«Челсимен» АПЛ-ді ұтқан Виктор Мозес қызылордалық командаға ауысуға жақын.
Нигериялық жартылай қорғаушы жақын күндері ресми түрде таныстырылмақ. Бұл туралы «AmanVIBE» арнасы мәлімдеді.
«Нигериялық футболшы Эмират жерінде жүріп өзінің агенттерімен «Дубай Юнайтед» клубымен келісімшарт жасауға ниеттенген. Мұндай ойлары «қасқырлардың» спорт директоры Алдан Балтаевпен болған кездесуінен кейін күрт өзгеріпті. Футболшының агенттері мен қызылордалықтар мәмілеге келген ұқсайды. Бірінші келіссөздерден кейін-ақ барлығы ойдағыдай іске аса бастады. «Челсидың» бұрынғы футболшысының қаржылай талаптары «Қайсардың» көңілінен шықты – мендегі ақпаратқа сәйкес, нигериялықтың гонорары жақын күндері ҚПЛ-дің тағы бір клубына келіп қосылатын жұлдызды ойыншының ақшасынан үш есе төмен. Осыдан кейін Виктор Мозес «Қайсардың» жаттығуына шақырту алып, онда бас бапкер Андрей Ферапонтов футболшының трансферін толық құптады. Енді екі күннен кейін Виктор Мозес «Қайсар Аренада» қызылордалық жанкүйерлерге ресми таныстырылатын болады», - делінген арна жазбасында.
35 жастағы вингер Англияда «Ливерпуль», «Челси», «Вест Хэм», Түркияда «Фенербахче» және мәскеулік «Спартак» сапында доп тепкен. Соңғы клубы «Лутон таун» (Англияның 3-дивизионы). Футболшының нарықтық бағасы 300 мың Еуро.
Біздің серіктес: FONBET