«Аладоп.кз» танымал бапкер Болат Есмағамбетовпен сұқбаттасып, легионерлер лимитіне байланысты пікірін білген болатын.
Белгілі маман жергілікті футболшыларға мүмкіндік беру үшін мұндай қадам дұрыс деген ойда.
«Клубтарға ерте ескерткендері дұрыс болған екен. Әлі біраз уақыт бар, әркім көрпесіне қарай көсіледі, шамасына қарай шетелдік футболшыларды шақырады. Енді тек күтеміз, жаңа өзгерістер қандай нәтиже береді. Меніңше, өзіміздің ойыншыларға да мүмкіндік беру керек. Бұл мәселеде біржақты пікір жоқ – біреулер лимит керек десе, енді бірі керісінше оған қарсы. Жеке өз басым – лимит керек деп есептеймін. Біз футбол орталықтарында, академияларда жұмыс істеген соң жағдайды жақсы білеміз, отандық футболшыларға қандай болса да мүмкіндік берген дұрыс. Ондай болмаса, жастарды не үшін дайындаймыз?! Қазіргі клуб басшыларының ойлағаны жылдам нәтиже, осыдан келіп біздің жастарға ешкім қарамайды. Олар ешкімге қызық емес болып қалады. Сол үшін осындай лимит қою керек деп ойлаймын», - деді Б. Есмағамбетов.
Айта кетейік, 2028-жылға дейін ҚПЛ-дегі легионерлер санын 12-ден 8-ге дейін қысқаратын болды.
Біздің серіктес: FONBET