Футбол әлемінде футболшыларды көп мазалайтын мәселе ауыр жарақаттар болып табылады. Ауыр жарақаттардың кесірінен көптеген футбол жұлдыздары, жай қарапайым футболшылар үлкен футболмен қош айтысуға мәжбүр болады немесе футболшының футбол ойнау мәнерін бұзады. Осы мақаланың басты қаһарманымыз көптеген ауыр жарақаттарды басынан өткізді. Бірақ, футбол ойнауға олар бөгет бола алмады. Өйткені, ол әлемге танымал голкипер, Чехия ұлттық құрамасы және лондондық «Челсидің» негізгі қақпашысы, «Ноль» мырза, «танкист» деген лақап аттарымен танылып жүрген Петр Чех жайлы болмақ.
Петр 1982 жылы 20 мамырда Чехияның Пльзен қаласында дүниге келген. Жастайынан спортқа қызыққан. Әсіресе хоккейге. Өйткені, Чехияда футболға қарағанда хоккей әлдеқайда жақсы дамыған спорт болып саналады. Соған байланысты Чехтың болашақта хоккейші болғысы келгеніне таң қалуға болмайды. Оның балалық шағынан қазірге шейін кумиры болып келе жатқан, Чехия хоккейінің жұлдызы Доминик Гашек. Алайда хоккейші болуға Петрдің маңдайына жазылмады. Өйткені, хоккеймен шұғылдану үшін оған қажетті құрал-саймандармен Чехтың әке-шешесі қамтамасыз ете алмай, оны футболға берген болатын. «Ноль» мырза жергілікті «Виктория» футбол клубында жаттықты. Ол бірден қақпашы бола қойған жоқ. Алғашқыда жартылай қорғаушы, шабуылшы шептерінде ойнады. Бірақ, 10 жасында аяғын сындырып алады. «Танкист» ауыр жарақыттан айыққаннан кейін қақпашы болуға шешім қабылдайды. Петр қақпашы болысымен оның қақпашылық таланты өрге домалайды. Ол «Виктория» клубына 16 жасына дейін өнер көрсетеді. 1999 жылы Амстердамда өткен жасөспірімдер арасында өткен турнирде «Ноль» мырза ерекше дарындылығымен көзге түсіп, Чехияның жоғарғы лигасында ойнайтын «Хмель» клубына шақырту алады. Сөйтіп Чех 17 жасында «Хмель» клубы сапында Чехияның жоғарығы лигасында және кәсіпқой футбол әлеміндегі алғашқы ойынын өткізеді. 2001 жылы прагалық «Спарта» клубының футбол мамандарын өзіне назарын аудартады. Сол жылдың жазында Петр «Спартамен» келісім-шартқа отырады. «Спарта» сапында танкист бір маусым ғана ойнайды, алайды ол өз қабілетін Чемпиондар лигасында сынап және Чехияның жоғарғы чемпионатында 855 минут өз қақпасына доп өткізбей, ұлттық рекордты орнатады. 2002/2003 маусымы басталмастан оны француздық «Ренн» клубы 5 миллион еуроға сатып алады. Францияда өткізген 2 жыл ішінде Чех Еуропадағы ең үздік қақпашылар қатарына ілінеді. Сонымен қатар, «Ренн» клубының Франция жоғарғы дивизионындағы орнын сақтап қалуында жас кипердің ролі жоғары болды. Бұл талантты да, дарынды қақпашыға қызықпаған клуб жоқ. Бірақ барлығын «Челси» озып кетеді. 2004 жылдың жазында «Ренн» «танкист» лондондық «Челси» клубына 10,3 миллион еуроға сатады. Ақсүйектер клубына келісімен Петр бірден негізгі қақпашы бола алған жоқ. Өйткені, «Челсидің» негізгі қақпашысы итальяндық Карло Кудичини болатын. Бірақ, Карло Кудичини маусымға дейінгі ойындарда сүреңсіз қателіктер жіберіп, «Челси» қақпасының негізгі күзетшісі болып Петр Чех тағайындалды. Сөйтіп, «Ноль» мырза 2004 жылдан бастап қазірге дейін лондондық «Челсидің» негізгі қақпашысы.
Петр Чех Англия премьер-лигасының 2004-2005 маусымында 11 ойын және 35 минут өз қақпасына доп жібермей, әлемге әйгілі дат қақпашысы Петр Шмейхельдің рекордына жетеді. Осы рекордты орнатқан үшін ол жанкүйерлерден «Ноль» мырза атағын алады. 2005 жылғы маусымның қорытындысы бойынша ол Англия премьер лигасының және Чемпиондар лигасының ең үздік қақпашысы деп танылады. Чех 2006 жылы 15 қазан күні Англия чемпионатыда «Ридинг» клубының жартылай қорғаушысы Стивен Хантпен соқтығысып, басына ауыр жарақат алады. Жарақаттың ауыр болғандығы соншалық, кез-келген футболшы оның орнында болғанда футбол өмірімен қоштасар еді, бірақ ол жарақаттан тез жазалуды, команда сапына тезірек оралуды ойластырды. 2007 жылы қыста Петр жарақатынан айығып, футбол әлеміне оралды. Чех футболда тағыда басына ауыр жарақат алмас үшін арнайы қорғаныш қалпағымен алаңға шығатын болды. Оның киген қалпағы танкисттің бас киіміне ұқсағандықтан оны кейде «танкист» деп те атайды. Сол 2006/2007 жылғы маусымында Чех «Челсиге» екі турнирды жеңіп алуға көмектесті. Біріншісі Англия лигасының кубогы финалында чех қақпашысының командасы «Арсеналды» 2:1 есебімен жеңген болатын. Екіншісі 19 мамыр 2007 жылы Англия кубогы финалында «Челси» «Манчестермен» кездесіп, сол ойында Петр қақпасына бірде-бір доп жібермей, ойын «Челсидің» еншісіне 1:0 есебімен аяқталды. Алайда «Челси» Англия чемпионатында «Манчестерді» алға жіберіп алып, чемпионатта екінші орынды місе тұтты. 2007 жылдың қорытындысы бойынша «Ноль» мырза Еуропаның ең үздік қақпашысы деп танылды. Одан басқа сол жылы Чех УЕФА нұсқасы бойынша үздік қақпа күзетшісі деп танылды. Чемпиондар лигасының 2007/2008 жылғы маусымында «Челси» финалға шығып «Манчестермен» кездесті. Бұл финалдық ойын 2008 жылдың 21 мамырында Мәскеу қаласының «Лужники» стадионында өтті. Жалпы финалдық кездесудің негізгі уақыты 1:1 есебімен аяқталды. Қосымша уақытта да екі қарсылас бірін біріне гол соға алмады. Енді екі алпауыт клуб мықтыны 11 метрлік пенальти сериясы бойынша анықтады. Петр Криштиану Роналдудың пеналтиден тепкен добын қайтарған болатын, алайда шайнап берген асты жұта алмаған «Челси» капитаны Джон Терри мен Николя Анелька өз мүмкіндіктерін пайлана алмай, мүлт кетіп жатты. Ойын пенальтиден 6:5 есебімен «Манчестердің» пайдасына шешілді.
Петр Чех Чехия ұлттық құрамасының негізгі қақпашысы болып саналады. Алғашқыда ол Чехияның жасөспірімдер құрамасында өнер көрсетіп, 2002 жылы жасөспірімдер арасында Еуропа чемпионы. 2004 жылғы Еуропа чемпионатының іріктеу сындарында жас кипер Чехия ұлттық құрамасының негізгі құрамасында шығып, жақсы ойын өрнегімен көрінді. Чехия Еуро-2004 чемпионатына шығып, сол чемпионатта Чехтың шеберлігімен жартылай финалға шейін жеткен болатын. 2006 жылы Петр Чехия құрамасы сапында Әлем чемпионатына қатысты. Бірақ, бұл чемпионатта Чехия өз тобынан шыға алмай, Чехия үшін де, Чех үшін де сәтсіз аяқталды. Чехия футболы қазіргі кезде бұрынғы жылдардағыдай үлкен нәтижелерге қол жеткізе алмай жүр. Бірақ мұнда «Ноль» мырзаның еш кінәсі жоқ. Ол қазір де әлемнің, Чехияның ең үздік қақпашылардың бірі болып саналуда. Өмір өзі қызық дүние. Петр қазір футболдан әлемнің ең үздік қақпашылардың бірі болып саналса, оның кумиры Доминик Гашек хоккейден әлемнің ең үздік қақпашысы. «Ноль» мырзаның өмірі кезінде төрткүл дүниеге танымал, Кеңес Одағының қақпашысы Лев Яшинның өміріне ұқсас. Өйткені, Яшин да алғашқыда хоккеймен шұғылданған.
Біздің ұлттық құрамамызға сондай қақпашы жетіспейді. Мүмкін бойын 197 см Чех сияқты қақпа күзетшісі болса, өз қақпамызға масқара, қарауға да дәтің бармайтын гол өткізбейтін шығар. 190 см А. Сидельников сондай бойымен әуеден келген допты ұстай алмай, елімізді масқара қылып, әлемнің алдында сайқы-мазақ болып жатырмыз. Оған да өзінің дәлелі бар. Жақын да ғана 2011 жылдың 10-қаңтарында ФИФА 2010 жылғы әлемнің ең үздік футболшысын анықтады. Бұл салтанатты кеште Қазақстанның есімі аталмай кеткен жоқ. 2010 жылдың ең үздік голы бойынша номинациясында 2010 жылдың 3 сәуірінде Қазақстан қақпасына гол соққан Түркия футболшысы Хамит Алтынтоптың голы деп танылды. Хамит Алтынтопқа сыйлықты біздің қақпашымыз Андрей Сидельников қолына табыстады. Мұны көрген Месси, Хави, Иньесталар күлкілерін әрең жасырып отырғандары көрінді. Мұндай масқара үш ұйықтасаң да түсіңе кірмейтін, ал бұны біз түсімізде емес өңімізде көріп отырмыз. Міне, ағайын, біздің елде жарытып бір қақпаға тұратын голкиперіміз жоқ. Ең болмағанда Чех сияқты қақпаға тұра алмаса да, соған тырысатын, жанкүйерлердің жылы лебізіне бөленетін қақпашының біздің елде табылуы екіталай. Қақпашы табылу дегенді айтамыз, сол Сидельниковтың өзі бізге Ресейден келген. «Тисе терекке, тимесе бұтаққа» дейтін біздің шабуылшыларға қарсылас қақпасына әлі де доп соғу арман болып отыр. Қақпашыларымыз болса «алма піс, аузыма түс дейтін» көрінеді. Алманың ауызға түсуінің ауылы алыс-ақ, бізге доптың қақпашылардың қолына түсуі арман болып тұр. 190 см бойы бар қақпашымыз қолына келіп тұрған допты өткізіп алып отырса, бізге жетпей отырғаны екі метрлік қақпашы болып отыр ағайын.
Абзал СҮЛЕЙМЕН
Біздің серіктес: FONBET