Жарнама
Жарнама

“Будё/Глимт” ерледі – Арктикалық ертегі Сан-Сиро төрінде жалғасты

Бүгін, 08:30

Норвегиялық қарапайым "Будё/Глимт" клубы өз тарихындағы ең жарқын жеңіске қол жеткізді. Чемпиондар лигасының 1/8 финалына жолдама алу үшін Миландағы "Сан-Сиро" стадионында жергілікті "Интермен" кездескен олар айды аспанға шығарып, 2:1 (жалпы есеп 5:2) есебімен жеңіске жетті, деп хабарлайды Aladop.kz.

Жарнама
Жарнама

Бұл жеңістің басты ерекшелігі — екі команданың мүмкіндіктері мен қаржылық жағдайындағы жер мен көктей айырмашылық. "Интер” құрамы 666,8 млн еуроға бағаланса, Норвегиялық клубтың бүкіл құрамы бар-жоғы 57,13 млн еуроны құрайды.

Тіпті, Италиялық ұжымның Лаутаро Мартинес (€85 млн) немесе Николо Барелла (€60 млн) сияқты жекелеген ойыншыларының құны "Будё/Глимттің" бүкіл командасынан қымбат. Алайда, футболды ақша емес, алаңдағы жанкештілік ойнайтынын Норвегиялықтар тағы бір мәрте дәлелдеді.

Бұл жеңіс тек кезекті кезеңге өту емес, бірнеше тарихи рекордтың жаңаруына себеп болды:

"Будё/Глимт” Еуропаның үздік бес лигасының командаларына қарсы қатарынан 4 жеңіске жеткен (Манчестер Сити, Атлетико Мадрид және екі рет Интер) 1971/72 жылғы "Аякс" клубынан кейінгі алғашқы ұжым атанды.

Соңғы 12 ай ішінде Норвегиялықтар Италияның екі бірдей алыбын — "Лацио” мен "Интерді” Еурокубоктардан шығарып жіберді. Бұған дейін бірде-бір Норвегия клубы мұндай нәтиже көрсетпеген.

Бұл 1992 жылдан бері Норвегия командаларының Чемпиондар лигасының плей-офф кезеңіне алғаш рет шығуы.

Ойынның үздік ойыншысы, “АС Миланның” бұрынғы шабуылшысы Йенс Петтер Хауге жеңістен соң:

"Біз үшін бұл сенгісіз нәтиже. Өткен маусымда финалда ойнаған "Интердей" мықты ұжымға қарсы тұру қиын екенін білдік. Бірақ біз өз жобамызға сенеміз және соны іс жүзінде дәлелдеп жатырмыз.” — деп ағынан жарылды.

Халық саны 50 мыңға да жетпейтін шағын қаладан  клубты қолдау үшін Миланға 3 000-нан астам жанкүйер келгені — бұл команданың қала үшін қаншалықты маңызды екенін көрсетсе керек.

Келесі кезеңде Арктика арыстандарын "Манчестер Сити” немесе "Спортинг" күтіп тұр. Осы қарқынымен "Будё/Глимт" бұл доданың басты сенсациясы болып қала бермек.

Жарнама
Жарнама

Новости партнеров