Жарнама
Жарнама

Болат Есмағамбетов «Ақтөбенің» Еурокубоктегі сәтсіздігі жайлы: бұлар немене, «Ордабасының» жолын қуып жүр ма?

01.08.2025, 17:10

«Аладоп.кз» белгілі бапкер Болат Есмағамбетовпен сұқбаттасып, КЛ 2-іріктеу кезеңіндегі қарымта ойындарын өткізген «Ақтөбе» мен «Астананың» өнері жайлы пікірін сұраған.

"Ақтөбе" футболшылары ойын алдында
Жарнама
Жарнама

Отандық маман іштегі толғанысын төгіп салып, біраз мәселенің шетін шығарды. Айта кетейік, «Ақтөбе» кеше сырт алаңда «Спарта» командасынан ойсырай ұтылып, жарысты аяқтады 0:4. Ал елордалық ұжым молдовалық қарсыласын қапы қалдырып, келесі айналымға аяқ басты. 

- Болат Жолдасұлы, «Спарта» Прага «Ақтөбеден» соншалықты мықты ма?

- «Ақтөбе» бірінші таймда жаман ойнаған жоқ. Мұнда сұмдықтың бәрі 56-минуттан басталды. 1 гол жібергеннен кейін «Ақтөбенің» ойыны жоғалды деп айтуға болады. Таңқаламын, бірінші голдан кейін қос ойын қортындысында таразы басы теңескен еді ғой, қорқынышты ештеңе болмаған. Бірақ, қонақтардың аяғынан жан кеткендей әсер қалдырды. Осыған байланысты бапкерлік құрамға сұрақ өте көп. Ақтөбелік жанкүйерлер үлкен сенім артқан матч еді бұл. Өкінішке қарай, кеше команда ештеңе көрсете алмады. Бұл жерде тактика жағынан бапкерлердің айқын қателігі болды. Осыған дейін де «Ақтөбеде» тұрақтылық жоқ, бапкерлер ауыстырады, ойыншылар тұрмайды, клуб басшылығы да жиі ауысып тұрады» деген әңгіме жиі айтылатын. Жыл сайын қайталана беретін осы бір жағдай... Мұның барлығы клуб үшін өте зиянды дүниелер. Тіпті мұндай жағдайда командалық ойын туралы әңгіме қозғаудың өзі артық. Сол проблемалар осы ойында шықты деп ойлаймын. Жақсы ойнау үшін, барлық компонентте тұрақтылық қажет. Команданы жыл сайын өзгерте беруден ештеңе өнбейді. Өкінішке қарай, «Ақтөбе» жыл сайын Еурокубокке шығады, бірақ алысқа бармайды. Бұл дәстүрлі жағдайға айналған. Бірінші кезең немесе ары кетсе екінші кезеңнен ұшады, бұлар немене «Ордабасының» жолын қуып жүр ма? Жыл сайын қатысады, жыл сайын бірінші раундтан өте алмайды. «Ой, бізге мықты команда келді, жеребе жолдас болған жоқ» деп ойлайтын шығар кейбірі? Еурокубокте оңай командалар жоқ. Енді бізге Андорра мен Люксембург қалды, соларды күтейік онда?! Оларды ұтармыз, ал одан ары кім? Эстония, Латвия? Еуропаның басқа да командаларымен терезесі тең ойнау керек қой, асып бара жатқан ештеңесі жоқ. Ақша жағынан да, басқа жағынан да айтарлықтай басымдық көріп тұрғам жоқ. Кешегі ойыннан кейін ұят болды. Футболда ұтсаң мақтайды, ұтылсаң жамандайды. Өмір сияқты бұл да, оған режитін дәнеңесі жоқ. Мына матчтан кейін «Ақтөбенің» чемпионаттағы жағдайы қалай болатынын білмеймін енді. Кеше мүлде ойын көрсете алған жоқ.

- «Астананың» швейцариялық командамен мүмкіндігі қандай?

- Біздің команда Астанадағы матчта қаншама мүмкіндікті жіберген, кеше соның есесін қайтарды. Елордалық клубтың деңгейі де, жалпы Қазақстан чемпионатының әлеуеті Молдовадан көш ілгері. Сондықтан, бұл бәсекеде нәтиже әділетті деп айтуға болады. Ал келесі кезеңдегі қарсыласы өте жақсы команда. «Лозанна» мен «Астана» шамамен бір деңгейдегі клубтар. Өте қызық ойын болады. Бізден енді «Астана» мен «Қайрат» қалды. Енді соларға үміт артамыз. Қос клубымыз да негізгі кезеңге шықса, керемет болатын еді, біз де футбол көргіміз келеді. «Астана» елордаға жақсы командалар әкеліп жатса, «Қайрат» Алматыға мықты клубтарды тартса, тамаша емес пе?.

 - Әңгімеңізге көп рахмет!

-Сіздерге де сәттілік тілейміз.  

Жарнама
Жарнама

Новости партнеров