Биыл Қазақстан футбол федерациясының шешімімен еліміздің ең үздік ойыншысы болып Ұлан Қонысбаев танылды. Әділетті шешім. Ұлан биыл ұлттық құрамада да, клуб сапында да көсіле ойнады. Орайы келіп тұрғанда, ел футболының дарынды саңлақтарының бірімен оқырмандарымызды кеңірек таныстырсақ деген едік. Ұланның әкесі Әбүйірбек ағаның қызмет бабымен тұрмаған жері жоқ. Қазақстанның қай бұрышы болмасын, бұл кісіге таңсықтығы жоқ. Алматыдан оқу бітіре салысымен жолдамамен Шығыс Қазақстан облысындағы Ұлан ауданының Никитенка (қазіргі Бозанбай) ауылына жөнелтіледі. 2011 жылдың үздік футболшысы сонда дүниеге келген. Аудан атымен аттас болғандықтан, есімін Ұлан деп қойыпты. Бір қызығы, шақалақ жарық дүние есігін ашқанда алдымен басы шықпай ма, ерекше жаратылған Ұлан аяғымен туған бала екен. Содан 1991 жылы, Ұланның екі жасында прокуратуралық қызметпен Әбүйірбек ағаның отбасы өзінің туған жері Тараз қаласына көшіп кеткен. Міне, Ұланды футболшы ретінде қалыптастырған – осы қала. Дегенмен ол бірден футболшы болып кете қойған жоқ. Өзінен үш жас үлкендігі бар ағасы Думанның жанынан бір елі қалмайтын кішкентай Ұлан алдымен шахматпен айналысыпты. Тіпті спорттың бұл түрінен облыстық, республикалық турнирлерде алған дипломдары әлі күнге сақтаулы. 1999 жылы ағасы Думан республика біріншілігінде жеңімпаз атанып, спорт шебері атағына қол жеткізген. Бірақ тағдырдың қалағаны шығар, ағайынды екі жігітке шахматшы болуды жазбапты. Думан өте қатты науқастанады. Дәрігерлерге тексертсе, көп ойланғандықтан денсаулығы сыр бергендігін, ендігәрі шахматқа әуестенбеуін айтады. Ағасымен бірге шахматты Ұлан да қойып кеткен. «Бүгінде шахмат ойнап тұрасың ба?» – деп өзінен сұрап көрген едік. – Қазір анда-санда ғана ойнаймын. Уақыт бола бермейді. Негізі, спорттың бұл түрі футбол алаңында да пайдасы тиіп жатады. Бірақ ұлттық құрамада да, клубта да әлі ешкіммен шахмат ойнап көрмеппін, – деп жауап берді саңлағымыз. Ал футболға 1998 жылғы әлем чемпионатынан бастап қызыққан екен. Бразилия құрамасының жейдесін киіп алып, Рональдоның ойынын көру үшін теледидар алдында телміріп отырған қос ағайынды ақыры футбол үйірмесіне жазылады. Мұнда да кішкентай Ұлан Думанның артынан еріп барған. Бірақ ол кезде әке-шешесі, бауырлары Ұланнан емес, Думаннан мықты футболшы шығады деп ойлаған. – Ұлан өте нәзік әрі арық болатын. Футбол ол үшін уақытша құбылыс деп ойлайтынбыз. Қайта Думаннан үмітіміз мол еді. Алаңда өте шапшаң қимылдайтын Думанның болашағынан жаттықтырушылары да мол үміт күтті. Бірақ мінезі құртты. Өзге ұлттың өкілдерімен жиі келіспей қалатын. Қазір қайта қателіктерін түсініп, енді Ұланның жолын өзі қуып жүр. Ал кішкентайында майысып жүрген кіші інім нағыз еңбекқор болып шықты, – деп өткенді ақтарыла еске алады ағайынды қос жігіттің үлкен ағасы, әке жолын қуған Еркебұлан. – Ағама алғысым шексіз. Соның арқасында футболға келген едім. Ол болмағанда, бәлкім, мені ешкім танымас та еді. Негізі, Думанның қабілеті өте зор. Өзін әлі дәлелдейді. Былтыр бірінші лигадағы «Лашын» клубында ойнаған. Енді «Тараз» футбол клубымен бірге Түркиядағы оқу-жаттығу жиынына барады. Негізгі құрамда қалады деп ойлаймын, – деп Ұлан да ағасының қабілетіне бағасын берді. Иә, Ұланның 2008 жылдан 2011 жылға дейін «Тараз» сапында ойнап, кейін Астананың «Локомотивіне» ауысқанын білесіздер. Бірақ көпшілік спортсүйер қауымның көкейінде «маусымның жартысы өтпей жатып, басқа командаға ауысып кеткені несі?» деген сұрақтың сайрап тұрғаны рас. – Астаналық клубтың бас бапкері Хольгер Фах мені көп ойнатпайтын. Мүлдем сенбеді деп айта алмаймын, бірақ алаңға жиірек шыққым келді. Кейін «Шахтерден» ұсыныс түсіп, мұндай мүмкіндікті мүлт жібергім келмеді. Бүгінде бұл трансферге өкінбеймін. «Шахтер» бірлігі жарасқан ұжым екен. Бір атаның балаларындай болдық. Чемпион атандық. Мені ҚФФ үздік ойыншы деп таныды. Сондықтан «Шахтер» менің жүрегімнен ойып тұрып орын алды. Ризалығымды білдірейін деп, келісімшартымды тағы бір жылға ұзарттым, – деп саңлағымыз командасының татулығын атап өтті. Жалпы, биылғы жыл Ұлан үшін сәтті өтті. Ішкі аренада да, сыртқы аренада да өте керемет ойын өрнегін көрсетіп, алаң талғамайтын футболшы екенін дәлелдеді. Ал оның Стамбулда керемет гол соғып, көрерменге лық толы стадионды сілтідей тындырғаны әлі біраз уақыт жанкүйерлер мен журналистерге азық болары анық. «Сәл сәттілік пен тәжірибе жетпей қалды. Әйтпесе түріктерді жеңіп кетер едік», – деп толғаныспен еске алады бұл ойынды футболшымыз. Алайда Ұлан өзін үздік футболшы деп тануға асықпайды. «Жалпы, «ҚФФ мені үздік таниды» деп өзім де күтпеген едім. Әлбетте, маған сенген мамандардың бәріне рақмет. Үміттерін ақтауға тырысамын», – деген футболшымыз еліміздің үздік ойыншысы болуға өзінің алаңдағы да, алаң жиегіндегі де ең жақын досының бірі Жамбыл Көкеевті лайық көретінін айтты. Иә, бүгінде еліміздің барлық жанкүйері Ұланның болашағынан мол үміт күтеді. Біреу қызығып қараса, біреулер қызғана қырын салады. Ең бастысы, «жұлдыз ауруын» жұқтырмайтын жігіт екенін ісімен дәлелдеп жүр. Тіпті Таразға барған сайын бірінші кезекте өзінің бала кездегі жаттықтырушыларына амандасып, өзі оқыған мектебіне де сәлем беріп шығатынын естіп жүрміз. Футболдағы арманы – өзінің сүйікті командасы «Барселона» сапында ойнау. Кім біледі, бәлкім, болашақта бұл жігітімізді La-лигадан да көріп қалатын шығармыз. Қазірдің өзінде Қонысбаевқа неше түрлі клубтардың құда түсіп жатқаны туралы сыбыстарды естіп жатамыз. Сөз соңында айта кетейік, қазақ футболының әр кезеңінде өзінің жарық жұлдыздары болған. Бүгінде Тимур Сегізбаевтың атын атағанда, артынан ерген ізбасарлары Құралбек Ордабаев, Сейілдә Байшақов, Самат Смақов, Нұрбол Жұмасқалиев сынды жұлдыздарымызды да қатар айтамыз. Болашақта бұл тізімге Ұлан Қонысбаевтың да есімі ілінеді деген сенімдеміз. 2011 жылғы Қазақстан чемпионатының символдық құрамы: (Ұлан Қонысбаевтың нұсқасы, 4-4-1-1) Қақпашылар: Александр Григоренко немесе Александр Мокин. Қорғаушылар: Самат Смақов, Никола Василевич, Қайрат Нұрдәулетов, Александр Киров. Жартылай қорғаушылар: Серікжан Мұжықов, Мақсат Байжанов, Марат Шахметов, Жамбыл Көкеев. Шабуылшылар: Нұрбол Жұмасқалиев, Ұлықбек Бакаев. Автор: Әзиз ЖҰМАДІЛ
Біздің серіктес: FONBET