Жарнама
Жарнама

Биылғы кубок кімге бұйырмақ?

17.05.2011, 19:55
Жарнама
Жарнама
Қазақстан кубогының ширек финалдық кездесулерi ойналды. Елiмiздiң төрт қаласында өткен кубоктық сайыста командалар жартылай финалдық жолдаманы сарапқа салды. Биылғы маусымда жиырмасыншы рет өткiзiлiп тұрған ел кубогының жартылай финалына Шымкенттiң “Ордабасы” клубы мен Павлодардың “Ертiсi” және Тараздың “Тараз” клубтары жолдама алды. Сондай-ақ Қазақстан кубогының бес дүркiн жеңiмпазы Алматының “Қайратын” ұтқан Қостанайдың “Тобылы” да үздiк төрттiктiң қатарына қосылды. Қаскеленде Шымкенттiң “Ордабасы” клубын қабылдаған “Сұңқар” футболшылары оңтүстiкқазақстандық футболшылардан 1:3 есебiмен ұтылды. Бұл ойында “Ордабасы” клубының сапынан серб легионерi Иван Перич екi доп соқты. Шымкенттiк футболшылар осымен екiншi жыл қатарынан Қазақстан кубогының жартылай финалына шығып тұр. Былтырғы кубоктық маусымда “Ордабасы” ширек финалда “Тобылды” тiзе бүктiрiп, жартылай финалда “Шахтерден” екi ойынның қорытындысы бойынша ұтылып қалған болатын. “Шахтер” демекшi, қарағандылық “кеншiлер” ширек финалда ойламаған жерден өз алаңында “Тараз” футболшыларынан ұтылып қалды: 2:4. Қазақстан премьер-лигасында үздiк үштiктiң арасында келе жатқан “кеншiлердi” “Тараздан” осылай тiзе бүгедi деп ешкiм ойламаса керек. Екi жыл қатарынан (2009, 2010) Қазақстан кубогының финалында ойнаған “Шахтер” бұл жолы жартылай финалға да жете алмады. Қазақстан кубогын өзге командалардан гөрi көбiрек жеңiп алған Алматының “Қайраты” да жарыстан шығып қалды. Бұл – премьер-лигада көш соңында келе жатқан алматылықтар биыл тағы да жүлдесiз қалады деген сөз. Соңғы рет “Қайрат” Қазақстан кубогын 2005 жылы ұтып алса, ел бiрiншiлiгiнде жүлдеге iлiнгенi де дәл осы жылы. Содан берi “Қайрат” футболшыларына Қазақстан кубогын ұтып алу былай тұрсын, Қазақстан-премьер-лигасында жүлделi орынға да iлiге алмай келедi. Қазақстан кубогының 1997/98 жылғы жеңiмпазы Павлодардың “Ертiсi” биыл кубоктық сайыста суырылып шығуды мақсат тұтып отыр. Бас бапкер Талғат Байсуфиновтың айтуынша, керекулiк футболшылар ширек финалда өз мүмкiндiктерiн толық көрсете алған жоқ. “Алдағы уақытта барлық қателiктердi түзеп, Қазақстан кубогын жеңiп алуға бар күш жiгерiмiздi саламыз”, – дейдi Т.Байсуфинов. Жалпы, осыған дейiн өткен Қазақстан кубогын елiмiздiң он үш командасы жеңiп алды. Солардың арасында көш iлгерi тұрған алматылықтар деп сөзiмiздiң басында айттық. “Қайрат” бастап тұрған тiзiмде екiншi болып Астананың “Жеңiсi” тұр. 1997-99 жылдар аралығында “Астана” деген атпен елiмiздiң аяқдоп әлемiне танылған “Астана” футболшылары 1999-2005 жылдар аралығында “Жеңiс” деген атауға ие болғаны баршамызға мәлiм. Мiне, осы кезде астаналықтардың асығы алшысынан түстi. Атына заты сай өнер көрсеткен “Жеңiс” футболшылары бұл атпен үш мәрте Қазақстан кубогының (2000/2001, 2002, 2005) иесi атанды. Қазақстан кубогының ширек финалдық ойындарының нәтижелерi: “Тобыл” (Қостанай) – “Қайрат” (Алматы) – 1:0 (Гридин, 52-минутта); “Ертiс” (Павлодар) – “Оқжетпес” (Көкшетау) – 1:0 (Сангаре, 59-минутта, өз қақпасына); “Шахтер” (Қарағанды) – “Тараз” (Тараз) – 2:4 (Василевич, 26-минутта, Финонченко, 78-минутта – Пахалюк, 10-минутта, Недашковский, 30-минутта, Исламхан, 32-минутта, Иованович, 60-минутта); “Сұңқар” (Қаскелен) – “Ордабасы” (Шымкент) – 1:3 (Тұрысбек, 68-минутта – Перич, 7-минутта, 78-минутта, Касьянов, 30-минутта).
Жарнама
Жарнама

Новости партнеров