Қазақстан чемпионатында «Астана», «Тобыл», «Шахтер» және «Ертіс» клубтарында өнер көрсеткен Француз футболшысы Жереми Манзорро Қазақстандағы клубтық футболдың ішкі жүйесіне қатысты мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Aladop.kz.
Ол L’Équipe басылымына берген сұхбатында кейбір клубтарда легионерлердің жалақысына байланысты қаржылық схемалар болғанын айтты.
Манзорроның айтуынша, кей жағдайда футболшының келісімшартында көрсетілетін жалақы нақты сұралған сомадан жоғары белгіленген. Оның түсіндіруінше, пайда болған айырмашылық агенттер мен клубтың жекелеген өкілдері арасында бөлінуі мүмкін болған.
«Мысалы, сен айына 15 мың еуро сұрап, келісімшартқа отырғанда, клуб саған 20 мың еуро ұсынады. Қосымша 5 мың еуро агентке, спорт директорына берілуі керек. Оны бәрі бөліседі.» – деді Манзорро.
Француз футболшысы мұндай жағдайлардың легионерлерге қойылған шектеумен де байланысты болуы мүмкін екенін атап өтті. Оның сөзінше, сол кезеңде клубтарға жеті шетелдік футболшы ұстауға рұқсат берілген, ал бұл кейбір адамдарға футболшыларды трансферлеу мен келісімшарттар арқылы қосымша табыс табуға мүмкіндік берген.
Манзорро мұндай жүйеге қатысқысы келмегенін және бұл оның «Астанадан» кету себептерінің бірі болғанын мәлімдеді. Футболшының айтуынша, клуб өкілдері одан қосымша қаржылық пайда көрмеген соң, оған деген қызығушылығы төмендеген.
«Олар енді мені қызықтырмайтын болды, себебі мен оларға қосымша табыс әкелмедім. Сондықтан кетіп қалдым.» – деді ол.
Жереми Манзорро Қазақстанға 2019 жылы келіп, алдымен Павлодардың «Ертісінде» ойнады. Кейін «Шахтер», «Тобыл» және «Астана» сапында өнер көрсетті. Ол Қазақстан Премьер-лигасында жалпы 83 матч өткізіп, 13 гол мен 15 нәтижелі пас тіркеген.
Манзорро «Тобыл» құрамында 2021 жылы, ал «Астана» сапында 2022 жылы Қазақстан чемпионы атанды. Ол елордалық клубтан 2023 жылдың қаңтарында кеткен.
Футболшының қазіргі мәлімдемелері оның Қазақстанда ойнаған кезеңіндегі жеке тәжірибесіне қатысты айтылған. Оның сөздері жекелеген клубтардағы жағдай туралы болжам ретінде берілген және Қазақстан чемпионатындағы барлық клубқа қатысты жалпы тұжырым болып саналмайды.
Біздің серіктес: FONBET