Жарнама
Жарнама

Бұл кері кету болмай ма?

29.03.2011, 23:42
Жарнама
Жарнама

Футболдан Қазақстан ұлттық құрамасы 2012 жылы өтетін Еуропа чемпионатының іріктеу турнирінде тағы да жеңіліс тапты. Бұл жолы біздің құрама әлемнің үш дүркін чемпионы, әйгілі «неміс мәшинесі» деген аты бар Германия командасына есе жіберді. Есеп – 4:0. Осы жеңіліс үшін ұлттық құ­раманың жаңа бапкері Мирослав Беранекті кінәлау әлі ерте деп ойлаймыз. Өйткені, бұл – оның басшылығындағы Қазақстан командасының өткізген екінші кездесуі. Бұл кездесуде төрт доптың үшеуі бірінші таймда, біреуі ойынның екінші жартысында соғылды. Онда Мирослав Клозе 3 және 88 минөтте, Томас Мюллер екі рет – 25 және 43 минөтте допты Давид Лория қақпасында тулатты. Осы ойында Клозе 3 минөтте өзінің 10 жылдық спорттық карьерасындағы 60-шы голын соқса, Мюллер іріктеу турнирінде өзінің жетінші добын соқты. Матчта немістер Д. Лория қақпасына 14 рет соққы жасаса, біздің құрама Мануэль Нойер қақпасын 3 рет көздеді. Соның ішінде бірінші соққыны матчтың 30 минөтінде Хижниченко жасады. Ойында немістер 7 рет бұрыштан доп берсе, біздің ойыншылар 1 рет бұрыштама берді. Сонымен бірге, Германия 6 рет, Қазақстан 10 рет тәртіп бұзды. Оған Фархатбек Ырысметовтің сары қағаз алғанын қосыңыз. Осы сары қағаздың кесірінен белгіленген айып допты Мюллердің қақпаға дәл көздегені белгілі. Жалпы, матчта немістердің біздің құраманы бұдан да ірі есеппен жеңуге мүмкіндіктері көп еді. Құраманың қорғаныстағы сауатсыздығы, жартылай қорғаушылардың дәрменсіздігі, шабуылшылардың кері пас беріп ойнауы – осының бәрі алаң иелеріне төрт гол соғуға «жағдай жасады». Дегенмен, осын­шама гол жіберіп алса да құраманың қақпашысына кінә таға алмаймыз. Ол матчта қолдан келгенше жақсы өнер көрсетті. Сондай-ақ, ойынның екінші жартысында Азат Нұрғалиевті алмастырған Жамбыл Көкеевтің аз да болса батылдық танытып ойнағанын айтуға болады. Қазір ұлттық құраманың осы жеңілісінен кейін команданың болашағына қатысты көп пікірлер айтылуда. Соның бірін кеше Парламент Мәжілісінде өткен Үкімет сағатында депутаттар алдында сөйлеген сөзінде Туризм және спорт министрі Темірхан Досмұхамбетов білдіріпті. Біз министр мырзаның ол жерде айтқан сөзін естіген жоқпыз. Дегенмен, әріптестерімізден естіп-білгенімізді айтатын болсақ, мінберде тұрып министр болашақта футболдан Қазақстан құрамасын қайтадан Азия құрлығына ауыстырсақ деген ұсынысын ортаға шығарыпты. Өйткені, оның айтуынша, қазір елімізде футбол сияқты № 1 спорт түріне барынша көңіл бөлініп, жағдай жасалып келеді. Ұлттық құраманың деңгейін де жақсартуға аз қаржы бөлініп отырған жоқ. Бірақ, бөлінген қаржы тиісті нәтижесін бермеуде. Осыған бай­­­ланысты министр Қазақстан ұлттық құрамасының Еуропадан гөрі, Азия құрлығында өнер көрсетуін қалайтынын, бұл әңгіме төңірегінде ол Ұлттық футбол федерацияның президенті Әділбек Жақсыбековпен пікір алмасқанын айтыпты. Иә, Қазақстан футболының деңгейі төмен. Кезінде шеберлігіміз артады деп Еуропаны қаладық. Егер қайта Азияға ауысатын болсақ, бұл кері кету болып шығады. Одан да футболды өркендетудің жолын іздеген жөн болар. Қасқырдан қорыққан адам орманға бармас! Дастан КЕНЖАЛИН.

Жарнама
Жарнама

Новости партнеров