Қазақстан футбол федерациясының ішінде Техникалық дирекциясы бар.
Басқаша айтқанда, үй ішіндегі үй. Департамент десеңіздер де жарасады. Міне сонда Талғат Шауткенов дейтін маман жұмыс істеді. Дұрысын айтсақ – істеген. Аты дардай мекеменің, жауапты мекеменің отымен кіріп, күлімен шығатын нағыз еңбекқор қызметкердің өзі. Осы жердің бүкіл іс-қағазы, жауапты шаруалары, қыл-аяғы есепшінің де жұмысын бір өзі мүліксіз атқарғанын бір мен емес барлығы біледі. Өтірікшінің куәсі қасында, осы сөзім жалған болса, түзетіп жіберулеріңізге болады!
Футболшы, бапкерлер, төрешілердің іс-сапары, соның айналасындағы қағазбастылық. Мұның барлығын уақытпен санаспай жүріп бір өзі-ақ тап-тұйнақтай етіп атқарған қызметкердің жағдайы қазір қалай деп ойлайсыздар? Жоқ, өкінішке қарай, еңбегін елеп, арқасынан қаққан ешкім табылмапты. Керісінше мансабын өсіріп, ынталандырудың орнына үстінен бастық тағайындаған. Ал мұның барлығының артында әлгі дирекцияның басшысы Геннадий Скуртул дейтін азамат тұр. Оның кім екенін, қайдан және қалай келгенін осының алдында ғана тәптіштеп тұрып жазғам. Иә, ҚФФ президенті Марат Омаровқа жолдаған үндеуімді айтып отырмын.
Сол Скуртул мырза, дұрысын айтқанда, кәдімгі молдовалық бастығымыз. Қателескен жоқсыздар, қайталап оқудың қажеті жоқ, бүгінде бізді, қазақтың футболын молдовалықтар басқарып отыр. Бастық болған соң, кімді алады, кімді қояды, қызметкерлерін қалай ынталандырады-жазалайды оны тек қана өзі шешетіні бесенеден белгілі. Қолына біраз құзірет алып алған сол молдовалық бастығымыз өз ісінің нағыз шебері болған Талғат Шауткеновтың еңбегін ескерген жоқ. Мүмкін ескергісі келмеген де. Қысқасы, маңдай тер, табан еті сіңген жұмысшының үстінен топ еткізіп Станислав Погорелов дейтін маманды бастық етіпті. Бұл жерде ұлтараздық жанжал дейсіздер ме, жоқ басқа дейсіздер ме, бірақ шығатын түйін жалғыз. Осы жердің, елдің, мемлекеттің қожайыны, ал ең бастысы өз ісіне тастай қазақ азаматын менсінбеушілік байқалады. Шешінген судан тайынбас, бұл жердегі «схеманың» да қайда барып тірелетінін жақсы білеміз. Руслан Балтиев? Иә, дәл солай. Бұл енді не масқара?!
Біздің серіктес: FONBET