Қай біріншілікті алсаңыз да, қаптаған шетелдік спортшылар. Бұл, әсіресе өзге спорт түрінде көп кездеседі. Былайша айтқанда, әлем жұртшылығы оларсыз спорттың қызығы болмай қалатындай күйге жетті. Талай әңгімеге арқау болған легионерлер мәселесі таяуда Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында да қозғалды.
Біздің елімізде легионерлерге көрсетілетін «құрметтің» тым жоғары болуы халық қалаулыларының ренішін туғызған сыңайлы. Жиында депутаттар шетел мамандары мен легионерлерден бас тарту, барлық спорт түрлеріне жұмсалатын шығындарды аймақ бойынша тексеруді, әр спорт түріне бюджеттің бірыңғай нормаларын орнату мәселесін көтерді. Арнайы Үкімет басшысы Асқар Маминнің атына депутаттық сауал жолданды.
– Барлық жас топтары арасында бұқаралық спортты дамыту маңызды. Балаларға арналған спорт инфрақұрылымының барынша қолжетімділігін қамтамасыз ету керек. Бұл бағытқа заңнамалық қолдау, сонымен қатар бұқаралық спортты дамытудың кешенді жоспарын қабылдаған жөн, – деп атап өтті депутат Сәкен Қаныбеков.
Футболдан 2022 жылғы Әлем чемпионаты: Еуропалық іріктеудің ережесі бекітілді
Трамптың футбол командасынан неге көңілі қалды?
Спорттық шаралар қайта жанданады
Ол сонымен қатар қомақты қаржы жұмсалатын футбол саласына ерекше тоқталды. Мәдениет және спорт министрлігі Спорт және денешынықтыру істері комитетінің деректері бойынша, футболға 2016 жылы – 3,5 млрд теңге, 2017 жылы – 4,6 млрд теңге, 2018 жылы 8,9 млрд теңге бағытталған.
– Бізге белгілі деректерге сүйенсек, елімізде тек «Астана» футбол клубының 1 жылдық бюджеті 12 млрд теңгені құрайды екен. Бұл тұрғыда аталған комитет ақпараты шындыққа жанаспайды. Қаржыландыру көлемінің қомақты болуына қарамастан, қазақстандық футболға әлемдік аренада әзірше орын жоқ, – депті халық қалаулысы.
Ал біз Парламент Мәжілісінде көтерілген мәселеге байланысты осы жайттың жай-жапсарын жақсы біледі-ау деген бірқатар спорт мамандарының пікірін білдік. Олар өзекті мәселеге қатысты өздерінің ұсыныс-тілектерін жеткізді.
Ербол КАИРОВ,
спорт журналисі:
– Кейінгі кездері депутаттар отандық футболды көп сынап жүр. Футболға ақшаны аз бөлу керегін де бірнеше рет айтты. Бірақ олардың көпшілігінің футболдан, жалпы спорттан хабары болмауы мүмкін. «Астана» футбол клубы туралы айтылып жатыр. Бірақ елордалық клубтың еурокубоктық ойындарда табыс тапқанын ешкім сөз қылмады. Ал осы қаражат «Астана» бюджетінің басым бөлігіне жұмсалды. Әйгілі «Манчестер Юнайтед» командасына қарсы екі кездесу өткізу – ол еліміз үшін үлкен жарнама. Тіпті, EXPO-2017 көрмесі де мұншалықты жарнама жасай алмады. Чемпиондар Лигасында, Еуропа Лигасында да қаншама матчтар ойналды. Әрине, легионерлерсіз ондай жоғары нәтижеге клуб жетпес еді. Бірақ бұл – әлемдік үрдіс. Барлық елдерде жергілікті командаларда шетелдік ойыншылар ойнап, жергілікті футболшылармен тәжірибе алмасады.
Әрине, алдына жоғары мақсат қоймайтын командаларға шетелдерден легионерлер алудың қажеті шамалы. Мысалы, «Тараз», «Ордабасы», «Қайсар» клубтары жергілікті футболшыларымен-ақ ойнай алады. Елімізде де талантты, дарынды футболшылар жетіп артылады. Тек оларға сенім арту керек. Қайта көп өтпей сол клубтардан Исламхан, Зайнутдинов сияқты ойыншылар шығады.
Басты нюанстың бірі – Еуразиялық экономикалық одақтың құрылуы. Енді аталған елдің футболшылары Қазақстанда легионер саналмайды. Ол жайлы депутаттар неге айтпады? Әлде, батылдары жетпей ме?
Бізге белгілі деректерге сүйенсек, елімізде тек «Астана» футбол клубының 1 жылдық бюджеті 12 млрд теңгені құрайды екен. Бұл тұрғыда аталған комитет ақпараты шындыққа жа- наспайды. Қаржыландыру көлемінің қомақты болуына қарамастан, қазақстандық футболға әлемдік аренада әзірше орын жоқ.
Легионер мәселесі дұрыс жолға қойылатын шығар. Енді қазақстандық ойыншылар да Ресей, Беларусь, Армения және Қырғыз Республикасындағы футбол біріншіліктерінде легионер саналмайды. Қазіргі кезде футболшыларымыздың көпшілігі аталмыш чемпионаттарға ауысып, тәжірибе жинақтап жүр. Бұл – үлкен жетістік.
Легионерлерсіз жақсы ойын көрсету, жоғары жетістіктерге жету қиын. Аз болса да сапалы деген шетелдік ойыншыларды командаға алған жөн. Бірақ олардың деңгейі жергілікті футболшылардан жоғары болуы керек. Орташа дейгейлі ойыншылардың керегі жоқ. Олардың орнына өзіміздің футболшыларды ойнатқан дұрыс. Ал жақсы легионерге қай кезде де орын табылады.
Бек ТӨЛЕУ,
спорт шолушысы:
– Депутаттың Мәжілісте жолдаған депутаттық сауалын тыңдап шықтым. Онымен толық келісе алмаймын. Бізге жекеменшік клубтар керек. Ол үшін бизнесмендерді ынталандыру қажет. Салықтық жеңілдіктер, басқа да мүмкіндіктер ұсынылса, футболға қаржы салатындар көбейеді.
Кез келген бизнесмен пайда табуды ойлайды. Бұл жағынан біздің футбол әлсіз. Стадионға баратындар аз, ойынды сатып алатын телеарналар жоқтың қасы, жейделер мен атрибуттарды да сатып алмайды. Қазір қазақ футболы толықтай мемлекеттің бюджетінен қаржыландырылады. Сондықтан сын садағына жиі ілігеді. Нәтиже төмен, жемқорлық жетіп артылады. Осыдан соң қоғамдық пікір екіге жарылып жатады. Бізге халықтың ынтасын оятып, қалталы азаматтарды отандық футболға тартуға ықпал жасау керек. Оған ел Президентінің де көмегі қажет.
Футболды басқа олимпиадалық спорт түрімен салыстыруға келмейді. Бұл ойынның көрермені де, айналысатын адам саны да өте көп. Бекерден-бекер әлемдегі бірінші спорт атанған жоқ.
Депутат «шетелден легионер мен футболшы шақыруды тоқтату керек» деген ұсыныс айтыпты. Мүлдем жауып тастап, қымтанып отыра алмаймыз. Одан ел футболының деңгейі өспейді. Әзірге мемлекетке масыл болып отырған кезде шектеу болғаны дұрыс, бірақ толық жабуға қарсымын. Әуелі облыстағы футбол клубтарының басшыларын реттеп алу керек. Әкім ауысса, клуб басшылары да өзгереді. Сосын қысқа уақыт ішінде жеп қалуға тырысады. Сондай қателіктен Ertis клубы жабылды. Меніңше, клуб басшыларына ақша берген кезде әуелі инфрақұрылымдарын реттеуді, сосын балалар академиясын салуды тапсырып, нәтижесін талап ету керек.
Дидар СЫДЫҚБЕК,
SD Family футбол клубының ойыншысы:
– Депутаттардың балалар футболы мен инфраструктура, футбол алаңдарының қолжетімділігі жайында айтқан пікірлеріне қосыламын. Өйткені елімізде қыс мезгілінде ойнайтын сапалы алаңдар жеткіліксіз. Жаз мезгілінде де елордамызда жақсы жасыл алаңдар жоқтың қасы. Отандық футболда бұдан өзге де күрмеулі мәселелер қаншама. Солардың жақсаруына көңіл бөлсек екен. Депутаттардың кей пікірімен келіспеймін. Олар әңгіме арасында легионерлерді шақырмау туралы ұсыныс тастапты. Бірақ алдына жоғары мақсат қойып отырған үздік клубтарымызға легионер алдырмау көп жағдайда қиындық туғызады. Өйткені «Астана», «Қайрат» секілді клубтарымыз еурокубоктық додаларға жыл сайын қатысуға мүмкіндік алады. Елордалық ұжым Чемпиондар Лигасы мен Еуропа Лигасының топтық кезеңдерінде өнер көрсетіп жүр. Соның арқасында елімізге үздік футбол командалары келді. Осының бәрі сапалы легионерлердің арқасы. Егер легионер қазақстандық футболшылардан бір бас жоғары болса, клубын алға сүйресе, Қазақстанды әлемге танытып жатса, оларға қомақты қаржы неге төлемеске?! Жетістіктерге жету арқылы клуб пайда көрсе, табыс тапса, онда легионерлерге төлеген ақшаның қайтарымы болады. Ел футболын жарнамалайтын футболшыларды да командаға тарту біздің клубтардың дәстүрінде бар. Мысалы, кезінде «Қайрат» сапында ойнаған Андрей Аршавинді, Анатолий Тимощукті көру үшін футболға қаншама жанкүйер келді. Ал басқа өңірлердегі кейбір командалар топырлатып легионерлер алады да, кейін олардың тең жартысы көп өтпей керексіз болып қалады. Яғни, 2-3 айдан соң арадағы келісімшартты үзеді. Ал клубпен 1-2 жылдық келісімшарт жасасқан футболшылар УЕФА-ға хат жолдап, клубтың басшылығына шағымданып, ақшасын толық өндіріп алады. Сондай жағдайлар біздің клубтардың атына кір келтіреді. Әрі бос шығын. Жасыратыны жоқ, еліміздегі легионерлердің көпшілігі Италия, Испания чемпионатындағы футболшылармен бірдей жалақы алады. Алайда бәрі бірдей өзіне артылған міндеттерді ақтап жатырған жоқ. Сол үшін тым жоғары сомаға легионерлерді көптеп алудың да қажеті шамалы. Мұндайда халқымыз «көрпеңе қарап көсіл» деп жақсы айтқан ғой.
Абылайхан ЖҰМАШ
https://aikyn.kz/bizge-legioner-qazhet-pe/
Біздің серіктес: FONBET