Жарнама
Жарнама

Астанада жоқ, жоқ, Алматыда жоқ, жоқ...

23.09.2024, 15:52

Немесе биылғы біріншілікті кім ұтады? 

Өткен демалыста чемпиондыққа талас жүргізіп жатқан бірнеше команда өзара кездесіп, күтпеген нәтижелер де тіркелді.

"Ордабасы" - "Астана" кездесуі
Жарнама
Жарнама

Ел біріншілігінің аяқталуына санаулы тур қалғанда көпшілікті толғандырған сауал – биыл кім топ жарады? Осыған орай редакция бас жүлдеден үміткер деген бірнеше клубтың мүмкіндіктерін таразылап көрді.

«Елімайдың» 4 матчты қалды     

Премьер-лиганың 21-турынан кейін «Елімай» басты бәсекелестерінен анау айтқандай болмаса да, екі ұпайға қара үзіп шықты. Қарағандыда аса маңызды жеңіске жеткен Карпович командасы кемінде бір аптадай көш бастайды. Семейлік ұжымның чемпионат соңына дейін әлі 4 ойыны бар. Оның ішінде, әрине, ерекше айтатыны - «Астана» мен шымкентте болатын бәсекелер. Семейлік футболшылар үшін осы маусымдағы ең маңызды кездесудің бірі 19-қазанға жоспарланған. «Елімай» да, «Астана» да чемпиондықтан дәмелі командалардың қатарында келеді. Григорий Бабаянның ұжымы 19-қазанға дейін «Жеңіс» пен «Шахтерге» қарсы ойындарда ұпайдан шашау шығармаса, Семейде нағыз кескілескен кездесу болайын деп тұр. Бұл жерде әрине, өзге де факторларды естен шығармау керек: «Астанамен» матчқа дейін семейлік клубтың мотивациясы қандай болады, елордалықтардың ұпай қоры дегендей. Қандай жағдайда да, қызықты ойынның болатыны сөзсіз. Қос команданың бірінші айналымдағы айқасында Андрей Карповичтің командасы басым түскен (0:1). Чемпиондық амбиция өз алдына, елордалықтарды «Елімайдан» қарымта қайтару мотивациясының қамшылайтыны күмәнсіз.

«Елімайға» тағы бір ерекше матч әрине, «Ордабасымен» болатын ойын. Семейлік ұжымның премьер-лиганы былтырғы чемпионмен аяқтауының бір символикасы бардай. Мейлі, Андрей Карповичтің сүп-сүйкімді командасы биыл топ жармай-ақ қойсын, бірақ соның өзінде біраз жанкүйердің ықыласына бөленгені анық. Мұның өзі де үлкен жетістік. Қос фавориттен бөлек «Елімай» сырт алаңда тағы екі ойын өткізеді: өз алаңында «Жетісуды» қабылдаса, 26-қазанда «Атырауға» қонаққа барады. Иә, бірінші орында тұрғанымен, семейлік ұжым тәжірибесінің аздығымен, ҚПЛ-дегі қалған ойын саны бойынша да өзге қарсыластарынан осал көрінеді. Дегенмен, қазірдің өзінде Андрей Карповичтің ұжымы керемет нәтижеге қол жеткізіп, әлеуеті әлдеқайда жоғары командалармен терезесі тең өнер көрсетті деп сеніммен айтуға болады.

«Қайрат» биыл чемпиондыққа лайық па?

Маусым барысында бірнеше рет бас бапкер болған Рафаэль Уразбахтин «Қайратпен» чемпион атануы мүмкін. Алматылықтардың премьер-лигада 5 кездесуі қалды. Алдымен 5-қазанда «Ақтөбеде» ауыр ойын бар. Бұл екі команданың бірінші айналымдағы теке-тіресінде қонақтардың асығы алшысынан түскен. «Ақтөбе» Алматыдан мықтылығын тағы бір мәрте дәлелдеуден кетары емес. Игорь Леонов биыл басты назар Қазақстан Кубогі дегенді меңзегендей болып еді. Алайда, премьер-лиганың да ақтөбеліктердің тақиясын тар келмейтіні анық. Қалай дегенде де топ-клубтардың амбициясы болады. Біз ол қатарға қос команданы да жатқызамыз. «Қайрат» пен «Ақтөбе» биыл турнирлік кестеде барынша биіктен көріну үшін аянып қалмайды.

Сондай-ақ, Уразбахтиннің шәкірттері «Тұран» мен «Жетісуға» қарсы тұрып, екінші қарашада өздерінің бұрынғы бапкерлерінің клубы «Ордабасымен» жолығады. Сөзсіз, бұл да қызықты бәсеке. Алматылық клуб ҚПЛ-2024-ті Атырауда тәмамдайды. «Қайраттың» биыл топ жаратын тамаша мүмкіндігі бар. Чемпион болу-болмауы «Қайраттың» ғана қолында емес, бірақ алматылықтар өзіндегі мүмкіндікті молынан пайдаланып қалуы тиіс.

 «Ақтөбенің» де айтары бар

«Елімай» секілді «Ақтөбенің» де мәреге дейін төрт ойыны қалып отыр. Чемпиондық таластағы командалардың арасындағы ең азы осы қос ұжымда. Игорь Леонов ақтөбеліктерді 5-қазанда «Қайратқа» қарсы бастап шығады. Көпшілік Қостанайдағы фиаско «қызыл-ақтарды» бас жүлдедегі таластан шығарып тастады деп топшылауда. Теориялық тұрғыда мүмкіндік әрина бар. Ол үшін «Ақтөбе» тікелей бәсекелестері «Қайрат» пен «Астананы» ұтып, «Шахтер», «Тұранмен» де ұпай жоғалтпауы тиіс. Бұдан бөлек қалған қарсыластарының да күтпеген жерден сүрінгені жақсы.

«Ордабасы» өзіндегі мүмкіндікті пайдалана ала ма?

Былтырғы премьер-лига жеңімпазы ең көп кездесуі қалған екі ұжымның бірі саналады. Бірінішіліктің соңғы ширегіндегі Шымкенттің сенім артқаны да осы фактор. Алты ойыннан Кирилл Кекердің назарын ерекше аударатын соңғы екі матч деуге болады. Бірақ қоңыр күздегі «Қайрат» пен «Елімаймен» өтетін (Қайратпен 2-қараша, Елімаймен 9-қарашада) матчтарға жақсы көңіл-күймен жету үшін шымкенттіктер алдымен «Тұран», «Қызыл-Жар», «Тобыл» мен «Жеңістен» жеңілмеуі керек. Аталған командалардың да соңғы турларда өзіндік мақсат-міндеттері барын ескерсек, ешкімнің оңайлықпен ұтыла салмайтынын да айта кету керек.

Қазан мен қараша - Кирилл Кекердің нағыз кәсіби біліктілігі сыналатын кезең. Осы екі айда шымкенттік клуб бар жігерін жинап, тарихында екінші рет чемпиондық атағына ұмтылуды көксейді. Оған шамасы келе ме, жоқ па, ол енді бөлек әңгіме. Айтпақшы, кеше «Астанамен» болған ойынның арты дауға ұласты. Шымкенттік команданың бапкерлік құрамы, футболшыларын айтпағанда, жанкүйерлердің төрешілердің жұмысына, премьер-лигадағы бәсекелестіктің әділетсіздігіне қатысты түрлі пікіріне куә болдық...

Кеш оянған «Астана» 

Григорий Бабаянның командасы кеше чемпиондық таластағы басты бәсекелесінен басым түсіп, діттеген межесіне бір табан жақындай түсті. Көш басындағы ұжымдардың арасындағы ең ауыр кесте де осы «Астананың» еншісінде екенін айта кету керек. Соңғы турларда кіл мықтылармен жолығады: 19-қазанда Семейге барса, апта салып «Ақтөбені» қабылдамақ. Артынан тағы да мықты қарсылас бар - 2-қарашада «Тобылмен» тіресі тұр. Елордалық команданың тағдырын шешетін де осы аралықтағы үш матч. 

Жарнама
Жарнама

Новости партнеров