Жарнама
Жарнама

Бұл бапкер «көзірлі» бола ала ма?

07.04.2012, 01:46
Жарнама
Жарнама

Жексенбі күні «Тараз» жанкүйерлері «Жастар» стадионына қарай ағылды. Себебі сол күні биылғы біріншілікте еш қарсылас шыдатпай жүрген жамбылдық футбол клубы соңғы жылдары турнир кестесінің жоғарғы сатысында жүрген, Еуропа ареналарында атой салып, мол тәжірибе жинақтаған «Ақтөбе» командасын қабылдады.

Гол осылай соғылды

Жалпы, бұл қос клуб футбол тарихында 30 мәрте жасыл алаңда жолыққан болатын. Басым көпшілігі батыстық ұжымның жеңісімен аяқталған, яғни 18 ойында үстемдік танытса, жеті кездесуде жерлестіріміз жеңіс тойын тойлаған. Бес матчта тең тарқасқан. Екі клуб арасындағы ең ірі есеп 1997 жылы тіркелген. 9:1 есебімен тізе бүктірген тараздықтар ол уақытта нағыз бабында болатын. Жаңа мыңжылдық басталғалы бері «Ақтөбенің» асығы алшысынан түсіп жүр. Таразда өткен тоғыз кездесудің жетеуінде жерлестерімізді жерге қаратқан батыстықтар екі мыңыншы жылдан бері біздің командадан жеңіліс тауып көрген емес. Сонымен, алаңдағы ойын барысын қысқа қайыра кетейік. Төреші ысқыры естілісімен бірін бірі аңдып баққан аяқдоп шеберлері алғашқы таймда есеп ашатын тамаша мүмкіндіктерге ие болғанымен, нысана көздеуде мүлт кетіп жатты. Бірінші болып қауіпті сәт тудырған алаң қонақтарының шабуылшысы Зоран Костич тепкен доп қақпашының қолынан табылды. Одан кейін «Тараз» сапындағы легионер Мирослав Лечич те ара тұра қарсыластардың қақпасына соққы бағыттап, Сидельниковтың сабырын қашырды. Лечичтің белсенділігін байқаған ақтөбеліктер ақыры оған қарсы ойын ережесін бұзып, төрешіден «сары қағазды» «сұранып» алды. Екінші кезеңнің басында Мұқановтың шәкірттерін алаңның жартысынан шығармай ұстаған біздің ойыншылар таблодағы нөлдерді өзгертуге тырысып бақты. Ортадан ойқастаған Бауыржан Исламхан мен сол қапталдан қыспаққа алған Небойша Пртеняктар тамаша комбинациялар ұйымдастырған болатын. Тек қорғаушылар дер кезінде тосқауыл қоя біліп, Сидельниковтың қақпасын  «сухой» ұстап тұруға тырысты. Дегенмен ұпайдан шашау шығармай, жеңісті жолды жалғастыруды көздейтін біздің «көзірлі» бапкер Любконың шәкірттері тынымсыз өткір шабуылдар жасап, дегендеріне жетіп тынды. Ойынның 85-минутында Исламханнан пас алған Лечич «Ақтөбе» сапындағы 150-ші кездесуін өткізген Самат Смақов пен Юрий Логвиненконың ортасынан допты сырғытып, қақпаның «алтылығына» дәл бағыттады. Қақпа торын тулатқан доп ойында соғылған жалғыз ғана гол болды. Кездесу тағдырын шешкен бұл гол Лечичтің «Тараз» сапындағы екінші добы. Бұған дейін сербтің «Сұңқар» қақпасынан саңылау тапқаны белгілі.

Ал турнир кестесінде теке тіресіп келе жатқан керекулік «Ертіс» бұл турда күтпеген нәтиже көрсетті. Өз алаңында «Атыраумен» тең тарқасқан олар «Тараздан» екі ұпай қалып келеді. Бірінші орынды иеленіп тұрған жерлестеріміз сәуірдің сегізі күні бесінші турдың аясында «Жетісумен» кездесу үшін Талдықорғанға тартады.

 

Ойын соңындағы баспасөз мәслихатында «Ақтөбенің» бас бапкері Владимир Мұқанов: «Ойынның басында бізге ауыр болғаны рас. Себебі, мынадай алаңда доп тебу оңай емес. Дегенмен, менің жігіттерім көбірек қауіпті сәттер ұйымдастырды. «Таразға» сәттілік жолдас болды», – десе,

«Тараздың» бас бапкерінің көмекшісі, команда жаттықтырушысы Милорад Митрович: «Иә, қонақтар жақсы ойын өрнегін көрсетті. Бізге сәттіліктің жолдас болғаны да рас. Бірақ, футболда қай команда сол сәттіліктерді пайдасына жарата білсе, ол ұжым жеңімпаз болмақ. Бұл ойында біздің қақпашы Андрей Цветковтың еңбегі орасан. Лечич матч барысында бірнеше мәрте гол соғуға ұмтылған еді. Ақыры қақпадан саңылау тапты», – деді.

IV-турдың есеп-қисабы:

 

Бұл турда 16 гол соғылды.

19 ойыншы «сары қағазға» ие болды.

Алаңнан 1 ойыншы қуылды.

Стадионнан жиылған көрермендер – 28500.

Демек, әр ойынға 4000 көрермен келген.

Хет-трик – 1.

Пенальти – 1.

Өзге кездесулер төмендегідей:

«Ертіс» — «Атырау» 0:0 «Шахтер» — «Жетісу» 5:1

«Тараз» — «Ақтөбе» 1:0

«Қайрат» — «Астана» 0:2 «Тобыл» — «Оқжетпес» 3:1 «Ақжайық» — «Сұңкар» 1:1 «Ордабасы» — «Қайсар» 1:0

Мергендер көші:

Бауыржан Жолшиев («Тобыл») – 4 гол

Игорь Зенкович («Ақжайық») – 4 гол

Эдин Юнузович («Жетісу») – 3 гол

Каньяс Рохер («Шахтер») – 3 гол

Иван Перич («Тараз») – 2 гол

Мирослав Лечич («Тараз») – 2 гол

Н.Туғанбай,

Тараз

Жарнама
Жарнама

Новости партнеров