Соңғы кездері Қазақстан ақпарат көздерінде ел футболының жоғарғы лигасын қазақша атау керек пе деген ұсыныс тасталып, жан-жақты талқыға алынуда. Бірақ сол мәселенің осы күні дұрыс, бұрысы анықталмай жатыр. Жалпы біздің біріншілікке қандай ат жарасымды.
Елжас ӘУРЕН
Қазақстан футболының жоғарғы лигасы сонау 1992 жылдардан бері түрлі атауларға ие болып келді. Мысалы, Супер-лига, Высшая лига, Премьер-лига секілді атауларды алма-кезек ауыстырып жүрді. Ал енді әлемдік тәжірибеге көз жүгіртер болсаңыз әр елдің өзіндік сипатына сай атаулары бар. Немістер бундес-лига, голландиялықтар Ерадивизия, аргентиналықтар апертура деген секілді ұлттық нақыштарына сай аттарды қолданған. Ал бізде, ағылшындардан алынған премьер-лига. Біздің біріншілікке қарап қандай атау ойлап табуға болады деген сұраққа ең алдымен ойыма базар деген сөз келеді. Дүние базар деген екен атам қазақ. Базар-біріншілік деп атасаң да жақсы естілетін секілді. Оның үстіне әлемдік аренада халықаралық тілдерге ауысқанда да оңай, әрі түсінікті жазылады. Біріншілігіміздің соңғы кездердегі жағдайына тоқталар болсам осы атауға сай көп мәліметтер келтіре аламын. Сонау жылдардағы сатылып кетіп жататын ойындардың тарихына бармай-ақ, үстіміздегі жылдың маусымында болып жатқан футбол-саудасына ден қойсам. Өз алаңында «Шахтерді» жеңген алматылық «Қайрат» сырт алаңда барып ұтылды. «Тараз» бен «Қайсар» арасындағы кездесуде де екі ойында тең нәтиже тіркелмеді. Айналымның соңғы туры мен келесі қарымта кездесулерінде екі реттен кездесетін командалар бар-жоғы 2 аптаның ішінде үш ұпайға оңай қол жеткізді. Егер командалар әділ ойнап, нағыз шын мықтыны анықтайтын болса сол екі кездесудің бірінде тең нәтиже тіркеліп те қалар ма еді? Ондай жағдай орын алса, бір команда 2 ұпайдан айырылуы мүмкін. Ал соңғы орындарды тұрақ еткен осындай клубтарға бәсекелестерін қуып жету үшін ұпайларын көбейткендері дұрыс-ақ. Әрине, көзбен көріп, құлақпен естімеген соң екіұдай пікірде қалуға болар еді. Бірақ, Қарағандыда болған жауапты кездесудегі жәйтті еске алсаңыз ойыңыз өзгерері белгілі. Жеңіске жетуі керек болған алаң иелері әдеттегідей емес, 12 ойыншымен алаңға шықты. Біршама уақыт бойы бір ойыншыға артық ойнаған кеншілер, кездесуде басымдылыққа ие болды. Мұндай сұмдықты осы күні кім естіген. Аброй болғанда, бұл масқараны УЕФА-дағылар естімеді.Әйтпегенде, қай заманнан көріп едіңіз алаңда бір команда 12 ойыншымен өнер көрсеткенін.
Жаға ұстап, таң қалатындай нәрсеге қарап, оған ешкімде дау айтпағанын көріп одан әрі қайран қалдым. «Ақтөбені» 3:0 есебімен ойсырата жеңген кездесуден кейін Никитенко бапкерге жолығып мән жайды сұрастырып едік, аса қатты қынжылыс білдірмеді. «Алаңда артық ойыншымен шыққан кеншілердің бізге дым қатысы жоқ. Біз соның кесірінен ұтылдық деп айта алмаймын. Біз жақсы ойнағанымен, қорытынды нәтижеде жеңіліп қалдық» - деді. Бір қызығы осы жерде артық ойыншыны алаңға жіберіп отырған «Шахтердің» бас бапкері ай қарап отырды ма дейсіз! Сол күнгі ойынның өзін талай адам сатылған деп сенімді түрде айтып жүрді. Футбол федерациясындағы азаматтар қазақ футболын дамытудың жаңаша жолын қарастырып, тыңнан соқпақ ашыпты. Ел біріншілігі қызықты болу үшін 3 команданы чемпиондыққа таластырмақшы екен. (Өткен жылғы сценарий қайталануы әбден мүмкін) Соңғы турға дейін чемпионның кім екенін білмей ел аң-таң болып жатқанда, Астанадағы ағайындар мәселені май-шаммен қарастырып қойған екен. Биылғы жылдың чемпионы – «Локомотив». Ел құлағы ел деген. Осындай тұжырымды естіп ендігі құлақ сасыды. Ал сол «Локомотиің» биылғы маусымды керемет бастап, төрешілердің көмегінде орнымен пайдаланып бәсекелестерінен оқ бойы ұзап кетті. Өз алаңында «Тобыл» мен «Ақтөбені» ұтып, сырттағы ойындарда да чемпионның өзін жеңе алатынын көрсетті. Дегенмен, Керекуде өтекен «Ертіс» пен «Локо» арасындағы матч тағы да күмән тудыртты. Дәл осылай жақсы ойнап жүрген команда «бәсекеге» қабілетті болуы үшін, былайша айтқанда артынан қуып келе жатқандарға оңайырақ болуы үшін сырт алаңдағы матчта жеңіліс табады. Мақұл, 1:0, 2:0 есебімен ұтылып қалса жарар, ақыры ұтылған соң 5:0 болып ұтылды. Жоғарыдан келген пәрменді асыра сілтеп орындаған қос команда алаңда әртіс болуға тура келді. Төрешіліктің басынан Левников кетісімен, біріншілігіміз базарға айналды. Соколов, Хисамутдинов, Пасько секілді төрешілер тағайындалған кездесулерде үнемі бір бүлік шығады. Әйтпесе алаңда 12 ойыншы жүрген жағдайды айдаладағы жанкүйер де көреді ғой. Осындай және өзге де жағдайларды саралай келе ел біріншілігін Базар-лига деп атауды ұсынамын. «Қарап тұрсаң базарға әркім барар» дегендей шынымен де, біздің біріншілікке кімдер келіп кімдер кетпей жүр."DAT"
Біздің серіктес: FONBET