”
Өткен маусымда “Ақтөбе” жастар командасы Бірінші лигада 16 ұпаймен 13-орынды қанағат тұтты. Биылғы маусымда бұл ұжым үшін ең басты көрсеткіш — ойын сапасындағы ілгерілеу болмақ. Резервтік команда үшін турнир кестесінің соңында қалу үлкен қасірет емес, алайда бір жыл ішінде футболшылардың кәсіби тұрғыда өскенін дәлелдеу өте маңызды.
Маусымның шымылдығын ашатын “Астана Ж” клубына қарсы 1-турдағы кездесу команданың қазіргі деңгейін бірден айқындап бермек. Егер “Ақтөбе Ж” тек қорғанысқа иек артпай, батыл әрі мазмұнды ойын көрсете алса, турнир кестесінің төменгі сатысынан жоғары көтерілуге мүмкіндігі бар.
Дегенмен, олар үшін Премьер лигаға жолдама алу емес, ойыншылардың шеберлігін шыңдау мен даму сапасы негізгі өлшем болып қала береді.
“Астана Ж”
“Астана” жастар командасы 2025 жылғы маусымды жарқын жеңіспен аяқтады. Екінші лиганың финалдық матчында “Жайықты” 2:0 есебімен қапы қалдырып, чемпиондық алтынды иеленді. Өткен маусым бойы қарсыластарын ірі есеппен жиі ұтқан бұл ұжым бүгінде резервтік командалар арасындағы ең қуатты құрамның бірі саналып отыр.
Алайда, фарм-клубтарға тән ортақ шектеу “Астана Ж” командасына да қатысты. ҚФФ ережесі бойынша олар нәтижесіне қарамастан Премьер
лигаға көтеріле алмайды. Соған қарамастан, команданың биылғы миссиясы айқын — турнир кестесіндегі фавориттерден ұпай тартып алып, өз ойыншыларын жоғары деңгейге дайындау.
Биылғы Бірінші лигада резервтік ұжымдар арасында ең жоғары орынға таласатын басты үміткер дәл осы “Астана Ж” болуы әбден мүмкін. Олардың өткен жылғы чемпиондық қарқыны мен ойын сапасы осындай болжам жасауға толық негіз болады.
“Елімай Ж”
2026 жылғы маусымда “Елімайдың” жастар құрамы Бірінші лига қатысушыларының қатарына қосылды. Өткен маусымда Екінші лигада өнер көрсеткен бұл ұжым өзіндік қолтаңбасымен және шабуылдағы пәрменді ойынымен есте қалды. Мәселен, “SD Family Ж” командасын 4:1 есебімен тізе бүктірген матчтары олардың тек қағаз жүзіндегі резерв емес, айтарлықтай әлеуеті бар ұжым екенін дәлелдеді.
Алайда Бірінші лига — жас футболшылар үшін мүлде бөлек деңгей мен жоғары психологиялық қысым. Мұнда маусымда бірнеше рет жарқ етіп көріну жеткіліксіз, турнир бойы тұрақтылық сақтау аса маңызды.
Сол себепті биылғы маусымда “Елімай Ж” алдына бірден жоғары орындарды мақсат етпей, алдымен осы дивизионның қарқыны мен ырғағына бейімделуді басты міндет ретінде қойып отыр. Команданың алдағы бағыты жастардың осы жаңа деңгейде қаншалықты тез шыңдалатынына тікелей байланысты болмақ.
“Тобыл Ж”
“Тобылдың” жастар құрамы үшін өткен маусым оңай болған жоқ. Екінші лига аясында “Астана Ж” командасынан 0:3 және 1:4 есебімен ұтылуы Қостанайлық резервтің әлі де болса деңгей жағынан ақсап тұрғанын көрсетті. Бұл нәтижелер команданың әлеуеті болғанымен, әлі де болса тұрақты әрі қуатты ұжымға айнала қоймағанын аңғартады.
Сондықтан Бірінші лигадағы биылғы маусым “Тобыл Ж” үшін нағыз төзімділік мектебі болмақ. Команданың алдында тұрған басты міндет — өткен жылғы қателіктерден сабақ алып, жоғары дивизионның талаптарына сай ойын үлгісін қалыптастыру.
Маусымның шымылдығын ашатын “Елімай Ж” клубына қарсы кездесу — екі резервтік жобаның өзара деңгейін саралайтын маңызды сынақ. Дәл осы матч жаңа ортаға қай ұжымның тезірек бейімделіп, турнир кестесінде жоғарырақ тұруға лайықты екенін айқындап бермек.
“Каспий Ж”
Бірінші лига қатарына жаңадан қосылған “Каспийдің” жастар құрамы өткен жылғы нәтижелерімен назар аудартады. Екінші лига аясында “Жайықты” 3:2, ал “Jeyran” клубын 2:1 есебімен ұтуы — бұл ұжымның кез келген қарсыласпен терезесі тең өнер көрсетіп, жеңіске жете алатын әлеуетін аңғартады. Оның үстіне, негізгі “Каспий” клубының 2025 жылғы Бірінші лигада топ жарып, Премьер лигаға жолдама алуы жастар командасына да ерекше серпін мен жеңімпаз рухын сыйлары анық.
Алайда, резервтік командаларға тән ерекшеліктер мұнда да басты орында қала береді. Клуб үшін турнирлік кестедегі жоғары орыннан гөрі, ойыншылардың кәсіби дамуы мен шеберлігін шыңдау маңыздырақ.
Сондықтан “Каспий Ж” командасын бірден жүлделі орындарға басты үміткер деп атау ерте болғанымен, олардың биылғы біріншілікте талай фавориттерден ұпай тартып алып, турнир интригасын қыздыра түсетін азулы ұжым болатыны сөзсіз.
“Арыс”
2022 жылы негізі қаланған “Арыс” жаңа қатысушылардың бірі. Өткен жылы Екінші лигада өнер көрсеткен бұл ұжым “Ордабасы Ж” және “Мақтаарал” сынды қарсыластарын 2:0 есебімен қапы қалдырып, өзіндік әлеуетін таныта білді. Биылғы доданы өз алаңында “Жайыққа” қарсы матчпен бастайтын клуб үшін бұл — жаңа деңгейдегі алғашқы үлкен сынақ.
“Арыс” — биылғы біріншіліктің ең жұмбақ әрі қызықты командаларының бірі. Мұндай жас ұжымдар кейде алғашқы маусымда ерекше жігермен (эмоциямен) жоғары нәтижелерге қол жеткізсе, кейде тәжірибенің аздығынан қиындықтарға тап болып жатады.
Сондықтан “Арыс” үшін биылғы ең тиімді стратегия — бірден турнир кестесінің жоғарғы сатысына ұмтылмай, алдымен осы дивизионда өз орнын нығайтып, тұрақты ойын үлгісін қалыптастыру болмақ. Команданың алдағы нәтижелері олардың жаңа ортаға қаншалықты жылдам бейімделетініне тікелей байланысты.
“Жайық”
Оралдық “Жайық” — Қазақ футболындағы ең жас ұжымдардың бірі, клубтың негізі 2025 жылы ғана қаланды. Соған қарамастан, команда алғашқы маусымда-ақ Екінші лигада жарқырап көрініп, финалға дейін жетті. Шешуші матчта “Астана Ж” клубына жол бергенімен, қос ұжым да Бірінші лигаға жолдама алып үлгерді. Жаңадан құрылған клуб үшін мұндай жедел ілгерілеу — өте керемет көрсеткіш.
Сондықтан биылғы маусымда “Жайық” турнирдің ең қызықты дебютанттарының бірі ретінде назарда болады. Алайда Екінші лигада бір сәттік серпінмен жеңіске жету мен Бірінші лиганың 26 туры бойы жоғары деңгейді ұстап тұру — екі бөлек міндет.
Егер оралдық ұжым алғашқы жеңістерден алған жігерін жоғалтпай, қорғаныс шебінде жинақылық танытса, олар биылғы біріншіліктің басты жаңалығына айналуы әбден мүмкін. Команданың алдағы бағыты осы жаңа деңгейдегі тұрақтылықты қаншалықты сақтай алатынына тікелей байланысты болмақ.
Маусымның басты интригалары қандай?
Биылғы Бірінші лига ойындары жанкүйерлер үшін тартысқа толы болмақ. Турнирдің негізгі интригаларын былайша жіктеуге болады:
“Тұранның” қайта өрлеуі: Клуб Премьер лигаға бірден қайта оралу міндетін орындай ала ма? Құрамның күшеюі мен басшылықтағы өзгерістер бұл мақсатқа жетуге жеткілікті ме?
“Шахтердің” реваншы: Қарағандылықтар былтыр жіберіп алған мүмкіндікті биыл пайдаланып, элитаға жолдама ала ала ма? Тарихи аты мен жанкүйерлердің сенімі командаға қосымша күш бере ме?
“Тараздың” қайта түлеуі: Даңқты тарихы бар клуб ортаңқол команда деңгейінен арылып, турнир кестесінің жоғарғы сатысына көтеріле ме, әлде тоқырау жалғаса бере ме?
Резервтік командалардың ықпалы: Жас ұжымдардың (фарм-клубтар) деңгейі қандай болмақ және олар Премьер лига жолдамасы үшін таласатын дербес клубтардың жолын қаншалықты кеседі?
Осы сауалдардың жауабы 2026 жылғы Бірінші лига маусымын соңғы турға дейін қызықты әрі тартысты ететіні сөзсіз.
Қорытынды
Биылғы Бірінші лиганың басты фавориті — қағаз жүзінде де, құрам деңгейі жағынан да “Тұран” клубы. Алайда олардың өкшесін басып, үлкен жауапкершілікпен “Шахтер” келе жатыр. Сонымен қатар, “Тараз”, «Екібастұз», “Хан-Тәңірі”, “Арыс” және “Жайық” секілді ұжымдар маусымның кез келген кезеңінде тосынсый жасауға қабілетті екенін ұмытпаған жөн.
Резервтік командаларға келер болсақ, олар Премьер лигаға жолдама ала алмаса да, турнир кестесіндегі басты үміткерлерден маңызды ұпайларды тартып алып, бүкіл жарыс тағдырын өзгертіп жіберуі әбден мүмкін.
Осылайша, биылғы Бірінші лига жай ғана жоғары дивизионға көтерілу үшін таласатын турнир емес, әр клубтың мінезі, жүйелі жұмысы және ұзақ маусымдағы тұрақтылығы сыналатын нағыз тартысты чемпионат болғалы тұр.
Біздің серіктес: FONBET