Бүгінде Еуропа футболының ең жарық жұлдызы
Криштиану Роналду екендігі сөзсіз. Сол себептен де футбол мамандары енді ғана көзге түсіп келе жатқан жас вундеркиндтерді португалиялықпен салыстырып қарап, кейбіреулеріне
“болашақ Криштиану” атағын тағуда. Сонымен, “болашақ Криштианулар” кімдер екен?
1.Брума.
Бұл футболшының толық аты-жөні Арминду Туэ На Бангна. Португалия жастар құрамасы мен түріктің “Галатасарай” футбол клубының жартылай қорғаушысы. Бруманы Криштианумен байланыстыратын біршама жайттар бар. Екеуі де португалиялық, бірақ екеуі де Португалияда тумаған. Криштиану Роналду Африка жағалауындағы “Мадейра” аралында туған болса, Бруманың негізгі отаны-Гвинея-Бисау. Екеуі де “Спортинг” футбол академиясының түлегі. Қазіргі таңда Түркияда ойнайтын португалиялық жас вундеркинд “Спортинг” клубының негізгі құрамында да біршама уақыт доп теуіп үлгерді. Және мамандар тарапынан “болашақ Криштиану” деп бағаланып жүрді. Екеуінің ойын мәнері де өте ұқсас. Брума жартылай қорғаушы болғанмен, шабуылға өте әуес. Сол қанатта ойнауымен қатар, орталық жартылай қорғаушы рөлін де атқара алады.
19 жасар португалиялық вундеркинд биыл Түркия жерінде өткен 20 жасқа дейінгі футболшылар арасындағы әлем чемпионатында өзін бүкіл әлемге паш етті. Осы футболшының арқасында “Португалия” ұлттық құрамасы 1/8 финалға дейін жеткен еді.
Сол қаптал бойымен бір немесе бірнеше қарсыласын артта қалдырып, қақпаға соққы бағыттай алуы, футболшының жылдамдығы, алаңды жақсы көре білуі, барлығы да жас футболшының болашақ та КР7-дің ізбасары атануға барлық мүмкіндігі бар екендігін көрсетеді. Бруманың өзі де бұған дейінгі бірнеше сұхбаттарында өзінің атақты отандасына еліктейтіндігін жасырмаған.
2. Альваро Вадильо Сифуэнтес
Испаниялық жартылай қорғаушы, “Бетис” клубының ойыншысы. Дәл осы клуб академиясының түлегі. “Бетистің” балалар және жасөспірімдер командаларында ойнаған. 16 жасында Испания примерасында алаңға шыққан ең жас ойыншы. Испаниялық вундеркинд жас болғанына қарамай бірнеше топ клуб скауттарының назарын өзіне қарата білді. Бұл футболшының керемет техникасы мен жылдам шешім қабылдау тәсілдері жас Криштиануды еске салады. Альвароға құда түсіп үлгергендер қатарында “Манчестер Юнайтед”, “Арсенал”, “Тотенхэм” сияқты клубтар бар. Әзірге жас футболшы Испаниядан ешқайда кете қойған жоқ, бірақ алдағы уақытта футболшылық карьерасын әлемнің әйгілі клубтарының бірінде жалғастырып жатса, таңғала қоймаңыз.
Жәнібек Әбішев