Қазақстандық жас футболшылардың тағы бір легі Бразилияға аттанды. Бүгін таңғы сағат 06.30-да екі бапкер бастаған 26 жеткіншек даңқты Пеленің Отанына ұшып кетті. Ала доптың қыр-сырына қанығу үшін аттанған жеткіншектерді олардың ата-аналары мен журналистер қауымы шығарып салды.
Балалар Бразилияға кетпей тұрып, Балуан Шолақ атындағы спорт сарайының мәжіліс залында ҚР Спорт және дене тәрбиесі агенттігі баспасөз мәслихатын өткізді. Басқосуға осы агенттік төрағасының орынбасары Елсияр Қанағатов, Ұлттық штаттағы командалар директоры Қайыргелді Жанпейісов және Қазақстан футбол федерациясының вице-президенті Сейілда Байшақов қатысты. Сонымен қатар мәжіліс залынан аспан түстес спорттық жейде киген 26 жеткіншек пен олардың туыстарын да кездестірдік.
Елсияр ағамыз 1997 жылы туған, футболға икемі зор жеткіншектерді електен өткізудің оңай болмағанын айтады. Бразилиялық футбол мамандарының бақылауынан өтіп, сынына шыдаған 26 балаға Роналдо, Роналдинью, Ривалдо сынды футбол аңыздарының Отанына апаратын билеттер табысталған. Сайдың тасындай іріктелген 26 жеткіншек енді үш жыл бойы Бразилияда білімін жетілдіреді. Осыған дейін 1995 жылы туған қазақстандық жасөспірімдер әйгілі «Оле Бразил Клаб» футбол академиясынан қанаттанған. Ендігі кезек екінші ауысымға да келіп жетті.
«Пеленің елінде болып, бес дүркін әлем чемпиондарының топырағын басуды кез келген футболшы армандайды. Бұл – біздің балаларға берілген үлкен мүмкіндік. Үш жылдан соң олар Қазақстанның жасөспірімдер құрамасында ойнауға жарап қалады. Тиісінше, Еуропа және әлем чемпионаттарының іріктеу кезеңдеріне қатысуға да мүмкіндік туады. Ендеше, сіздерге ақ жол тілеймін» деп тебірене сөйледі, қазақ футболының даңқты тұлғасы Сейілда Байшақов.
Ал Ұлттық штаттағы командалар дирекциясының басшысы Қайыргелді Жанпейісов мемлекет тарапынан көрсетілген көмектің шексіз екенін тағы бір еске түсірді.
«Жеткіншектерге барлық жағдай жасалды. Сан-Паулудағы мектеп бағдарламасы португал тілінде жүреді. Футболдан өзге, математика, физика, химия, шетел тілдері сынды пәндерді оқып-үйренуге мүмкіндік бар. Әрбір оқу семестрінің ұзақтығы тоғыз ай, сабақ аяқталған соң олар өздері білім алған мектепке оралып, емтихан тапсыра алады. Бапкерлердің қарым-қатынасы, балалардың тәртібі, оқу үлгерімі, тамақтану режімі – барлығы біздің бақылауымызда. Жол жүру қаражатын да мемлекет көтереді. Балалардың басты міндеті – футбол әліппесін әбден үйреніп, техникалық шеберліктерін арттыру», – дейді Қайыргелді Жанпейісов.
Сонымен қатар Бразилиядан түбегейлі елге оралған соң да 26 жеткіншек мемлекет назарынан тыс қалмайды. Олардың қандай да бір отандық немесе шетелдік клубпен Ұлттық штаттағы командалар дирекциясының рұқсатынсыз келісімшартқа отыруына жол жоқ.
Қазақстандық жеткіншектерді Бразилияда футболға машықтандыру туралы бастаманы басқа емес, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы көтерген болатын. 2007 жылы Бразилияға жасаған сапары барысында Елбасы сол елдің Президенті Луис Инасио Лула да Силвамен келісімге келген. Қазақстандағы балалар мен жасөспірімдер футболын дамыту үшін жасалған бұл қадам өз жемісін беретін күн де алыс емес. Мәселен, ең алғаш болып Бразилия топырағын басқан жеткіншектер бүгінде «Астана-1964», «Ақтөбе», «Ақжайық», «Атырау» клубтарымен келісімшартқа отырып, Қазақстан премьер-лигасы мен бірінші тобында ойнау құқығына ие болды. Шетелде шеберлігін шыңдап келгендер арасында Рауан Сариев пен Берік Шахановтың шоқтығы биік. Олар бүгінде Бразилия жерінде доп тебуге жарап қалған таланттар.
«Ұлтына аяғындағы добындай, добына құшағындағы ұлындай қарайтын» Бразилияға кеткен жас жеткіншектердің бірі – шымкенттік Қуаныш Мұханбет. Бізге сұхбат берген жеткіншек Бразилияға босқа барып келмеймін дейді:
– Футболға деген қызығушылығым кішкентай күнімнен басталды. Бразилияға баратын мүмкіндік туды, енді осы сәтті жақсы пайдалансам деген ойым бар. Мен өз елімнің ұлттық құрамасында ойнағым келеді. Туған қаламның командасы «Ордабасының» ойынын сүйіп көремін. Азат Нұрғалиевтің ойынын өзіме үлгі тұтамын. Мүмкін, жергілікті ойыншы болғандықтан шығар. Ал негізгі мақсатым – Қазақстанның футболына кішкентай да болса үлесімді қосу. Өздеріңіз білесіздер, біздің футболдың жағдайы жақсы емес. Сол олқылықтың орнын толтыру үшін тамшыдай болса да үлес қоссам, арманымның орындалғаны, – деп ағынан жарылған жас талантқа біз де ақ жол тіледік.
«Оле Бразил Клаб» футбол академиясында 2012 жылдың
1 наурызы және 2014 жылдың
3 желтоқсаны аралығында білім алатын футболшылардың тізімі:
1. Шыңғысқан Ақласов, қақпашы, Талдықорған;
2. Олжас Мұқанов, қақпашы, «Каспий», Ақтау;
3. Бекжан Тоқтарбай, қақпашы, Шымкент;
4. Айсұлтан Сейдахмет, қорғаушы, «Жетісу», Талдықорған;
5. Айдар Хұснадинов, қорғаушы, «Каспий», Ақтау;
6. Руслан Әлімбаев,қорғаушы, «Шахтер», Қарағанды;
7. Болат Тыныбек, қорғаушы, Шымкент;
8. Сергей Комаров, қорғаушы, «Шахтер», Қарағанды;
9. Әлібек Батырбеков, қорғаушы, «Жетісу», Талдықорған;
10. Владислав Васильев,қорғаушы, «Шахтер», Қарағанды;
11. Демият Сламбеков, жартылай қорғаушы, «Цесна», Алматы;
12. Рүстем Әбдіразақов,жартылай қорғаушы, «Жетісу», Талдықорған;
13. Мақсат Тайкенов, жартылай қорғаушы, «Каспий», Ақтау;
14. Абай Сайфуллин, жартылай қорғаушы, Тараз;
15. Мағжан Әбдеш, жартылай қорғаушы, Тараз;
16. Фарух Мірсәлімбаев, жартылай қорғаушы, Тараз;
17. Қуаныш Мұханбет, жартылай қорғаушы, Шымкент спорт интернаты;
18. Едіге Оралбай, жартылай қорғаушы, Шымкент;
19. Асхат Садыров, жартылай қорғаушы, Тараз;
20. Жасұлан Шұбаев, жартылай қорғаушы, «Тобыл», Қостанай;
21. Данияр Даулетбаев, шабуылшы, «Тараз», Тараз;
22. Айсабек Сәрсенғалиев, шабуылшы, «Каспий», Ақтау;
23. Айболат Макуов, шабуылшы, «Атырау», Атырау;
24. Әбілмансұр Рәшетов, шабуылшы, «Атырау», Атырау;
25. Мейіржан Қамбыл, шабуылшы, Шымкент спорт интернаты;
26. Ерназар Құмар, шабуылшы, «Франкфурт», Германия.
Бапкер – Манар Нуфиев.
Аудармашы әрі үйлестіруші – Ерік Жанұзақов.
Автор: Ақбота ШӨКЕНБАЙ
Біздің серіктес: FONBET