Қазақстан футболының ең ықпалды әрі танымал функционерлерінің бірі Саян Хамитжанов отандық футбол нарығын дүр сілкіндірген мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Aladop.kz.
amanvibekz-ке берген сұхбатында ол елордалық “Астана” клубының бүгінгі тағдыры, ішкі құпиялары мен алдағы жоспарлары туралы ағынан жарылды. Маман клубты сақтап қалу үшін тіпті жалақыдан бас тартып, өз қаржысын құйып жатқанын жариялады.
Хамитжановтың айтуынша, қазіргі уақытта оның иығына түскен ең үлкен жауапкершілік — елордалық грандтың құлдырауына жол бермеу. Ол клубтың тек қағаз жүзінде өмір сүруіне қарсы екенін мәлімдеді.
“Қазіргі таңда менің ең басты міндетім — клубты сақтап қалу. Оны жай ғана есеп үшін, құр аты тұру үшін емес, "Астананың” ішкі біріншілікте де, Еурокубок ареналарында да өзінің даңқты әрі жеңісті тарихын жалғастыруы үшін сақтағым келеді." — деді Саян Хамитжанов.
Функционер “Астананың” қатардағы ұжым емес, кезінде елімізден тұңғыш рет Чемпиондар Лигасының топтық кезеңіне шығып, Еуропа Лигасының 1/16 финалына дейін жеткен қазақ футболының ең бас, маңдайалды жобасы екенін ерекше мақтанышпен атап өтті.
Сұхбат барысында футбол жұртшылығын шок қылған ең басты жаңалық — Хамитжановтың клубқа ешқандай материалдық мүддесіз көмектесіп жатқаны болды. Ол “Астана” үшін жалақы алмайтынын, керісінше, қиын сәтте команданы сүйреу үшін өз жинағын жұмсайтынын жеткізді.
Саян Хамитжанов футболға немқұрайлы қарайтын басшыларға ишара жасап, “Астана” секілді алыптың тағдырымен ойнауға болмайтынын қатал түрде ескертті.
“Бұл бір ғана маусым ойнап, тастай салатын ойыншық емес. Бұл — қалың жанкүйердің, клубтың және бүкіл елдің алдындағы орасан зор жауапкершілік.” — деп түйіндеді ол.
Біздің серіктес: FONBET