Жарнама
Жарнама

БІЗГЕ ОРТАҚ БІРІНШІЛІК КЕРЕК ПЕ?

27.02.2013, 06:28
Жарнама
Жарнама

Өткен жылдың қарашасында «ТМД елдерінің өз чемпионаты болады екен, Алматының «Қайрат» командасы қолдапты» деген сыбыс гу ете қалды. Алғашында біз де «Қазақстандағы ең үздік команданың бірі болса екен, «Қайраттың» бұл шошаңдауы қай шошаңдау?» деп қойғанбыз. Бұл әңгіме Ресейден шыққанымен, ол елдің өзінде де екіұдай пікір өріс алған: сұралғандардың басым бөлігі (62,5%) үдере қарсы шықса, Семин, Газзаев секілді белгілі футбол мамандары бұл бастаманы қуана қарсы алған. «Днепр» (Днепропетровск) командасының капитаны Р.Ротань мұндай бірігудің арты Украина футболын құлатуға әкеліп соғады десе, белгілі футболшы О.Гарин «мұндай біріншіліктің қызық болуы һәм мүмкін, бірақ оны көз алдыма елестете алмаймын» деп бас шайқаған. Ал Украина ФФ президенті А.Коньков өзінің ФИФА мен УЕФА-ның заңына сүйенетінін, ал олар мұндай идеяға келісе ме, келіспей ме деп күмән келтірген. Ресейлік И.Корнеев те «әліптің артын бағайық» деп отыр.

Бұл идея алдымен УЕФА басшысы М.Платини мен ФИФА жетекшісі Й.Блаттердің ойларымен қабыса алар ма екен?    Қазанның ортасына қарай Черногорияда Хорватия, Сербия, Босния, Черногория, Македония және Словения елдері делегацияларымен кездесуде Халықаралық Балкан лигасын құру туралы әңгіме болып, бұл идеяны Платинидің өзі қолдады-мыс деген сөз де тарап үлгерген. Батыс Еуропада да мұндай үрдістің белең алғаны белгілі. Өткен жылы біріккен «БеНе лига» құрылып, оның құрамына Бельгия мен Нидерландының әйелдер командалары енген. Әрине, мұндай қадамнан кейін ерлер де қарап жатпас. Сондықтан Ресейдің бұрынғы КСРО біріншілігі секілді күшті лига құруға деген талпынысы бекер емес. Мәскеудің, Киевтің, Тбилисидің «Динамо», Мәскеудің «Спартак», Алматының «Қайрат», Ереванның «Арарат» және Ташкенттің «Пахтакор» командаларының арасындағы тартысты ТМД елдерінің жанкүйерлері де әбден сағынған сыңайлы. Кезінде «Қайраттың» ойындарына билет табылмайтын. Студент кезімізде Орталық стадионның есігінен сығалап, кіре алмай қайтқан кездер әлі есте. Қазір елдегі футбол қызықты болмаған соң телеарналардан шетелдік футболды қызықтауға көштік. Осы тұрғыдан келгенде, «Қайрат» ФК Қадағалау кеңесінің төрағасы Қайрат Боранбаевтың бұл туралы уәжі де көкейге қонатын сыңайлы.«Шын мәнінде біз жақындасу мен жаһандану кезеңінде өмір сүріп отырмыз. Қазірдің өзінде Ресей, Белорусь және Қазақстан арасында Кедендік одақ құрылып, осы үш елдің экономикалық-әлеуметтік жақындауына мүмкіндік туып отыр. Бұл жақындасу спорт саласында болса несі айып. Қайта спортшылар арасында мықты бәсеке туады» дейді спорт фуркционері. «Динамо» (Минск) командасының спорттық директоры С.Гуренко «ТМД біріншілігін ұйымдастыру – бұл өте қызықты жоба. Бұл Белорусь футболына зор пайда әкелер еді. Ел құрамасының өсуіне де ықпалы көп болмақ. Тек ұйымдастыру мәселелері бойынша біршама проблемалар туындауы мүмкін. Алайда мұндай турнирді ұйымдаструдың минусынан гөрі плюсі басымдау» дейді. Бұл екі пікірмен де келіспеу қиын. Құрлықтық хоккей лигасы (КХЛ) құрылғанға дейін Қазақстандағы шайбалы хоккейдің жағдайы қалай еді? Маңдайымызға біткен жалғыз «Торпедоны» (Өскемен) Олимпиадаға да, әлем чемпионатына да сүйрелеумен әуре болғанымыз кеше емес пе еді. КХЛ секілді үздік жобадан кейін Астанада «Барыс» атты қаһарлы команда пайда болды. Қазір қазақ хоккейінің серкелері осы командада ойнайды. «Барыстың» қатарына өту оңай емес бүгінде. Ең бастысы, астаналық хоккейшілердің шеберлерліктері жыл санап, тіпті ай, апта санап өсе түсуде. Ал футболдан да осындай біріншілік құрылса, тура осы «Барыстың» жолына түсеріміз анық. Қазақстаннан ТМД біріншілігіне қатысатын ең үздік команда іріктеліп, еліміздегі мойны озық футболшылар осы командада өнер көрсететін болады. Аяқдопшылар арасында да осы команданың құрамында ойнауға деген сұраныс арта түсер еді. Түркияда өткен дайындық барысында ресейлік, тіпті бұрынғы Кеңестік елдердің командаларынан ұтылып қалып жатуымыздың өзі біздің бүгінгі біріншілігіміздің өзге ел чемпионатымен терезесі тең еместігін көрсетіп отыр. Тіпті кеше ғана «Қайратпен» итжығыс түсіп жүрген Краснодардың «Кубанына» тараздық Б.Исламханның ауысуын керемет жетістік көріп жатырмыз. Шеберліктері әлдеқайда жоғары деп. «Үйренсін, өссін» деп болмашы ақшаға «сатып» та жібердік. Ал ТМД біріншілігінде дәл осы командамен күші шамалас қазақстандық команда ойнаса келешегі кемел ойыншыларды сол командамыздың құрамында пісіріп алып отырмас па едік. Сол кезде елдің таңдаулы командасына деген ынта-ықыласы ауып, босап қалған стадиондардың қайта толатынына да сенім арта түсер ме еді. Сонау алпыс-сексенінші жылдар аралығындағы «Қайраттың» аяқ алысына қарасаңыз, бұған көзіңіз жете түседі. Бүгінде басқасын былай қойғанда, Әзірбайжан, Өзбекстан, Молдова командаларына қай жарыста да есе жіберіп жүрміз. Тіпті Молдованың «Шериф»  командасы алдымызды қаншама рет орап кетті. Ал осыған дейін тісіміз батпай жүрген Молдова құрамасын таяуда бір рет сүріндіріп едік, тақиямызды аспанға ата қуандық. Біле білгенге сол Молдова КСРО біріншілігінде ортаң қол командасы бар елдің бірі емес пе еді!? Ал бүгінде бізден ФИФА рейтингі бойынша оқ бойы алда тұрған өзбектерден (57) еңсеміз биік еді сол кездері. «Пахтакормен» 60 рет кездесіп, 27-сінде жеңіп, 20-сында ғана есе жіберіп алған «Қайрат» Әзірбайжанның жоғары топта өнер көрсеткен «Нефтчиін» 20 рет ұтып, 16 ойында жеңілген екен. Азуын айға білеген Киевтің, Мәскеудің, Тбилисидің «Динамо», Мәскеудің «Спартак», «Торпедо» командаларын талай рет тірсектен қағып, тізерлетіп те алған едік кезінде. Ал қазір Ресейді былай қойып, Қырғызстаннан басқа ТМД елдерінің командаларына әліміз келмей жүр. Меніңше, ТМД бірлескен чемпионатын құрудан ел біріншілігі өз өрнегін жоғалтады деген бос сөз. Түбі бәрібір осы жүйеге келетін секілдіміз. Түбі келетін болсақ, оны кешеуілдетудің қандай себебі бар? УЕФА мен ФИФА басшыларының келісімі керек шығар бұған. Әлгінде айтқанымыздай, ұйымдастыру шараларының кейбір рәсімдері күрделілеу көрінуі мүмкін. Оны аталған ұйым басшылары ашық айтып отыр. Ұйымдастырушы кім, қаржыландыру мәселесі қалай болады, кім төрешілік етуге тиіс, ақыр соңы ол кімнің қол астында болады деген сұрақтар мазалайды қазір. Платинидің айтуынша, 2015-2018 жылдар аралығында еуропалық клубтық біріншіліктерді реформалау жүргізілмек. Яғни Чемпиондар лигасы (ЧЛ) дәл бүгінгідей кескін-кейпін жоюы мүмкін. «Шешім 2014 жылы қабылданатын болады» дейді УЕФА президенті. Әрине ТМД біріншілігі әзірге утопия секілді. Оның болу-болмауы осы идеяны сыздықтатқан азаматтардың біліктілігі мен іскерлігіне байланысты. Егер ол орындала қалса, футбол ұтады деген ой бар. Ал мамандар мен оқырмандар не дер екен?! Д.ДҮЙСЕБАЙ

халық сөзі газеті

Жарнама
Жарнама

Новости партнеров