Жарнама
Жарнама

Бундеслига. 26-турдан не байқадық

18.05.2020, 22:30
Футболды әбден сағынып қалыппыз.
Жарнама
Жарнама

Неміс бундеслигасының қайта жалғасқан турындағы орталық кездесу Дортмунда өтті. Әдетте 80 мың адамның айқайынан араның ұясындай гуілдеп тұратын футбол кешенінде «Боруссия» Гелзенкирхеннің «Шалькесін» қабылады. Бос стадиондағы матчқа футболшылар бойлары үйренген футболшылар бірден іске кірісті. Әсіресе, алаң иелері шиі шабуылға шықты. «Боруссия» сапынан норвегиялық шабуылшы Эрлинг Холланд белсенділік танытты. Қақпаны жиі нысанаға алған футболшы үзілістен кейін қайта жанданған біріншіліктегі алғашқы голды соқты. Торган Азардың оң қапталған асырған добын Холланд қақпаға бұра салды. Қонақтар үзілісте бабын жоғалтып алған секілді. Гельзенкирхен командасы қарымта қайтарудың жолын іздеді. Алайда алаң иелерінің қарқына төтеп бере алмады. Дортмунд футболшылары жылдамдықты арттырып, есепті еселей түсті. Тайм ортасынан ауғанда Рафаэль Геррейро қақпашы Маркус Шуберді қапы қалдырды. Үзілістен кейін «Боруссия» алаңдағы басымдығын нәтижеле ұластырды. Бұл жолы Торган Азар мергендік танытты. «Шалькенің» шамасын білген Люсьен Фавр шәкірттері шабуылдарын тоқтатпады. Қонақтар да қарымта қайтаруға тырысып көрді. Бірақ қақпашы Роман Бюрке қырағылық байқатты. 63-ші минутта Рафаэль Геррейро әдемі гол соғып, кездесуге нүкте қойды. Қорытынды есеп: 4:0. Дортмунд командасы чемпионатты жақсы көңіл күймен бастады. «Боруссия» футболшылары карантин жағдайына байланысты стадионға келе алмаған жанкүйерлеріне алғыс айтты. Матчтың үздік ойыншы болып Эрлинг Холланд танылды. Норвегиялық футболшы бір голды еншісіне жазып, командаластарына екі мәрте нәтижелі пас шығарды.

Люсьен ФАВР -  «Борусссия Д» ФК бас бапкері

Қақпаға қауіпті соққы жасаймыз, тамаша пастар шығарамыз, тіпті гол да соғамыз – бірақ тым-тырыс. Біртүрлі екен. Біз өз фанаттарымызды сағындық. Бұл ойын бұрынғыдан өзгеше. Жақсы ойнадық деп айту қиын. Жоспарымыздан жаңылып қалғандай едік. Бірақ ойыншылар өздеріне артылған тапсырманы мұқият орындап шықты.

Эрлинг ХОЛЛАНД - «Боруссия Д» ФК шабуылшысы

Жанкүйерсіз ойнау біртүрлі екен. Ыңғайсызданып қалдым. Соған қарамастан мыңдаған фанаттардың бізді сыртымыздан қолдап отырғанын білдік. Жеңіске жетеміз деген сеніммен матчқа ширығып шықтық.

26-шы турда «Аугусбург» «Вольфсбургты» қабылдады. Қонақтар биыл Еуропа лигасына шығуды көздейді. Ал алаң иелерінің жағдайы мәз емес. Олар төменгі лигаға түсіп қалмауды көбірек ойлайды. Матч тартысқа толы өтті. алма-кезек қауіпті шабуылдар жиі ұйымдастырылды. Алайда командалар көпке дейін қақпа кілтін таба алмады. Алғашқы таймның аяқталуына екі минут қалғанда «Вольфсбург» жартылай қорғаушысы Ренато Штеффен есеп ашты. «Аугусбург» үзілістен кейін таразы басын теңестірді. Тим Едвай дер кезінде шабуылға араласып, допты қақпаға бұра салды. Гол соққан алаң иелері арқалана түсті. Тіпті Феликс Удуохай гол соққан еді. Бірақ төреші Феликс Брых ВАР жүйесіне жүгініп, голды есепке алған жоқ. «Вольфсбург» алаң иелерінің қарқынын қайтарып, соңғы минуттар сырғып жатқанда жеңісті жұлып алды. Даниэль Гинчек қонақтарға маңызды үш ұпайды сыйлады.

«Айнтрахт» өз алаңында бас жүлдеден дәмелі команданың бірі – Менхенгладбахтың «Боруссиясын» қабылдады. Қонақтар бірден іске кірісті. Алассан Плеа Йонас Хоффманның пасын кәдеге жаратып, есеп ашты. Араға алты минут салып, Маркус Тюрам «Айнтрахт» қақпасына екінші допты соқты. Сосын біразға дейін алаңда тыныштық орнады. Алғашқы тайм 0:2 есебімен аяқталды. Үзілістен кейін де жағдай өзгере қойған жоқ. «Айнтрахт» қорғаушылары жиі қателесіп, нәтижесінде «Боруссия» футболшылары үшінші доптарын соқты. Брила Эмболоға қарсы ойын ережесі бұзылды. Рами Бенсебени мүмкіндікті мүлт жібермеді. Алаң иелері кездесудің бітуіне тоғыз минут қалғанда жалғыз доппен жауап қатты. Португалиялық шабуылшы Андре Сильва Менхенглдабах командасының қақпасынан саңлау тапты. Матч соңына қарай «Боруссия» ойыншысы Йонас Хоффман төртінші голды соғуы тиіс еді. Алайда «Айнтрахт» қорғаушысы Мартин Хинтереггер допты қақпа сызығына сыртқа шығарып үлгерді. «Боруссия» осы жеңістен кейін турнир кестесінде үшінші орынға көтерілді.

Топ басындағы «Бавария» Берлиннің «Унион» командасына қонаққа барды. Мюнхен футболшылары алғашқы минуттардан басымдықты қолға алып, алаң иелерін әбігерге салды. Бірақ біразға дейін «Унион» қақпасынан саңлау таба алмады. 39-шы минутта Невен Суботич байқаусызда «Бавариялық» Леон Горецканы шалып жықты. Он бір метрліктен Роберт Левандовски мүлт кетпеді. Польяк шабуылшысы 24 ойында 25-ші голын еншісіне жазды. Левандовски секілді матч сайын мергендік танытып жүрген тек Эрлинг Холланд қана. «Боруссия» шабуылшысы 9 кездесуде 10 рет қарсыластар қақпасын дәл көздеген. Екінші таймда «Бавария» басымдығын дәлелдей түсті. Мюнхен жігіттері алаңның әр бұрышында допқа иелік етіп, «Унионды» тықсырып бақты. 60-шы минутта «Баварияның» допқа иелік етуі 71 процентке жетті. Бірақ гол соғудың ретін таппады. 80-ші минутта бундеслига чемпиондары матчқа нүкте қойды. Бенжамин Павар бұрыштан асырылған допты қақпаға бұрып, үшінші голдың авторы атанды.

Еуропадағы үздік чемпионаттардың жасыл алаңға оралатын күні жақын. Бундеслигадан кейін өзге біріншіліктер де қайта жалғасады. Қазір футболшылар соққан голдарын қалай тойлайтынын білмейді. Кейбіреуі командаластарымен шынтақ соғыстыру арқылы қуанса, біреулері аяқ қағыстырады. Бірақ мұндай сақтану шаралары қауіпсіз деп айту қиын. Футбол қоян-қолтық спорт түрі. Сондықтан вирус жұқтырудың алдын алу мүмкін емес. Ереже бойынша футболшылар бетперте тағып отырады. Бірақ киім ауыстыру бөлмесінде жақын отырып, сөйлеседі. Сондықтан маска тағу мәселесі де қауіпсіздікті сақтауға көмек бола алмайды. Берлин «Гертасының» жаттықтырушысы Бруно Лаббадиа жаңа қауіпсіздік ережелеріне қатысты шешімге екіұдай пікір білдірді. Оның айтуынша, футболшылар мен команданың барлық мүшесі текстілеуден өтеді. Сондықтан гол соққанда қуанып, құшақтаспаса ойынның мән-маңызы жоғалады. Қазір матчтан кейінші сұхбат та қашықтан алынады. Ең бастысы футбол оралды. Бұл қуаныш ұзаққа созыла ма? Қазір вирус толық жойылды деп айтуға әлі ерте.

Қанат Базылхан

Жарнама
Жарнама

Новости партнеров